Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12 сәуір 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сейсенбілік газеттер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қысқа мерзімді жұмыс сапарымен Мәскеуде болып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескендігін талқылапты. Алдағы өтетін президент сайлауына оппозициядан бір кандидат ретінде түскелі отырған Жармахан Тұяқбай да мерзімді басылымдардың негізгі қаһарманына айналып отыр.

“Егемен Қазақстан” басылымында жарық көрген бас мақалада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қысқа мерзімді жұмыс сапарымен Мәскеуде болып, оның барысында Ресей Президенті Владимир Путинмен кездескендігі хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, бұл екі ел басшысының 2005 жылғы үшінші кездесуі.

Газет тілшісінің хабарлауынша, осы жолғы кездесуде экономикалық ынтымақтастық және интеграция мәселелері негізгі тақырыпқа айналған. Атап айтқанда ТМД ны реформалау Біріккен Экономикалық кеңістік аясында Қазақстанның, Ресейдің, Украина мен Белоруссияның арасындағы өзара ықпалдастықты дамыту мәселелері қаралған. Екі елдің басшыларының кездесуінде сондай-ақ Жеңістің 60 жылдық мерекесін тойлау мәселелері де талқыланған. Қазақстан Президенті алдағы мамырда Мәскеуде өтетін мерекелік салтанаттарға және ТМД саммитіне өзінің қатысатындығын білдірген.

“Казахстанская правда” басылымы болса, Ново-Огорева резиденциясында Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алуға Ресей Президентінің өзінің шыққандығын хабарлапты. Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері ғана емес, сонымен бірге нақтылы “мәшина жасаудағы, энергетика мен металлургиядағы үлкен” жобалардың талқыланғандығын атап өткен.

Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың дамуы туралы айта келіп, Ресей Президенті екі елдің арасында өткен жылдағы тауар айналымының рекордттық өсімін, жоғары бағалапты. Мақала авторының айтуынша, бұл көрсеткіш 1,5 есеге ұлғайып, алғаш рет 8 миллиард долларлық деңгейден асып түскен.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Жас алаш” басылымында жарық көрген мақаласында журналист Мұхтар Жанұзақұлы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапарының Қырғызстанда орын алған төңкеріспен байланысты екендігі туралы болжам жасапты. Газет тілшісі бұл сапар туралы ресейлік “Российская газета” басылымының “Назарбаев сапарының астары саяси тұрғыдан алғанда, түсінікті.

Орталық Азиядағы жағдайды тұрақтандыру мүмкін емес. Республикада ішкі тұрақтылықты сақтаудың басты факторы Қырғызстандағы оқиғалар болып отыр” деп жазғандығын мысалға келтіріпті. Ал, “Қазақстан революцияға қарсы заң қабылдады” деген тақырыппен материал жариялаған Ресейдің “Коммерсант” басылымы Қзақстанда грузин, украин және қырғыз сценарийінің қайталануы әбден мүмкін деген топшылау айтыпты. Сондай-ақ “Коммерсант” басылымы Назарбаев мырза Қазақстандағы барқыт революциясына тосқауыл қою жоспарында Мәскеуден қолдау іздейді” деп жазыпты.

Алдағы өтетін президент сайлауына оппозициядан бір кандидат ретінде түскелі отырған Жармахан Тұяқбай да мерзімді басылымдардың негізгі қаһарманына айналды. “Жас Алаш” басылымының сейсенбі күнгі санында жарық көрген “Тұяқбайға тас атты” деген мақалада “Әділетті Қазақстан” қозғалысының төрағасы, Қазақстанның демократиялық күштері атынан президенттік сайлауға түсетін бірден-бір кандидат Жармахан Тұяқбайға тас атылғандығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша Жармахан Тұяқбайға бағытталған тас оның қасында тұрған телеоператоға тиіп, басын жарады. Сондай-ақ Жармахан Тұяқбайдың баспасөз хатшысына да соққы тиіп, ол есеңгіреп қалған. “Әділетті Қазақстан” қозғалысының мүшелері болса, бұл әрекеттер биліктің ұйымдастырылуымен жасалды дегенді айтып отыр.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген Арман Сүлейменовтың мақаласында Өскеменде оппозиция өкілдері қарапайым халықпен кездесуге барған кезде орын алған бұл оқиғаға биліктің ешқандай да қатысы жоқ деген қорытынды жасапты.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Өскеменге барғанда да “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайды қарапайым халық жылы қабылдамаған. Кейбіреулер “Жармахан көзіңді құрт” немесе “Шығыс – Бішкек емес” деген сыңайдағы сөздер жазылған ұрандарды алып шыққан. Қарапайым халықпен кездесетін кезде біреулер Жармахан Тұяқбайға қарай “кірпіш”, жұмыртқа лақтырған.

Ал, “Еуразия” басылымында жарық көрген Тұтқабай Фазылбектің мақаласында Қазақстанның демократиялық күштері атынан президенттік сайлауға түсетін бірден-бір кандидат Жармахан Тұяқбайдың “Эхо Москвы” радиостанциясына берген сұхбаты сынға алыныпты.

Мақала авторының айтуынша, Ресейдің “Эхо Москвы” радиостанциясына берген сұхбатында Жармахан Тұяқбай бастаған қазақстандық оппозиция “Назарбаев билігі тұсында екі миллионнан астам орыстілділерге жағдай жасалмағандықтан ауа көшіп кетті” деп мәлімдеген.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Эхо Москвы” радиостанциясына” олигарх Борис Березовский жетекшілік етеді. Ал, Кремль маңындағы саяси сарапшылар Борис Березовскаийдің Грузия мен Украинадағы “түрлі-түсті” революциялардың идеологы, әрі бас демеушісі деп есептейді екен.
XS
SM
MD
LG