Accessibility links

Компьютер ойындарынан әлемдік жарыстың аймақтық бәсекесі өтпек


Биылғы мамыр айынан бастап, жасы 13-тен жоғары Қазақстан азаматтары елдің 11 қаласында өтетін WORLD CYBER CAMES чемпионатына қатыса алады. Компьютер ойындары бойынша өтетін бұл чемпионат Қазақстанда осымен 4 рет ұйымдастырылады.

Компьютер ойындары бойынша чемпионат ұйымдастырушылардың айтуынша, олар сәуірдің 15-інен бастап жарысқа қатысамын деген азаматтардың өтінішін қабылдайды. «Samsung Electronics» компаниясының Қазақстандағы өкілділігінің қызметкері Серік Әміровтың сөзіне жүгінсек, чемпионатқа қатысамын деушілерге шектеу болмайды, тек жасы 13 жоғары болуы қажет.

- Бұл жарыс Қазақстанның 11 қаласында өтеді. 5 жыл бұрын басталған бұл жарысқа алғашқы жылдары әлемнің 45 мемлекетінің азаматтары қызығушылық танытқан, үстіміздегі жылы бұл елдердің саны 60-қа жетіп отыр. Бүгінгі таңда, аталмыш чемпионатқа қатысатын ТМД мемлекеттерінің ішінде Қазақстан алдыңғы қатарда тұр, - дейді ол.

Биылғы чемпионатқа қатысатын азаматтардың мүмкіндігін бағалайтын төреші Қайрат Қыстаубаев бұл ойындар адамдарға пайдалы екенін айтады.

- Компьютер ойындары өте пайдалы, деп ойлаймын. Осы арқылы балалар түрлі бағдарламаларды біледі, ойлау қабілетін арттырады, жылдамдыққа үйренеді, - дейді Қазақстандағы WCG төрешісі Қайрат Қыстаубаев.

Компьютер ойындары бойынша өтетін жарысқа қатысатын азаматтарға 50 мың доллар көлеміндегі қаржылай сыйлық беріледі. Ең бастысы, бұл азаматтар Сингапурда өтетін халықаралық жарысқа Қазақстан атынан қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Ал оған қол жеткізу үшін, мамандардың айтуынша, көп жаттығу керек. 12 жасар Санжар Амандосов компьютер клубына жиі барады. Оның себебін Санжар былай деп түсіндіреді:

- Мен бұл ойындармен демалу үшін ойнаймын, маған жарысқа қатысудың қажеті жоқ. Мен күнде уақытым бос болғанда келіп, ойнап кетемін, ата анам рұхсатын беріп отырады, себебі мен үздік оқушымын, сол себептен ата-анам маған рқхсат береді. Ең бастысы балалар сабақтарын жақсы оқу керек, деп ойлаймын.

Компьютер клубына келетіндердің тағы бірі 22 жастағы Жомарт Таңатаров.

- Басында бұл жерге мен кино көру үшін келетінмін, соңынан ойын ойнағанды ұнататын болдым, негізінен, мен бұл ойындарды қатты жақсы көрмеймін, бірақ айына бір-екі рет келіп тұрамын.

Ал көп жылдан бері программист болып жұмыс істеп жүрген маман Ердан Заманбековтың айтуынша, бұл ойындар пайдалы, бірақ зияны да жоқ емес. Себебі бір жағынан компьютер ойындарына әуес балалар ойлау қабілетін арттырса, екінші жағынан түрлі ойындар арқылы, яғни төбелес, соғыс ойындары арқылы қатыгез болып кетуі мүмкін дейді ол.
XS
SM
MD
LG