Accessibility links

ОБСЕ және ТМД бақылаушылары сайлауларға екітүрлі баға береді

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Шығыс Еуропа және бұрынғы Совет одағы елдеріндегі сайлауларға баға бергенде ОБСЕ жане ТМД бақылаушылары бір-бірімен пікір қайшылықтарына тап болып жатады. Сайлаулардың өту принциптеріне олар түрлі тұрғыдан қарап баға береді.

Өткен жылдың қараша айында Украинадағы елбасылық сайлаулар бірнеше апталаған шерулермен қатар жүргізіліп жатты. Жарыс барысы тым қатал еді. Қан төгіліп кетуі де мүмкін болатын. Бұл сайлауларды бақылауға келген Еуропадағы қауіпсіздік пен ықпалдастық ұйымы сайлаулардың екінші сатысын “халықаралық талаптарға сай келмеді, онда көзбояушылықтар орын алды” деп бағаласты.

Алайда, дәл сол күні Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бақылаушылары болса, дәл сол сайлау үдерісіне мүлдем кереғар баға берді. Яғни, Украина елбасылық сайлауларының екінші сатысын заңды деп жариялады. Украинадағы ол саяси үдеріс аса шиеленісті жағдайда өткендіктен де арнайы түрде бұл хабарда мысалға алынып отыр. Осылайша Ресей және Шешен сайлауларынан бастап Беларус, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сайлауларына байланысты бұл аталған қос ұйым екі ұдай баға берісіп, екі түрлі пікір айтып келеді.

Сайлау жарыстарында бақылаушылардың маңызды рөл атқаруы - аса қажетті шарт. Аймақтағы өзгерістердің жүзеге асуында ол сайлаулар қозғаушы, дем беруші буынға айналып отыр. Ал, сайлауға бақылау жасаушылардың берген бағасы нашар болған жағдайда ол ел өкіметі биліктен кетіп те жатады. ОБСЕ ресми өкілдерінің бағалауынша ТМД бақылаушыларына қарағанда ол ұйым бақылаушыларының сайлаулар үдерісіне қояр талабы- қатаң. Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымы сайлау болатын елге алты апта бұрын өз бақылаушыларын алдын-ала жібереді. Сайлауларға бақылау жасаудағы жеті шарт бойынша ол бақылаушылар арнайы дайындықтардан өтеді. Аталған жеті шарт арасында сайлаулар барысының айқындығы, теңдігі, әділдігі және есеп берудің міндеттілігі де бар.

Аталған ұйыммен салыстырғанда ТМД елдері тарапынан құрылған бақылаушылар қызметі- едәуір жас. ТМД-ға мүше елдер тарапынан 2002-ші жылы қабылданған келісім негізінде бұл қызмет құрылған. Және қызмет аз ғана бақылаушыларды іске қосып, ОБСЕ-мен салыстырғанда сайлау өтетін елдерде олар аз ғана уақыт болады екен. ТМД қызметі сын атаулыға үдере қарайды. Мұның өзі Мәскеу үшін насихат құралына айналған. Олар әдетте сайлау болып жатқан елге баратын өз бақылаушыларының мәдени және тілдік тұрғыда аса жақын екендіктерін, яғни аудармашылардың көмегінсіз-ақ жұмыс істей алатындықтарын тілге тиек етісуде.

ОБСЕ болса өз бақылаушыларының сайлау өтетін елмен байланысының тым тығыз еместігін мойындайды да. Алайда, осы ұйымның бұрынғы ресми өкілдерінің бірі Хрейр Балиан болса, бақылаушылардың арнайы жаттығыулардан өтуі мен алдын-ала әзірліктер жасауы арқылы мұндай алшақтықты жоюға болады деген пікірде.

- Сайлауларды аудармашы арқылы болсын, оларсыз болсын бақыласаң да әділетсіздіктер көрінеді. Ол бұрмалаушылықтарды аудармашы арқылы көрсең де, ол арқылы естісең де, бәрібір танисың,- деді Балиан өз сөзінде.

Баз біреулердің пікірінше бұл екі ұйым арасындағы алшақтық бұлайша жалғаса бермесе керек. Балианның айтуынша, баға беру үдерісінде ТМД бақылаушыларымен өзара әріптестік орнатуға ОБСЕ бақылаушылары өткен кезеңде біраз ұмтылыс танытқан болатын. Алайда ондай талпыныстан әзірге нәтиже шығар емес.
XS
SM
MD
LG