Accessibility links

Қазақстандағы дәрігер жалақысы болашақ мамандардың көңілінен шықпайды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан президентінің биылғы жолдауына сәйкес, шілде айынан бастап елде дәрігерлердің жалақысы 32 пайызға көтеріледі. Бірақ, соған қарамастан, дәрігер мамандығын игерген жастар өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге құлықты емес.

Астана мемлекеттік медициналық академиясына Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Астана қаласы бойынша 800-ге жуық дәрігер мамандар қажеттігі туралы тапсырыс берілген. Ал медициналық академияның ректоры Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, биылғы түлектердің саны оның жартысына да жетпейді екен.

- Бүгінгі таңда барлығы 754 орын бос екен. Ал биыл біздің түлектеріміздің саны 312 адам ғана. Сонда бір түлекке екі орыннан келіп отыр, - дейді ректор.

Көкшетау қаласындағы жедел-көмек станциясының бас дәрігері өз мекемесінде әртүрлі саладағы дәрігерлердің жетіспейтінін айтады. Ол Астанадағы оқу орнына алдын-ала тапсырыс беру үшін арнайы келіп отыр екен.

- Бізге емдеу дәрігері жетіспейді. Педиаторлар, психиаторлар керек. Олар орта есеппен 22 мың теңге алатын болады. Енді, пәтер жағы қиындау болады. Бірақ, оларға жатақхана беріледі, - дейді Көкшетау қалалық жедел-көмек станциясының бас дәрігері.

Азаттық радиосы сөзге тартқан Астанадағы медициналық академияның соңғы курс студенттерінің дені қолдарына диплом алған соң, Астанада қалып жұмыс істегілері келетінін айтады:

- Акушер-гинеколог мамандығын алам. Оқуды бітірген соң Астанада қалып жұмыс істегім келеді. Бірақ, Астанада жас мамандарға жағдай қаралмаған. Сондықтан, жастардың көбі өз армандарына жете алмай кетіп жатады.

- Менің де Астанада қалғым келеді. Бірақ, дәрігердің айлық жалақысының қазіргі мөлшері мені қанағаттандырмайды. Жас мамандардың біліктілігі төмен дегендермен келісем. Өйткені, кейбір пәндер бойынша сабақты терең жүргізбейді.

Болашақ дәрігерлердің алдағы уақытта өздері істейтін жұмыс үшін төленетін жалақы мөлшеріне көңілі толмайтынына байланысты медициналық академияның ректоры Жақсылық Досқалиев ақшаны үнемдей білу керек дейді:

- Осыған дейін дәрігерлер 10 мың теңге алып келсе, енді 13200 теңге алады. Ақшаны үнемдеп жұмсаса бәріне де жеткізуге болады, - дейді академия ректоры.

Ал Астана қаласындағы №1 емхананың невропотолог дәрігері Амангелді Иманов өзінің 13 мың теңге жалақы алатынын айтады. ($1=131 теңге) Өз айтуынша бұл ақша оған өмір сүруге жетпейді. Сондықтан ол қосымша ақша табу үшін, жеке ем жүргізетін ақылы бөлме ашқан екен:

- Үкіметке сенуге болмайды. Мысалы, менің 15 жыл еңбек стажым бар. Бірінші дәрежедегі дәрігермін. Егер үкімет айлықты 100 пайызға көтереміз десе, мен бар болғаны 25 мың теңге алады екенмін, - дейді дәрігер Амангелді.

Қазақстан парламенті сенатының депуаты Уалихан Қайсардың пікірінше, қазақстандық дәрігерлердің жалақысы шетелдік дәрігерлердің жалақысындай болуы керек:

- Астананы айтпай-ақ, басқа облыстардағы қалаларды алайық, ол 25 мың теңгеге ешбір отбасы өмір сүре алмайды. Мысалы, шетелдік дәрігерлер кәсіпкерлер мен адвокаттардан кейінгі ең жоғары жалақы алатын топқа жатады. Бізде де солай болуы керек, - дейді сенатор Уалихан Қайсар.
XS
SM
MD
LG