Accessibility links

Cоңғы 13 жылда Арқалықтан 52 мың адам сыртқа көшіп кеткен

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстан үкіметі Арқалық қаласын дамыту жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Онда Арқалық өз мәртебесін сақтап қалуы үшін жергілікті әлеуеті бар екендігі айтылды. Саясатшылар мен экономистер Арқалықтай әлеуеті бар Жезқазған, Семей қалаларының да қайта түлеуіне, облыс орталығы болуына негіз бар деп есептейді.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин мұндай әлеует бұрын да болғандығын, таяуда, Торғай, Жезқазған, Семей облыстарын ашылуы мүмкін екенін айтады. Оппозиция қайраткері мұны президенттің сайлау алдындағы ұпай жинау мақсатындағы саясаты болады деп тұспалдайды.

2005 жылдың басында Арқалық қаласындағы жағдайды зерттеу үшін үкіметтік арнайы комиссия құрылған болатын. Үкіметтің баспасөз қызметкері Нұрлан Қалқа мамандар ол қаланың экономикалық қиындыққа ұшырауының негізгі себептерін анықтап, жағдайды тұрақтандыру үшін ұсыныстар әзірледі дегенді айтады.

«Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай, Торғай өңірі бойынша тілшісі Қайсар Әлімнің айтуынша, 1997 жылы Торғай облысының орталығы мәртебесінен айырылғалы бері Арқалықтан сыртқа қоныс аударушылардың саны еселеп артқан. Облыс орталығы мәртебесінен айырылған кезде 72 мың тұрғыны болған Арқалықта қазір 20 мыңға жуық қана адам қалғандығын айтады журналист Қ.Әлім.

- Арқалықты көтерудің ең дұрыс жолы бокситке иелік етіп отырған «Қазақстан аллюминиі» АҚ-ынан қала бюджетіне тиесілі салықты уақытында алып отырса болғаны, - дейді ол.

Үкіметтік комиссия мүшесі, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің директоры Тобылбек Омаров болса, қаланың инфрақұрылымын дамыту үшін Жезқазған, Қызылордамен жалғастыратын теміржол салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды көбейту жолын ұсынады.

Парламент Мәжілісіне Қостанай облысынан сайланған депутат, «Отан»партиясының мүшесі Бағила Баймағамбетова болса, Арқалықтан Қостанайдағы ірі кәсіпорындардың бөлімшелерін ашу қажет деген пікірде. Қазақстан Коммунистік партиясының төрғасы Серікболсын Әбділдиннің пікірінше Арқалық Кеңес дәуірінің кезінде өзін-өзі асыраған облыс болған. Жезқазған да, Семей де солай болды дейді коммунист Әбділдин:

- Президент Назарбаев «атқару билігін асырай алмайды» деген желеумен үш облысты жапты. Ал шындығында Жезқазғанда өндірілетін мыстың өзі үш облыстың атқару билігін ұстап тұруға жарайтын. Таяуда Торғай, Жезқазған, Семей облыстарын ашса, ол Президенттің сайлау алдындағы саясатына айналады.

Үкіметтің баспасөз қызметкері Нұрлан Қалқаның айтуынша, Арқалықты дамыту жобасының қорытындысы мамыр айына дейін шығарылуы тиіс көрінеді.
XS
SM
MD
LG