Accessibility links

Қазақстанда ана мен бала денсаулығы нашарлап барады


Қазақстандық дәрігерлер елде бала туу саны өскенімен, жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі сәбилердің арасындағы түрлі аурулардың үлесі де артып отырғанын айтады. Дәрігерлер, әсіресе жас аналардың арасында жұқпалы аурулардың көбейіп кеткеніне алаңдап отыр.

Қазақстандық дәрігерлер елде жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балалар арасында түрлі аурулар саны өсіп бара жатқанына алаңдап отыр. Ресми мәліметке қарағанда, жүктіліктің алғашқы кезеңінде, әйелдердің 64 пайызы ғана дәрігерлік есепке тұратын көрінеді. Ал жүкті әйелдер арасында қан аздықтан бастап жыныстық жұқпалы ауруларға дейін дерт түрлері кездеседі дейді Алматыдағы №12-ші қалалық көп салалы клиникасының емдеу ісі жөніндегі меңгерушісі Раушан Тұрсанқызы:

- Жүкті әйелдер арасында қан аздық, бүйрек аурулары, йод жетіспеушілік секілді дерттер жиі кездеседі. Қазір бізде 671 жүкті әйел тіркеуде тұр, соның 55-і йод жетіспеушіліктен, 28-і қан аздықтан, ал 58-і бүйрегінен ауырады.

Дәрігерлер жүкті әйелдер арасында кездесіп отырған қан аздық, бүйрек және жүйке аурулары әлеуметтік жағдайға байланысты туындауы мүмкін деген пікірде. Ана мен баланың денсаулығын сақтау ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нағима Мүсірәліқызының айтуынша, қоршаған ортаның экологиялық жағдайы да жүкті әйелдердің түрлі ауруға шалдығуына әкеп соғады.

- Қызылорданың Арал ауданында зерттеу жұмыстарын жүргізгенімізде, жүкті әйелдердің 97-пайызы анемиямен, яғни қан аздығымен ауыратынын анықтадық.

Алматының №12-ші қалалық көп салалы клиникасының емдеу ісі жөніндегі меңгерушісі Раушан Тұрсанқызы жас аналардың арасындағы түрлі аурудың өсуі кейде сол жас адамдардың зиянды әдетке әуестігіне де байланысты дейді.

- Қазір жастардың көпшілігі дене қимылдарымен көп шұғылданбайды. Жастар арасында кең таралған темекі, алкоголь секілді зиянды әдеттер де жас аналардың денсаулығына кері әсер етеді.

26 жастағы Ақжарқын есімді әйелдің екінші баласын босанғанына 2 ай болған. Қан қысымымен бір ай бойы аурухананың патологиялық бөлімінде жатқан Ақжарқын, қазір денсаулығы нашар жүкті әйелдер жататын патология бөлімінде бос орын жоқ дегенді айтады.

- Патология бөлімінде мен өзім қан қысымымен ертерек жатқызылдым, сонда байқағаным - палаталарда бос орын жоқ, әрқайсысында 4-5 адамнан жатыр. Қан қысымымен, бүйрек ауруларымен жатады көбіне, ал қан аздық дерті - жүкті әйелдердің арасында бірінші орында тұр.

Жүкті әйелдердің денсаулығының күрт нашарлауы сәбилерге де кесірін тигізеді. Ресми мәліметтер бойынша, қазір 1 жасқа дейінгі балалардың арасында түрлі қауіпті инфекциялық аурулармен, қан аздығымен және жүйке жүйесінің бұзылуымен ауыратындардың саны өсіп кеткен. Алматы қаласының денсаулық сақтау департаментінің бас педиатры Жанат Әбілқызы, қазір 1 жасқа дейінгі сәбилердің арасынан ауырмайтыны кемде-кем екенін айтады.

- Бір жасқа дейінгі балалардың ішінде ешқандай ауруға шалдықпағандары небары 10 пайызды ғана құрайды. Мендегі мәлімет бойынша 1 жасқа дейінгі әр 100 баланың тек 12-13-нің ғана дені сау болып табылады.

Дәрігер мамандар бала туу саны өскенімен олардың денсаулығы нашар болса, одан не қайыр дейді. Мамандар алдымен баланы дүниеге әкелетін аналардың жағдайын, денсаулығын түзеу керек деген пікірде. Бұл бағытта Қазақстан үкіметі қадам жасай бастады.

Алматының №12-ші қалалық көп салалы клиникасының емдеу ісі жөніндегі меңгерушісі Раушан Тұрсанқызының айтуынша, қазір Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын реформалауға бағытталған, 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 мен 34 жас аралығындағы әйелдерді тегін профилактикалық тексеру мен емдеуден өткізу басталыпты.

- 20 мен 34 жас аралығындағы әйелдерді тексеріп, оларда бұрын анықталмаған ауруларды емдеп, дерттің алдын-алуымыз қажет. Ертең олар дүниеге сау ұрпақ әкелуі тиіс. Қазір мемлекет тарапынан қан аздық, йод жетіспеушілік секілді ауруларға қарсы дәрілер тегін бөлініп жатыр. Биыл олардың көлемі де ұлғайды. Әйелдер өздері тіркелген тұрғылықты жерінде дәрігерлерге келіп қаралып, тегін ем алуларына болады.

20 мен 34 жас аралығындағы әйелдерді профилактикалық тексеруден өткізу мен емдеу ісі жыл бойы жалғасады. Осы уақыт аралығында кез-келген әйелге өз емханасында тегін ем алуына болады. Дәрігерлер осы шараның арқасында барлық әйелді дертінен жазып жібермесе де, жүкті әйелдер арасындағы аурудың көрсеткіші туралы толыққанды ақпарат жинап алуға мүмкіндік бар дейді.
XS
SM
MD
LG