Accessibility links

Ильяс Есенберлиннің туғанына 90 жыл толды


Қазақ жазушысы Ильяс Есенберлиннің дүниеге келгеніне бүгін 90 жыл толып отыр. Өмірден өткеніне 22 жылдың жүзі болған жазушының атында осы күні Астана қаласында көше, ал Алматыда мектеп-гимназия бар.

1993 жылдан бастап Ильяс Есенберлин атындағы қоғамдық қоры да жазушының туындыларын қайта жарыққа шығару мақсатында жұмыс атқарып жатыр. Бүгінгі атаулы күні Ильяс Есенберлиннің ортаншы қызы Дильфруза соңғы кездері әкесін еске алып, есімін есте қалдыруға атсалысып жүрген жандар аз емес екенін қуанышпен айтқан еді.

- Өмiрдiң мен де өзiңдей бiр қонағы,
Жерiне жеткен ұшып - құс қонады!
Естiдiм қастарымның сан жаласын,
Естiдiм достарымның сын-таласын.
Тiлегiм сенен жалғыз, жас ұрпағым,
Болғайда әдiлеттi көзқарасың!
Тудырған өз тұлғасын әрбiр дәуiр,
Жазылар бұдан да еңбек әлi тәуiр.
Есiңнен шығарма тек болашағым,
Түйенiң көшбастаған жүгi ауыр! – деп кезінде жазушы Ильяс Есенберлиннің өзі жазған екен.

Бүгінде «Ғашықтар», «Айқас», « Алтын Орданың күйреуі» сынды романдардың авторы Ильяс Есенберлиннің туғанына 90 жыл толып отыр. Ал оның «Көшпенділер» трилогиясы орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, өзге жұрт осы кітап арқылы ежелгі қазақ халқының тыныс-тіршілігі жайлы оқып танысты.

Жазушы Қуандық Түменбай Есенберлин туындыларының өзіндік ерекшелігі барын айтып отыр.

- Бірінші, біз өзіміздің тарихымызды біле бастадық. Кенесарының кім екенін, Абылайдың кім екенін біле бастадық. Біздің тарихи танымымызды оятты бұл кісі. Екіншіден, интеллигенттік прозаны суреттеп бізге көрсете білді.

Ильяс Есенберлиннің көзін көрген жандардың бірі Шара Мұхамедшакирова жазушының туындылары осы күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтпағанын атап айтады. Ал жазушының қызы Дильфруза Есенберлина болса, әкесінің халықтың адамы болғанымен де, әрқашан өз балаларына да көңіл бөліп отыратындығын еске алды.

- Есте қалғаны, оның бізге деген шексіз махаббаты, сауаттылығы мен әділеттілігі. Ильяс Есенберлиннен 3 қыз, 1 ұл бар.

Дильфруза Есенберлинаның сөзіне қарағанда, араларында әке жолын қуғандар жоқ. Дегенмен, соңғы 5 жалдың жүзі болды інісі Қозы-Көрпеш өлең жолдарын жазып жүр екен.

Бүгінде Алматыда Ильяс Есенберлин атындағы №25-ші мектеп-гимназия бар. Аталмыш білім ордасының оқушысы Қарабаева Нагиз Есенберлин шығармалары өзінің қарапайымдылығымен қызықтыратынын айтады.

- Мен бұрын тарихи шығармаларға мән бере қоймайтынмын. Ал Есенберлиннің туындыларынан кейін тарихи шығармаларға деген менің қызығушылығым артып, көптеген кітаптарды оқыдым. Дегенмен, Есенберлиннің шығармалары өзінің қарапайымдылығымен әр оқырманды қызықтыратын секілді.

Кезінде Ғафу Қайырбеков:

Адамның да, ақынның,
Еңбекқор бiрi сен едiң.
Ауыртпай жанын жақынның,
Ақырын жылжып жөнелдiң.
Қадiрiң жұртқа мол едi,
Iзiңдi ұрпақ суытпас.
Сен қалдырған өнердi,
Алғысшыл халқың ұмытпас! – деген сөздер айтқан екен.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG