Accessibility links

IT- компаниялар қашықтан оқыту әдісін дамытуды қолдайды


Қазақстанның бірнеше жоғарғы оқу орынында соңғы жылдары қашықтан оқыту әдісі кең қолданыла бастады. Студент жастар үшін қаржы жағынан тиімді бұл бастамаға IT технологиясымен шұғылданатын ірі компаниялар да қызығушылық таныта бастаған.

Қазақстанда сырттай білім алу жүйесін таяу арада қашықтан оқыту жүйесі алмастыруы керек. Бұл шара Республиканың білім жүйесін жетілдіру концепциясының аясында қолға алына бастады. Қазір Қазақстанның бірқатар жоғарғы оқу орындарында қашықтан оқыту әдісі бір жүйеге келтіріліп жатыр.

Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университеттің құрамындағы автоматика және басқару институтының директоры Мұхит Байбатшаевтың айтуынша, университет бұл әдісті алғаш болып енгізген.

- Бізде аймақтардағы студенттер интернет көмегімен Алматыдағы мұғалімдерден тапсырма алып, оқу орнының сайтындағы электронды кітапхананы пайдалана алады. Мәселен, зерттеу жұмыстары электронды түрде істеледі. Әр студент дербес компьютерінде электронды кітапхана жинақтауы тиіс немесе бірнеше студент жиналып ортақ электронды кітапхана жасап сол жерде дайындалып, жауаптарын жіберіп отыра алады, - дейді директор.

Қашықтан оқытудың мұндай түрінде мұғалім студентті көрмейді, онымен тек электронды пошта немесе FTP- протоколдары арқылы ғана байланысады. Тікелей байланысқа түсіп, сұрақ-жауап алуға да мүмкіндік жоқ, әрі студенттің орнына басқа біреудің жауап беру қаупі де өседі.

Алматыдағы халықаралық бизнес университетінде де биылғы ақпан айынан бастап, қашықтан оқыту жүйесі қолға алынған. Жүйенің негізінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кейстік технология мен телеконференцияны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ТВ технологиясы жатыр.

- Мұндай технологиялар жоғарыда айтылған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Біздегі қашықтан оқыту әдісі телеконференция негізінде құрастырылған. Яғни студент пен мұғалім бір-бірін көре отырып, он-лайн уақытында бір-бірімен сұрақ-жауап алмасып отыра алады. Бұл студенттің орына бөтен біреудің жауап беру мүмкіндігінің жолын кеседі, әрі мұғалім студенттің лекцияларға қатысуын тікелей қадағалай алады, – дейді осы университеттің дайындау бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Шәкірова.

Халықаралық бизнес университетінің бірінші вице-президенті Самажан Өмірзақовтың айтуынша, университет Қазақстанның 6 қаласында осындай қашықтан оқыту орталықтарын ашқан.

- Университетіміздің жанында 6 қашықтан оқыту орталығы құрылған. Олардың бәрі электронды оқулықпен қамтамасыз етілген. Мұғалім мен стңдент арасындағы сұрақ-жауап, тест немесе емтихан алу интерент көмегімен жүзеге асады.

Қашықтан оқыту әдісінің техникалық негізінде IT технологиялар жатқандықтан, бұл салада қызмет көрсететін компаниялар да оған қызығушылық танытуда. Мәселен қазір көптеген IT компаниялар жоғарғы оқу орындарын қашықтан оқыту әдісіне арналған жүйелік бағдарламалар мен жабдықтармен жабдықтауда.

Дүниежүзіне белгілі компьютерлік бағдарлама жасаумен айналысатын “Оракл” (Oracle) корпорациясының Орталық Азия бойынша аймақтық менеджері Бақытбек Әлиевтің айтуынша, өзі қызмет ететін компания да Қазақстанның жоғарғы оқу орындарымен осы бағытта жұмыс істеуге мүдделі.

- Қазір біз жоғарғы оқу орындарына бірнеше ұсыныс дайындап жатырмыз. Соның бірі: Қазақстанның аймақтарында қашықтан оқыту жүйесін дамыту. Компания оқу орындарын бұған қажетті жабдықтармен және бағдарламалармен қамтамасыз етуге әзір.

IT компаниялардың бұған ықылас танытып отыруының себебі бар. Қазақстанда ай ти технологялар нарығы 300 миллион АҚШ долларына дейін жетті. Ол Орталық Азия нарығының 90 пайызын құрайды. Мамандар бұл салада жоғарғы оқу орындарындағы қашықтан оқыту әдісін келешегі зор бағыт ретінде қарастырып отыр. Бұл әрине бизнес үшін. дегенмен шалғайда тұратын студент жастар үшін де бұл әдіс тиімді дейді халықаралық бизнес университетінен Арман есімді есімді студент.

- Кәдімгідей теледидар арқылы, телеконференциялар арқылы оқытылады. Студент үшін артықшылығы сабаққа барудың қажеті жоқтығында шығар.

Ал 23 жастағы Мақсат қашықтан оқыту әдісінің артықшылығы ол студенттің қалтасына салмақ түсірмейді деген пікірде.

- Артықшылығы - Алматыға келудің қажеті жоқ, өз қалаңда жүріп-ақ оқи бересің. Кәдімгі университетке барып жүргендегідей білім аласың, кітап қажет болса, электронды кітапханаға кіріп қажетті кітабыңды алып оқуыңа болады.

Халықаралық Бизнес Университетінің басшылығы жақын арада спутниктік байланыс пен желілік технологиялар мәселесі бір жақты шешілген соң, Лондон, Мәскеу, Дели университеттерінің ұстаздарымен қашықтан оқытуды бастаймыз деп отыр.
XS
SM
MD
LG