Accessibility links

Астанада «Жас Бәйтерек» фестивалі аяқталды


Астанада өткен «Жас Бәйтерек» фестивалінде колледж және жоғары оқу орындарының студенттері 6 номинация бойынша - халық әндері, актерлік шеберлік, эстрада әндері, әзіл-сықақ, би, күй жанрларынан өзара өнер сайысына түсті.

Астана қаласындағы Жастар парламентінің төрағасы Нұрбол Телегеновтің айтуынша, «Жас Бәйтерек» шығармашыл жастар фестивалі Астана жастары арасында биылғы жылы екінші рет өткізілді. Байқауда белгіленген алты номинация бойынша 10 оқу орнынан 60 студент өнер көрсетті. Негізінен халық әндеріне, қазақ тіліндегі әндерге мән берілді дейді. Оның айтуынша, мұндай байқау өткізуде қазақ тілінің деңгейін сәл де болса көтеру мақсаты бар.

Байқауға қатысып, халық әндерін орындаған Алмас Сәтенов өзінен кейінгі жастар өнердің осы саласынан сусындап оны келешекке жалғастырады деген ойда. Сондай-ақ ол мұндай өнер сайыстарының жиі болғаны жөн дейді.

Ал, Қазақ экономикалық университетінің 4 курс студенті Байәділ Сәдиев мұндай сайысқа қатысу өзі және оқып жатқан оқу орны үшін де пайдалы дейді. Дегенмен, ол мұндай сайыстарға өнерлі жастардың барлығы бірдей қызығушылық танытпай отыр деген пікірде.

Политехникалық колледж директорының жастар саясаты жөніндегі көмекшісі Асқар Нұртазиннің айтуынша, бұл фестивальдің жолы бөлек. Өйткені, оны ұйымдастырған жастардың өздері дейді. Алайда, жастар ұйымдастырған шараның кем-кетігі бар деп пікір айтушылар да бар. Мысалы, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, музыка маманы Рымхан Әбілханұлы «Жас Бәйтерек» атауы қарама-қайшы ұғымды білдіреді. Оны «Жастардың Бәйтерегі» деп атаған жөн деген пікірде. Ал, Жастар парламентінің төрағасы Нұрбол Телегенов болса фестивальға «Жас Бәйтерек» атауының берілуін орынды деп санайды.

- Өйткені, үлкен адамдардың барлығы іштей өздерін жас сезінеді. Сондықтан, «Жас Бәйтерек» атауында тұрған ештеңе жоқ. Астана қаласы жас. Өзіміз жаспыз. Сол себепті осындай атау бердік, - дейді Н.Телегенов.

Фестиваль қортындысы бойынша үздік деп танылған жас өнерпаздар әртүрлі тұрмыстық жабдық техникаларын және «Бәйтерек» кубогын иеленді.
XS
SM
MD
LG