Accessibility links

Астана айықтырғышына түсетіндердің 90 пайызы - жастар

  • Ескендір ЕРТАЙ

Астана айықтырғышына тәулігіне спирттік ішімдік ішкен 45-50 адам түседі. Мұндағы мәліметтер бойынша, жыл басынан бері 3641 мас адам әкелінген болса, оның 90 пайызы еңбекке жарамды жастар екен. Олардың 300-ден астамы қыз-келіншектер болған.

Астана ішкі істер басқармасына қарасты медициналық айықтырғыш бастығының орынбасары Марат Сыздықовтың айтуынша, мұнда тәулігіне 45-50 адам түнеп шығады екен. Өткен жылы 16 мыңға жуық жан, биылғы жылдың алғашы тоқсанында 3641 адам осы мекемеге «қонып қалған». Олардың көпшілігі өрімдей жастар дейді айықтырғыш әкімшілігінің өкілі Марат Сыздықов. Ол мұның бір себебін, қазірде Кеңес кезіндегідей жастарға жан-жақты тәрбие берудің кешенді шараларының жоқтығынан деп түсінеді.

Астана тұрғыны, жасы жетпіске жақындаған Хамит Бегалы медициналық айықтырғыш, түрмелерге барып, көптеген жастарды жаман әдеттен арылтуға күш салып жүр. Қария таңертең айықтырғышқа барып, қамшысын үйіріп, осында түсіп қалған жастарға ақыл айтады.

Айықтырғыш бастығының орынбасары Марат Сыздықов жазға қарай көршілес республикалардан уақытша еңбек істеп, ақша табу мақсатымен Астанаға маусымдық жұмыстарға келетін заңсыз көшіп-қонушылардың қатары да көбейе түсетіндігін, оның ішінде еш жерде тіркелмегендері де көп болатындығын айтып отыр. Өткен айдың өзінде ғана заңсыз көшіп жүргендердің 42-сі осы айықтырғышпен «танысып» үлгерген.

Медициналық айықтырғышқа түскендерді сөзге тарту мақсатымен таңертеңгілік осында келген «Азаттық» радиосының тілшісіне өз аты-жөнін атамаған азамат Қазақстанға Өзбекстаннан қоныс аударған оралман екенін айтып, мұңын шақты.

- Елім, жерім деп келгенімде, жоғары білімді электротехник болсам да, арба сүйреп күнелтемін. Осы қор болып бара жатыр-ау дейтін іздеушіміз де жоқ, - дейді ол.

Сегіз жылдан бері Астана абақтылары мен медициналық айықтырғышына барып, қадамын жаңылыс басқан жастарға үнемі ақыл-кеңес айтып жүрген Хамит Бегалы жастарды жаман мінезден құтқарудың жолы - құран жолы деп есептейді.

Астанадағы медициналық айықтырғыш бастығының орынбасары Марат Сыздықов соңғы кездері қыз-келіншектердің де осы айықтырғышқа түнеп қалуы жиілеп бара жатқанын айтады. Оның айтуынша, биылғы жыл басынан осы уақытқа дейін айықтырғышқа түнеп шыққан қыз-келіншектердің саны 302-ге жеткен.

- Олар ата-анасына хабарламауымызды өтінгенімен жас отбасылардың алдағы тағдырына алаңдағандықтан, амал жоқ, хабарлаймыз. Кейбірі сол арақ әзәзілдің салдарынан жұбайымен ажырасып тынады. Отбасының ұйытқысы әйел азбасын деңіз, - дейді полиция капитаны.
XS
SM
MD
LG