Accessibility links

Ұлттық ат спорты түрлерінен V республикалық фестиваль өтеді

  • Айнагүл САҒДИ

Биылғы ұлттық ат спорты түрлерінен V республикалық фестиваль тұңғыш рет спорттың 12 түрі бойынша өткізілетін болды. Олардың арасында көкпар мен түйе жарысынан бәсекелер де бар.

Қазақстан ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Сәдібек Түгелдің айтуынша, фестиваль ауыл жылына арналатын болғандықтан Қазақстанның 6 мыңға жуық ауылында ат жарысын өткізу жоспарланып отыр. 4 кезең бойынша өткізілетін фестиваль Орал қаласында мәреге жетпек. Оған Ресейдің 5 қаласынан атбегілер қатысуға ниет білдірген.

Қазақстан ауылдарында ұлттық ат спортын дамытып, халық арасында жаңғырту мақсатында ұйымдастырылатын фестивальді 4 кезең бойынша өткізу жоспарланып отыр. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Сәдібек Түгелдің айтуынша, биылғы фестиваль Қазақстанның барлық ауылында өткізілмек. Және биылғы фестивальдың ерекшелігі - көкпар мен түйе жарысы да енгізілді.

- Ұлттық спорттың 12 түрінен жарыс болады. Сондай-ақ, барлық ауылдарда өткізу жоспарланып отыр. Қазақстанда 5 500 ауыл, 163 ауылшаруашылығы ауданы бар. Республикалық фестивальдың соңғы 4-ші кезеңі Орал қаласында өткізілмек.

Биылғы өткізілгелі отырған фестивальда спорттың 12 түрі қамтылса, соның ішінде көкпар мен түйе жарысы тұңғыш рет енгізіліп отыр. Орал қаласындағы ұлттық ат спорты федерациясының басшысы Алтай Зейнуллин осындай жарыстар арқылы жылқы шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алып отырмыз дейді.

- Ең алдымен өзіміздің төл спортымызды дамыту, екіншіден төрт түліктің патшасы дейтін жылқы, түйе шаруашылықтарын дамыту, бұның бәрі қазір қолға алынып жатыр. Біз ат спорты әлемдік дәрежеге жеткізуіміз қажет.

Алтай Зейнуллиннің айтуынша, фестиваль барысында керемет аттар көрінісі сайысын да ұйымдастыру жоспарда бар екен.

- Біздің негізгі құралымыз ат болғандықтан және аттың сапасымен бағаланатын болғандықтан аттардың көрінісіне де мән бергелі отырмыз.

Құрмет есімді жігіт бала күнінен ат құлағында ойнап өскен екен. Атты серігім деп білетін ол үнемі ат жарыстарына қатысып отырғанды ұнатамын дейді. Алайда, жүлделі орындарға ілікпей келе жатқан Құрмет ауыл жылына арналғалы отырған жарыстан оза шауып бәйге алсам деген ниетте.

- Ат жарыстарына үнемі қатысамын. Осы жолы да қатысу ойымда бар.

Ал Қайрат Астанадағы «Тұлпар» командасының мүшесі. Ол көкпар жарысына қатысып тұрғанды ұнатады екен. Жарыстың болатынын естіп алдын-ала дайындаламыз дейді.

- Командада 10 адам бар. Жарысқа алдын-ала 1-2 ай бұрын дайындалып, қатысып тұрамыз.

Орал қаласындағы ұлттық ат спорты федерациясының басшысы Алтай Зейнуллиннің айтуынша, 5-ші республикалық фестивальға Қазақстанның қалаларынан бөлек Ресейдің іргелес жатқан 5 облысынан атбегілер қатысуға ниет білдірген.
XS
SM
MD
LG