Accessibility links

Баспасөзге шолу. 15 сәуір 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Апталық басылымдарда алдағы президенттік сайлаудың кімнің жеңіске жетуі мүмкін екендігі туралы сөз болыпты.

“Литер” басылымына берген сұхбатында Қазақстан патриоттар партиясының басшысы Ғани Қасымов қазіргі кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың беделінің жоғары және елдегі экономиканың көтеріліп келе жатқандығын айта келіп, алдағы өтетін президент сайлауында оның сөзсіз жеңіске жететіндігіне ешқандай да күмәннің жоқ екендігіне тоқталыпты.

Ғани Қасымовтың айтуынша сол себептен де дәл қазіргі уақытта оппозицияның ішінде дағдарыс басталды. Сондай-ақ Ғани Қасымов дәл қазіргі уақытта оппозицияның дағдарысқа ұшырауына оның басшыларының өз мүддесін жоғары қоюы және ешқандай да нақты жоспарларының болмауы себебін тигізіп отыр деп есептейтіндігін білдіріпті.

Ал, “Правда Казахстана” басылымында жарық көрген Маддат Аққозиннің “Тағы да президент сайлауы туралы” атты мақаласында ресми басылымдардың алдағы өтетін президенттік сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа лайықты тұлғаның жоқ екендігін кеңінен насихаттап жатқандығын айтып өтіпті.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген ресейлік “Независимая газета” басылымынан көшіріліп басылған мақалада Қазақстан байлығының бәріне де Нұрсұлтан Назарбаев отбасының иелік етіп отырғандығы туралы дерек келтіріліпті. Мақала авторының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев отбасының мүшелері елдің экономикасының басым бөлігіне және барлық бұқаралық ақпарат нарығына бақылау жасайды.

Ресейлік “Независимая газета” басылымы келтірген мәліметтерге жүгінсек, Нұрұслтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға мен оның күйеуі Рахат Әлиев бірнеше республикалық телеарналар, радиостанциялар мен ақпараттық агенттіктерді біріктірген “Алма медиа” сынды ірі холдинтің қожайындары болып саналады. Газет тілшісінің хабарлауынша, президенттің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаев Қазақстандағы мұнай секторын бақылайды.

Сондай-ақ мақала авторы президенттің үшінші қызы Әлияның құрылыс бизнесімен айналысатындығын да мысалға келтіріпті. Ресейлік “Независимая газета” басылымының сараптамасына сүйенсек, Қазақстанның барлық байлығын Нұрсұлтан Назарбаев отбасының иеленіп алуы, келешекте халықтың үлкен наразылығын туғызып, Қырғызстан мемлекетіндегі секілді төңкеріске әкеліп соқтыруы ықтимал.

Ал, “Республика” басылымында жарық көрген Тимур Татищевтің мақаласында бейресми ақпарат көздерінен Қазақстандағы ресми биліктің президент сайлауынан кейін халық наразылық білдіріп алаңға шықса, оларды басып-жаншу үшін түрлі айла-амалдарды қарастырылып жатқандығының белгілі болғандығы жөнінде деректің бар екендігі хабарланыпты.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, ресми билік алдағы президент сайлауынан кейін болуы ықтимал халықтың наразылығын басу үшін Ішкі Істер басқармасына қосымша 5 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр. Мақала авторының айтуынша, бұл қаржының қомақты бөлігіне арнайы әскерді жасақтайтын шеруге шыққандарды таратуға арналған водомет сатып алынбақшы. Сондай-ақ мақалада егер де президент сайлауынан кейін наразылық шеруі орын алып, қарапайым халықтың толқуын басу қиынға соқса, шерушілерге қарсы резинадан жасалған оқ атудың рұқсат етілетіндігі туралы ақпараттың бар екендігі де айтылыпты.

“Сөз” газетінде жарық көрген Шәріп Құрақбаевтың мақаласында да қазақ революциясын биліктің өзі бастағалы отырғандығы туралы болжам жасалыныпты. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы Өскеменде “Әділетті Қазақстан” ұйымының жетекшісі Жармахан Тұяқбайға қастандық әрекетінің жасалғандығын тілге тиек етіп, оны биліктің мұқият жоспарлаған әрекеті ретінде бағалапты. Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, Нұрсұлтан Назарбаев алдағы сайлауда өзінің оппозициядан түсетін үміткер Жармахан Тұяқбайдан жеңіліп қалатынын біліп, осындай әрекеттерге көше бастады.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында өткен жылы қаза тапқан журналист Асхат Шәріпжановтың “Мен неге президентті аяймын” деген мақаласынан үзінді жарияланыпты. Өз мақаласында журналист Асхат Шәріпжанов Қазақстанның басшысы болған Дінмұхамет Қонаев пен Қазақстанның бірінші президенті болуы бақытын иеленген Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолдарын салыстырған.

Автор өз мақаласында Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың өз ұлтына адал қызмет еткендігін айта келіп, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да дәл осындай ұлы тұлға болып қалу мүмкіндігі болғандығына тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстан “екінші Кувейттің” орнына, келешегі күмәнді шет елдік фирмалар мен компаниялар барлық байлығын талан-таражға түсірген ортағасырдағы коллонияға айналды.

Журналист Асхат Шәріпжанов өз мақаласында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның коммандасын уақыт өткен сайын баяулап су астына батып бара жатқан “Титанникке” теңепті.
XS
SM
MD
LG