Accessibility links

«Студенттер көктемі» фестивалі енді Астанада өткізіледі

  • Айнагүл САҒДИ

Сәуірдің 18-і мен 23-і аралығында Астанада студенттердің «Студенттер көктемі-2005» фестивалі өткізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы мереке аясында екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 60 жылдығына арналған шаралар өткізу жоспарланған.

«Астанада бір апта бойы өткізілетін дәстүрлі «Студенттер көктемі» фестивалі жылдағыдан ерекше. Биыл екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 60 жылдығына дайындық аясында өткізілетін болғандықтан, соғыс ардагерлерінің қатысуымен түрлі дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланып отыр», - дейді «Жастар ұйымы ассоциациясының» төрағасы Ильдар Катенов.

- Соғыс ардагерлерін фестиваль аясында өтетін барлық шараларға шақырмақ ойдамыз.

Ұйымдастырылып отырған шаралардың барлығы жастар үшін жасалып отыр, - дейді Астана қалалық ішкі саясат департаментінің бас маманы Сақтаған Сәдуақасов.

- Студенттердің көңілін көтеру мақсатында әдейі ұйымдастырылып отыр. Фестиваль аясында пікір-сайыс турнирі, «Брейн-Ринг» және қылқалам шеберлерінің де байқауы өтікізіледі.

Еуразия ұлттық университетінің 4-ші курс студенті Жарқын Тоғымова жыл сайын студенттер көктемін асыға күтеді екен. Ол осы фестиваль арқылы талантты жастарды анықтауға мүмкіндік туады деп есептейді.

- Көктемде оқу-білімге деген құштарлық артып қана қоймайды, бұл уақытта көңіл көтергің келеді. Сондықтан бұл фестивальдің жастар үшін берері мол.

Ал Шынар Қанашова фестивальдың тақырып аясын кеңейту қажет деген пікірде.

- Жастар арасында ұлттық идеологияны көтеретіндей тақырыптар қалыптасса деймін. Өйткені, жыл сайын батысқа еліктеушілік, әйтеуір солардың бір ұшқынын көріп жатамыз.

Енді студенттер арасында түрлі шаралар ұйымдастырып, жастарды тарту алдағы уақытта құрылатын студенттер ассоциациясына жүктелетін болады. Қаладағы студенттердің басын біріктіру мақсатында құрылғалы отырған ассоцияция жастар мәселесімен айналыспақ. Астана қалалық ішкі саясат департаментінің бас маманы Сақтаған Сәдуақасовтың айтуынша, ассоцияция жастарды біріктіру мақсатында құрылғалы отыр.

- Барлық оқу орындарының жастары бірігіп жұмыс жасайтын болса.

Еуразия университетінің студенті Шынар Қанашова ассоцияция тек қала жастарының ғана қамын ойламай, ауыл жастарына да көңіл бөлсе деген ниетте. Оның пікірінше, ауыл жастары қала жастарының өмірінен бейхабар.

- Қазірдің өзінде түрлі ұйымдар жұмыс істейді. Әйтсе де олардың жұмысы қала шеңберінен аса алмай отыр. Ауыл жастары тіпті олардың немен айналысатынын, мақсаттарының не екенін біле бермейді.

Студенттер көктемі фестивалін ұйымдастырушылар келер жылдан бастап республикалық фестивальді Астанада өткізу жайлы Білім және ғылым министрлігіне өтініш білдіргендерін айтады. Ал биылғы өтетін фестивальді Тараз қаласында өткізу жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG