Accessibility links

Пәкістан мен Үндістан өзара байланысты нығайтуға келісті


Жексенбі күні Пәкістан президенті Первез Мушараф және Үндістан өкімет басшысы Манмохан Синх кездесті. Оның мақсаты - екі тарап арасындағы бейбіт келіссөздерді одан әрі жалғай түсу.

Ядролық қаруға ие бұл қос ел арасындағы келісімдердің нығая түскендігі байқалады. Осының дәлелі ретінде екі ел ойыншылары кездескен крикет ойынын қос басшы бірге тамашаласты. Осыдан бір сағат кейін, жабық есік жағдайында келіссөздер басталған болатын.

Нью-Делиге Пәкістан басшысы Первез Мушараф сенбі күні келген болатын. Осыдан үш жыл бұрын екі жақтың өзара соғыс жағдайында тұрғаны белгілі. Содан бергі аралықта Мушарафтың Үндістанға жасап отырған бұл алғашқы сапары.

Жексенбі күнгі крикет ойынын қос басшының иық тірестіре, қатар барып көруі “бұл екі елдің көп мәселелерде ортақ қызығушылықтары бар” деген ойды олардың көрсетуге тырысқандары болатын. Әрине, ойынды тамашалауға жиналғандар оларды ыстық ықыласпен қарсы алды. Мушараф пен Синх мырзаларға ойын алаңында қос команда ойыншылары таныстырылған еді.

Онда да екі басшының достық жағдайда, жылы жүзбен бірге жүруі жиналғандарды риясыз, қуанышты сезімдерге бөлеп жатты. Әрине, крикет ойынына бірге барып қатысудың- символдық мәні зор. Себебі үш күндік бұл сапарында Мушараф мырзаның спорт ойынын тамашалауға емес, ең бастысы бейбіт келіссөздерді алға жылжытуды көздеп келгені белгілі.

Жабық есік жағдайындағы кездесуден екі сағат бұрын Мушараф және Синх мырзалар қол қысысып, бір-біріне күлімсірей қарап, ұшырасқан болатын. Дей тұрғанмен кездесулер барысында Кашмир мәселесінің басты сауал ретінде қаралатындығын Мушараф мырза айтқан еді.

“Өкімет басшысы Синх мырза, сонымен барлық мәселелер бойынша шынайы да, тәуелсіз келіссөздер болатындығына мен сенемін және тілеймін. Ол келіссөздерге Жамму және Кашмирдің таласты сауалдары да енгізіледі”, - деді Мушараф.

Жексенбілік кездесуді қорытындылай келіп, Синхтың өкілі Санжайа Бару мырза “өте жылы кездесу болды” деді. Оның айтуынша, екі жақ арасындағы сауда және жол мен теміржол байланыстарын жақсарту бағытында арнайы сарапшылар тобын жасақтауға екі басшы келіскен екен. Үндістандағы Муннабаодан Пәкістандағы Хокрапарға дейін арнайы темір жол байланысын орнату жобасы да мақұлданып отыр.

Сринагар мен Музафаррабад арасында бұдан екі апта бұрын жүргізіле бастаған аутобус қатынасын одан әрі жиілете түсу де келісілді. Бұл аутобустар екі ел арасындағы Кашмир аймағын бөліп тұрған шекаралық бақылау сызығын қиып өтеді.

Жексенбілік кездесу алдында Үндістан тарапы, аталған келіссөздер барысында, Кашмирдің екі жаққа бөлініп кеткен отбасы мүшелерінің бірігуі, сауданы өрістету, туризм және мәдени байланыстарды нығайтудың күн тәртібінде тұрғандығын айтқан болатын.

Сондай-ақ екі елдің жағалау күзеттері арасындағы байланыс пен төтенше жағдайлар тұсында сыртқы істер министрлері арасындағы шұғыл телефон желісі байланысын жақсарту, сондай-ақ әскери-теңіз күштері және әскери қолбасшылар арасындағы тәжірибе алмасу бағдарламасын қабылдау мәселелерін Үндістан тарапы ойластырған еді.

Бейбіт келіссөздерге деген ұмтылысқа толы үдеріс 2002 жылы басталған болатын.
XS
SM
MD
LG