Accessibility links

Өзбек-қазақ шекарасында жараланған тағы бір азамат туралы дерек айтылды


Наурыз айының 6-ы күні қазақ-өзбек шекарасында өзбек шекарашылары Қазақстан азаматын атып, ауыр жарақаттағанын тек арада бір ай өткенде Қазақстан парламентінде көтерген мәжіліс депутаты Нұрлан Жылқышиев бұл оқиға жайында республиканың бас прокуроры мен сыртқы істер министріне депутаттық сауал жолдады.

Депутат Нұрлан Жылқышиевтің айтуынша, Өзбекстандағы туыстарына бармақ болған Қазақстан азаматына Өзбекстан шекарашылары тарапынан еш ескертусіз оқ атылып, әлгі азамат иығынан ауыр жарақат алған. Мәжіліс депутаты Нұрлан Жылқышиев Қазақстан-Өзбекстан шекарасында мұндай оқиға жиіленіп бара жатқанын айтады.

Депутат Қазақстанның бас прокуроры Рашид Түсіпбеков пен сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевқа депутаттық сауал жолдап, бұл оқиғаны жылы жауып қоймауды талап етіп отыр.

- Қазақстан Республикасының азаматы Рай Жарқынбек Сәдірұлы үстіміздегі жылдың наурыз айының 6-ы күні Жібек жолы шекаралық бекеті аумағындағы мемлекеттік шекараның қосынан өтіп, Өзбекстандағы туыстарына бармақ болады. Әрі қарай такси жалдамақ оймен ол Өзбекстан жағындағы жеке үйдің ауласына кіреді. Өзімен бірге төлқұжаты емес тек жеке куәлігі ғана бар болғандықтан Рай Жарқынбек кері қайтпақ болады. Сол кезде Өзбекстандық екі шекарашы еш ескертусіз оған оқ жаудырады. Осының салдарынан Қазақстан азаматы Рай Жарқынбек сол жақ иығының тұсынан ауыр жарақат алып, оның сол жақ иығы сынған, - дейді депутат Нұрлан Жылқышиев.

Депутаттың айтуынша бұл жерде терроризмге қатысты қылмыс болған жоқ, әкімшілік құқық бұзушылық орын алған.

- Қазақстан-Өзбекстан қатынасында, жұмсартып айтқанда, проблема туындап отыр. Біздің азаматтарымызға Өзбекстан жағынан оқ ату мерзімді түрде жүріп отыр. Сөйте тұра біз жұмған ауызымызды ашпай отырмыз, - деді Қазақстанның бас прокуроры Рашид Түсіпбековтың атына жолдаған сауалында Мәжіліс депутаты.

Депутат Жылқышиев Қазақстанның бас прокуроры Түсіпбековтен Қазақстан азаматы Рай Жарқынбектің денсаулығына зиян келтірген кінәлі адамдарды жауапкершілікке шақыруға қолдау жасауын сұрады. Сондай-ақ, бұл сауалдың бір данасы Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың атына жолданды.

- Мен Қазақстан мен Өзбекстанның халықаралық қатынасының өршігуіне шақырып отырған жоқпын. Қазақстан азаматтарының өмірі мен денсаулығына қауіп төнген, тіпті, бір деректің өзі сіздің назарыңыздан тыс қалмауы үшін не істеуім керек? – деп сұрайды депутат Жылқышиев сыртқы істер министрі Тоқаевқа жолдаған сауалында.

Осы жайтқа байланысты Азаттық радиосы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне хабарласқанында, шекара қызметінің баспасөз қызметкері Нұрлан Сағымбаев наурыздың 6-сы күні қазақ-өзбек шекарасында әлгіндей оқиғаның болған-болмағанынан бейхабар екендерін айтты.

Ал Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметінің басшысы Сәулебек Жәмкенұлы депутат Жылқышиевтің сауалы әлі келіп түспегенін, алайда, прокуратура оны алысымен тыңғылықты тексерілетінін айтты.

- Кейбір депутаттар телеарнадан мәлімдейді де, бірақ сауалдарын бізге кеш жіберіп жатады. Ол депутаттың сауалы әлі келген жоқ. Заң бойынша прокуратура бір айдың ішінде депутаттық сауалға жауап береді. Ол, әрине, көрші елге байланысты мәселе болғандықтан тиянақты тексерілетін болады. Сонымен қатар, біздің азаматымыз зардап шегіп отыр.

Үстіміздегі жылғы наурыз айының 6-ы күні Өзбекстан шекарашылары атқан оқтан зардап шеккен Рай Жарқынбек Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Қапыланбек ауылының Ташқұлақ бөлімшесінің тұрғыны.

Мәжіліс депутаты Нұрлан Жылқышиевтің айтуынша, Рай Жарқынбек наурыз айының 6-ынан 11-іне дейін Өзбекстан ауруханасында болған. Қазір ол өз ауылына оралыпты. Өзбек шекарашыларының атқан оғынан Рай Жарқынбек енді мүгедек болып қалуы мүмкін дейді парламент депутаты.
XS
SM
MD
LG