Accessibility links

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алатындар санаты көбейді

  • Айнагүл САҒДИ

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алу құқығына ендігі уақытта орта және кәсіптік-техникалық мектептердің түлектері мен жоғары оқу орнының студенттері де ие болды.

«Болашақ» бағдарламасымен бұған дейін тек магистрлар мен «Рh.D» докторлық дәрежесі бойынша мамандар даярланып келсе, енді бұған бакалавриат та қосылды. Осыған орай орта және кәсіптік-техникалық мектептердің түлектері мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін де енді «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуға мүмкіндік туып отыр

Соңғы 12 жылда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 800 Қазақстандық шетелде білім алса, биылдан бастап олардың қатары үш мың жаспен толықпақ. «Бұрын тек магистрлар мен «Рh.D» докторлық бағдарламасы бойынша мамандар даярланып келсе, енді бұған бакалавриат қосылды», - дейді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова. Оның айтуынша, бакалавр дәрежесін алу үшін мектеп түлектері мен студенттерден бөлек шетелде білім алып жатқан Қазақстандық жастар да байқауға қатысып, бақ сынауларына мүмкіндік бар.

- Орта және кәсіптік-техникалық мектептердің түлектері мен жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттер қатыса алады.

Астанадағы 9-шы гуманитарлық-экономикалық мектеп лицейінің 11 сынып оқушысы Диас Жұманбаевтың айтуынша, жастардың шетелдерде білім алғаны дұрыс. Ол: «Қазақстанның жоғары оқу орындары халықаралық деңгейде білім беретіндей дәрежеге жете қойған жоқ», - деген пікірде.

- «Болашақ» бағдарламасы өте тиімді деп ойлаймын. Қазір Қазақстанда білім беру деңгейі айтарлықтай дәрежеде емес. Кейбір оқу орындары бар, десек те халықаралық деңгейге жеткен жоқ.

Ал Таңатар Әбсаттаров шетелге шықпай Қазақстанның өзінде де терең білім алып шығуға болады деп есептейді. Алайда, - дейді ол, қазір жастардың көбі шетелде білім алуға ұмтылады.

- Бағдарламаны қолдауға да болады, қолдамауға да болады. Бірақ, Қазақстандықтар өзімізде беріліп жатқан білім деңгейіне сын көзбен қарайды. Көбі қазақ жерінде тұрғысы келмей, шет елге барып оқығысы келеді, басқа елді көргісі келеді.

Ал Ілияс Исатаев «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, Қазақстанға оралған жастардың қызметте жоғарылауына мүмкіндік жоқ деп есептейді.

- Бағдарламаның бір минусы деп айтуға болады. Оқуды бітіріп келген жас мемлекеттің ұсынған мекемелерінде жұмыс істеуіне тура келеді. Бұл жерде карьераға еркіндік жоқ.

Ілияс Исатаев шетелдегі оқу орындарының біріне ешкімнің көмегінсіз қабылдансам деген ниетте. Ол ағылшын тіліне жетік екендігін айтады. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекованың айтуынша, жаңа ережеге сәйкес «Бакалавр» дәрежесіне үміткерлерге қойылатын талаптардың қатарына да шет тілін білу қажеттігі енгізіліп отыр.

- Бірыңғай ұлттық тестен 90 балл жинаған, оқу үлгерімі төрт жарымнан асатын және бір шет тілін білуі шарт.

Қазір Қазақстанда халықаралық дәрежеде мамандар дайындауға мүмкіндік аз. Қазақстандық жастар шетелдің жоғары деңгейдегі оқу орындарын тәмамдап келгеннен кейін бұл мәселенің шешімі табылатын болады, - дейді Жанар Үсіпбекова.
XS
SM
MD
LG