Accessibility links

Баспасөзге шолу. 19 сәуір 2005 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда оппозиция тақырыбы сөз болыпты. Алматыда Қазақстан журналистер конгресі форумының өткендігі де мерзімді басылымдардың баса назар аударған тақырыбына айналып отыр.

“Свобода слова” басылымына берген сұхбатында саясаткер Болат Әбілов Қазақстандағы оппозицияның ешқандай да революция жасауға ниеті жоқ екендігін, олардың биліктен тек заңдылықты сақтауды талап етіп отырғанына тоқталыпты. Әбіловтың айтуынша, билік ылғи да заңды бұзып, соттар тек әділетсіз шешім шығарумен айналысып келеді.

Осы сөздеріне дәлел ретінде саясаткер Әбілов өткен парламент сайлауы кезінде “Ақ жол” партиясы сайлаушылар дауысының 40 процентіне ие болғанын, алайда Орталық Сайлау комиссиясы оларды тек 12 процент дауысқа иеленгені туралы шешім шығарғанын атап өтіпті. Сондай-ақ, Болат Әбілов өз сұхбатында Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевты да сынға алыпты.

Болат Әбіловтың айтуынша Ермұхамет Ертісбаев тоқсаныншы жылдардың басында Мемлекет басшысының отставкаға кетуін парламентте талап еткен азаматтардың бірі болған және оппозициялық қызметті дамыту үшін одан екі рет қаржы сұраған. Сондай-ақ, Болат Әбілов өз сұхбатында кезінде Назарбаев құрған коррупциялық режимді құлатуға уәде берген Ермұхамет Ертісбаевтың ендігі уақытта биліктің адамына айналып кеткендігін де тілге тиек етіпті.

Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Экспресс К” басылымының сейсенбі күнгі санына берген сұхбатында қазақстандық оппозицияның арасында ешқандай да бірігу процесінің жоқ екендігін, қайта олардың басшыларының аралығындағы теке-тірестің тек күшейе түскендігіне тоқталыпты.

Ертісбаевтың айтуынша, “Ақ жол” партиясы екіге бөлініп, Асылбек Қожахметов “Алға ДВК” партиясын құруға күш салып жатқан тұста оппозицияның бірігіп жатқаны туралы әңгіменің еш қисыны келмейді. Сондай-ақ Ермұхамет Ертісбаев “Экспресс К” басылымына берген сұхбатында саясаткер Болат Әбіловтың “Свобода слова” газетіндегі оның атына айтылған сөздерінің шындыққа сәйкес келмейтіндігіне өз тұрғысынан дәлелдер келтіріпті.

Ертісбаевтың айтуынша, Жоғарғы Кеңестің 12 шақырылымындағы депутаттардың ешқайсысы да президенттің отставкаға кетуін талап етпеген. Ермұхамет Ертісбаев 1990 жылдың көкегі мен 1993 жылдың желтоқсаны аралығындағы Жоғарғы Кеңестің стенограммалық есебін тексеру арқылы бұған көз жеткізуге болады деп есептейді. Сонымен бірге, Ермұхамет Ертісбаев шынында кезінде Болат Әбіловтен Социалистік партияның құрылтайын және “Республика” басылымын шығару үшін қаржы сұрағанын, алайда, өзіне сол кезде Б.Әбілов саясатпен айналыспайтынын және елде жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында ғана өзінің осындай байлыққа қол жеткізгенін мәлімдегендігін мысалға келтіріпті.

Ал, “Еуразия” газетінде жарық көрген Тұтқабай Фазылбектің мақаласында оппозиционер журналист Сергей Дуванов елдегі оппозицияның бүгінгі көшбасшыларынан бойын аулақ сала бастағандығы айтылыпты. Мақалада журналист Дувановтың оппозицияда биліктің адамдарының пайда болғандығы туралы айтқан сөздерінен мысалдар беріліпті.

“Жас Алаш” басылымы болса Алматыда Қазақстан Журналистер конгресінің форумының өткенін хабарлай келіп, сөз бостандығын қорғайтын “Әділ сөз” қоры таратқан мәліметті жариялапты. Аталмыш мәліметте келтірілген деректерге сүйенсек, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 3 бірдей БАҚ қызметкеріне шабуыл жасалып, ақпарат құралын таратуға 8 рет шектеу қойылыпты.

Президенттің ар-абыройына кір келтіргені үшін екі басылымның үстінен қылмыстық іс қозғалса, өзгенің ар-намысына кір келтіргені үшн салынған жалпы айыппұл мөлшері – 183 триллион 62 миллион 220 мың теңгені құрапты. Сондай-ақ, «Әділ сөз» қорының бұл мәліметінде журналистерге қоғамдық маңызы бар ақпарат алуға 108 рет кедергі келтірілгені жазылған. “Әділ сөз” қоры таратқан мәліметтерде көрсетілген мерзім ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын сотқа сүйрегендерінің 11-і шенеунік, 9-ы заңды тұлға, 12-сі жеке тұлға екендігі де атап өтіліпті.

“Айқын” басылымы болса дүйсенбі күні Алматыда өткен Қазақстан Журналистер конгресінің форумында осы конгрес ұсынып отырған “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасы талқыға түскенін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, БАҚ туралы заң жобасындағы көбірек әңгіме өзегіне айналған тақырып - теле және радио хабарларды мемлекеттік тілде тепе-тең дәрежеде беру жайы болған.

Қазақстан журналистер конгресі атқару комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның пікірінше «бүгінгі таңда Қазақстан ақпарат кеңістігінде қазақ тілінің аясы кеңіп келеді».
XS
SM
MD
LG