Accessibility links

Соңғы 13 жылда Қазақстанда 10 мыңға жуық ғылыми атақ берілген

  • Ғазиз МЕДЕТ

Қазақстан азаттық алған соңғы он үш жылда ресми деректер бойынша, 6 мыңға жуық адам ғылымның түрлі саласы бойынша ғылым кандидаты, 3 мың доцент, тағы 1200 кісі профессор ғылыми атағын иеленген.


Бейресми деректерге сүйенсек, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ғылыми еңбектерін қорғап, іске асырған жас ғалымдардың, яғни жасы 35-ке толмаған мамандардың 50 пайыздан астамы Ресей мен Батыс Европа мемлекеттеріне тұрақты түрде көшіп кеткен. Соның салдарынан, өндірістің дамуына тікелей серпін беретін ғылым түрлерін қаузайтын мамандар тапшы болды. Ғылыммен шұғылдануды мақсат тұтқан талапкерлердің азаюына арқау болған тағы бір себеп ретінде жас ғалымдардың айлық табыстарының аздығын атайды Алматыдағы мемлекеттік орталық мұражайдың деректану және қолжазба бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Белтенов:

- Қиындықтардың ең бастысы, қаржыға келіп тіреледі. Қай жерде қаржы көп болса, мемлекеттің әлеуметтік жағдайы дұрыс болса, жастарға көп көңіл бөлінсе, онда ғылымның да күйі тәуір болады. Сондықтан, үкімет осы іске мән беріп, ғалымдарға уақытылы көмек жасауы керек деп ойлаймын.

Жас ғалым Досымбек Қатранұлы жастардың ғылым жолына түсуге кедергі болатын жайттың ең бастысы - ғылыми-техникалық қордың жоқтығы дейді. Оның сыртында, ғылымды насихаттау ісінің уақытынан кеш жүргізілуі жастардың бұл іске құмарлығын сап тиды деп отыр:

- Өзіме қатысты айтатыным, этнография мен археологияға келіп жатқан жастар саны аз. Жоқ деуге де болады. Бұрынғыдай ғылыми база болмаған соң, тек теория күйінде қалады. Оның сыртында, археология ілімі бойынша, жүргізіліп жатқан қазба зерттеулері де тоқтап қалды. Сондықтан, бұл салада қалыптасқан жас мамандар жоқ.

Ғалым Еркін Қожанұлы Қазақстанда мұнай өндіру ісі дамығалы бері, сырт қалған химия ғылымына да жан кіре бастады деген пікірін айтып отыр. Ал, ғарыш игеруге әлі де септігін тигізетін астрофизика ілімін жалғастыратын жас буын ғалымдардың аздығы Қазақстанда ғылымның бұл саласын кәсіби түрде зерттеу мүмкіндігі шектелу қаупі бар дегенді сөз етеді:

- Қазір ғылыммен айналысуға барлық мүмкіндіктердің бар екенін айтқан жөн. Әрине, әр саланың ізін қуған жас ғалымдар әртүрлі қиындықтарға тап беруі де мүмкін. Мәселен, астро-физика ғылымын қаузайтын жас мамандар өте аз. Тіпті, жоқтың қасы. Көбіне-көп ертеден істеп жүрген қарт ғалымдар қалды. Маман тапшылығы, яғни адам факторының кесірінен, бұл ілімнің Қазақстанда алдағы 5-10 жылда дамымай қалуы да ғажап емес.

Шығыс тілдерін, оның ішінде жапон тілін зерттеуге бел буған Ерлан Ахапов ғылыми атақты қорғау мүмкіндігі шетелде жақсы дамыған дейді. Ал, Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында аспирантура мен магистратураға түсіп, білім алуға тұрмысы нашар ауыл жастарының қалтасы көтере бермейтіндігін айтады:

- Жастарға қиын. Аспирантурада жүріп, алатын ақшалар тым аз. Қайта, шетелде білім алу мүмкіндігі зор сияқты. Білімі бар жастар небір грант пен стипендияға өмір сүре алады.
XS
SM
MD
LG