Accessibility links

Лондон экономика мектебі Қазақстанда оқу бағдарламасын бастады


Әлемдегі үздік оқу орындары қатарына жататын Лондон экономика мектебі Қазақстанда экономика және қаржы мамандықтары бойынша халықаралық бакалавриат бағдарламасын жүзеге асырмақшы.

Алматыдағы Қазақ-Британ Техникалық Университетінде құрылған халықаралық экономика және әлеуметтік ғылымдар мектебі осы бағдарлама бойынша оқуға биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап, 50 студент қабылдағалы отыр.

Қазақ-Британ Техникалық Университетінің халықаралық экономика және әлеуметтік ғылымдар мектебінің директоры Рональд Воогдт бағдарлама туралы былай дейді:

- Бұл - Қазақ-Британ Техникалық Университеті мен Лондон экономика мектебі арасындағы айрықша ынтымақтастық. Төрт жылға созылатын бағдарламаны бітірген студент Лондон экономика мектебі мен Қазақ-Британ Техникалық Университетінің қос дипломын алып шығады. Студенттер алғашқы оқу жылы Лондон экономика мектебінің бакалавриат бағдарламасына түсуге дайындалады.

Бакалавриатқа түсу емтиханының сұрақтары Лондоннан келеді. Студенттер оған Алматыда отырып жауап береді. Оқу ақылы, бірінші жылы студенттер 4700 ағылшын фунт стерлингін төлесе, қалған оқу жылдары үшін 7700 фунт стерлинг төлеуі тиіс.

Лондон экономика мектебінің бітірушілерін дүние жүзіндегі ірі компаниялар мен мемлекеттік мекемелерге жұмысқа шақырып жатады. Сондықтан онда білім алатын қазақстандықтар, қымбат оқу үшін жұмсаған ақысын кейін, жақсы жұмыс істеп, ақтап алады дейді оқу орнының өкілдері.

Мамандардың айтуынша, Лондон экономика мектебі Еуропадағы үздік 5 университеттің, ал әлем бойынша алдыңғы қатарлы 20 университеттің қатарына жатады. Қазақстанның жоғары оқу орындары осындай әлемдегі ең үздік 500 университеттің тізіміне енбеген.

Қазақ-Британ Техникалық Университетінің ректоры Ескендір Бейсембетов Қазақстанның жоғары оқу орындары әзірге әлемдік деңгейге шықпағанымен, сол бағытта алғашқы қадамдар жасап жатыр деген пікірде.

- Қазақстанның жоғарғы оқу орындары дипломының мәртебесі сол оқу орындарының әлемде қандай әріптестері бар екендігімен тікелей байланысты. Шетелдік әріптес оқу орны қазақстандық университеттің қызметін оң бағалаған, оның дипломын жарамды деп қабылдаған жағдайда қазақстандық дипломның әлемдік мәртебесі бар деп айтуға болады. Бұл бағытта Қазақстанның университеттері Орталық Азия елдерінің ішінде біршама ілгері басып келе жатыр. Әлемде беделі бар Лондон экономика мектебінің Қазақстанға келуі осы бағыттағы үлкен жетістік деп санаймын.

Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан бірқатар студенттер қазақстандық университеттердің дипломының салмағы ірі компаниялар үшін аздау екенін, өздеріне беріліп жатқан білім деңгейінің төмендігін айтса, келесі біреулері, шетелде білім алып жатқан қазақстандық жастардың көпшілігі Қазақстанның университеттерін бітірген деп қарсы уәж айтады:

- Менің ойымша, Қазақстандық дипломның шетелде ешқандай дәрежесі жоқ, өйткені Қазақстанда білім беру деңгейі тым төмен. Өз басым, маған беріліп жатқан білім деңгейін 60 пайыз деп есептеймін

- Мен өзім алып жатқан біліміме көңілім толады. Бізге сабақ беріп жатқан ұстаздардың деңгейін жоғары деп бағалаймын, кез-келгенін алсаңыз да өте сауатты деп есептеймін.

- Жұрт шетелдіктер дамып кетті деп айтып жатады. Ал сол шетелдерге барып көрсеңіз, сондағы үлкен қызметтерде қазақ жастарының отырғанын көрер едіңіз. Олардың көпшілігі кезінде Қазақстанның оқу орындарын бітірген. Шетелдіктер Қазақстанның оқу орнында 4-ші курста жүрген білімді студенттерді келіп сатып алып кетеді.

- Сонда қай елдерге алып кетеді?

- Жапонияға, АҚШ-қа, Еуропа елдеріне. Мен білетін бірнеше жас осындай жолмен шетелге білім жалғастыруға немесе жұмыс істеуге кетті.

Лондон экономика мектебінің бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу алдағы қыркүйек айында басталады. Бұл Лондон экономика мектебінің дүние жүзі бойынша тек екінші осындай халықаралық оқу бағдарламасы екен. Мамандар Лондон экономика мектебінің Қазақстандық жоғары оқу орнына осындай сенім білдіргені - Қазақстанның жоғары білім жүйесіне берілген оң баға дейді.
XS
SM
MD
LG