Accessibility links

Баспасөзге шолу. 9 сәуір 2005 жыл


Апта соңында шыққан газеттерде Қазақстанда сопылық ағымның күш алып кеткендігі туралы айтылып, олардың еркін жұмыс істеуіне лауазымы жоғары шенеуніктердің, атап айтқанда, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдау көрсетіп отырғаны туралы күдіктің бар екендігі баяндалыпты.

“Республика” басылымында жарық көрген Қайырбек Есімовтың мақаласында Алматы қаласының әкімі қызметіне Иманғали Тасмағамбетов тағайындалғаннан кейін оңтүстік астанада меншікті қайта бөлісу науқаны басталды деген қорытынды жасалыныпты.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, 2004 жылы Алматыда жолаушыларға арналған жаңа аэропорт терминалы салынады да, сол кездегі әкім “Алматы қаласы әкімі аппаратының құрылыс кәсіпорны” атты мемлекеттік комуналдық кәсіпорынға оның құрылтайшысы болуға рұқсат беріп келісім-шарт жасалады.

Газет тілшісі осы келісім-шарт жасалғаннан кейін, 1 маусымнан бастап қалалық қазынаға қомақты қаржының төленіп тұрғандығын айта келіп, Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тағайындалғаннан соң бұл ахуалдың күрт өзгеріп, “Жаңа жолаушылар терминалын жалға беру туралы” жаңа қаулының қабылданып, аталмыш қаулыға сәйкес бұрынғы жасалған келісім-шарттың бұзылғандығын мысалға келтіріпті.

Мақала авторының айтуынша Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың шешімімен жаңа жолаушылар терминалы “Алматы халықаралық аэропорты” акционерлік қоғамына жалға беріледі. Осыған орай мақала авторы не себептен жаңа жолаушылар терминалының “Алматы халықаралық аэропорты” акционерлік қоғамына жалға берілгені түсініксіз екендігін, өйткені аталмыш акционерлік қоғамның миллиард теңгеге жуық кредиторлық қарызының бар екендігін тілге тиек етіпті. Сонымен қатар, мақаланың қасында Иманғали Тасмағамбетовтың қолы қойылған қаулы да беріліпті.

“Жас Алаш” басылымының сенбі күнгі санында жарық көрген Ораз Әлімбековтың “Исматулла кім және ол Қазақстанға қашан келді?” атты мақаласында соңғы жылдары Қазақстанда сопылық ағымның күш алып кеткендігі туралы айтылып, олардың еркін жұмыс істеуіне лаузымы жоғары шенеуніктердің, атап айтқанда Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдау көрсетіп отырғаны туралы күдіктің бар екендігі баяндалыпты.

Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы Исматулла қаридың Қазақстанға келуіне Алматы қаласы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Ғалым Боқаштың себепші болғанын, ал Иманғали Тасмағамбетовтың Ғалым Боқашқа ылғи қолдау көрсетіп келе жатқанын хабарлапты.

Мақала авторының айтуынша, сопылық ілімді уағыздауда белсенділік танытып жүргені үшін Алматы қаласы әкімшілігі Болат Мүрсәлім, Базарбек Атығай сынды журналистерге жағдай жасап, үй алуына көмектескен. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, 1997 жылы Исматулла Алматы жанындағы Қарасу мешітіне келіп, “медресе” ашып, мүридтер дайындай бастайды.

Ал, 1999 жылдың күзінде Қазақстан заңдарына қайшы әрекеті үшін құқық қорғау органдары “медресе-шілхананы” жауып, Исматулла Пәкістанға депортацияланып, Қазақстаннан аластатылады. Автордың сараптамасына сүйенсек, Қазақстанда сопылық ағымның күш алып келе жатқандығы туралы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаев 2004 жылдың 1 қыркүйегінде мәлімдегенімен, бұл ақпарат тиісінше талданбай, талқыланбай келеді екен.

Оның себебін мақала авторы «сопылардың қазақтілді ақпарат құралдарына тікелей қысым көрсетіп немесе жанама ықпал етіп отырғанымен» түсіндіріпті.

“Алматы ақшамы” басылымы болса Алматыдағы №1 клиникалық аурухананың мәжіліс залында үкіметтік емес ұйымдардың бірінші Алматы форумының өткенін және тұңғыш рет өткізіліп отырған бұл форумға Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысып, баяндама жасағанын хабарлапты.

Қазақстандық оппозиция өкілдерінің Ресейдің “Эхо Москвы” радиостанциясына сұхбат бергендігі де апта соңында жарық көрген басылымдардың баса назар аударған тақырыптарының біріне айналып отыр.

“Жас қазақ үні” басылымында жарық көрген Қазыбек Иссаның мақаласында оппозиция өкілдерінің “Эхо Москвы” радиостанциясына берген сұхбаты сынға алыныпты. Мақала авторының айтуынша, аталмыш радиостанцияға берген сұхбатында саясаткер Болат Әбілов, “Назарбаев билігі екі милионнан астам орысты Ресейге кетуге мәжбүр етті” деп мәлімдесе, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы біз боламасақ қарасы көбейіп келе жатқан ислам оппозициясы келеді дегенді айтқан. Осыған орай мақала авторы қазақстандық оппозицияның ұлт мүддесіне келгенде омақаса беретіндігін тілге тиек етіпті.

Ал, “АПТА. КZ. Қазақстанға Ақ жол” басылымында жарық көрген Жасарал Қуанышәлиннің мақаласы, ресми басылымдардың қазақстандық оппозиция өкілдерінің “Эхо Москвы” радиостанциясына берген сұхбаттарын “бұлар қазаққа қарсы, орыстың қамын жеп жүр” деп айыптап жатқан пікірлерінің шындыққа үйлеспейтіндігін тілге тиек етіпті.
XS
SM
MD
LG