Accessibility links

«Астана» халықаралық байқауының болашағы бұлдыр


«Жас Қанат» республикалық байқауының, «Азия дауысы» және «Астана» халықаралық конкурстарының бас продюссері Мұрат Ерғалиев алдағы жылы «Жас Қанат» байқауының Астанада өтетініне күмәнді. Себебі, «Астана» халықаралық конкурсын биылғы жоспардан түрлі сылтаумен алып тастады деп түсіндіреді Ерғалиев.

- «Астана» халықаралық байқауына шетелден әншілер келіп, қазақ әндерін өз тілдерінде орындайтын. Бұл байқау Астанада екі рет өткізілді. Байқау биыл үшінші рет өтуі керек еді. Енді оны кестеден алып тастады. Мұндай шешімді қабылдаған әкім, одан басқа кім болады? - дейді аталған конкурстардың бас продюссері Мұрат Ерғалиев.

Ал, Астана қалалық мәдениет департаментінің директоры Асқар Бөрібаев болса «Астана» халықаралық байқауының жабылу себебін шетелден келген орындаушылардың осы байқаудан кейін өз елдерінде қазақ әндерін орындау-орындамаулары белгісіз деген жайтпен түсіндіреді.

«Жас Қанат» республикалық байқауы, «Азия дауысы» және «Астана» халықаралық конкурстарының бас продюссері Мұрат Ерғалиев «Астана» халықаралық байқауының жабылатынын жұрттың ең соңынан естігенін айтады. Ерғалиев мырза байқаудың жабылуына өзіндік себептер бар дейді:

- Көпшілікке ұнамайды деген уәждері бар. Шын мәнінде, себеп басқада - олар өз жобаларын өткізгісі келеді.

Астана қалалық мәдениет департаментінің директоры Асқар Бөрібаев Астана халықаралық конкурсы жабылуы мүмкін екенін растайды.

- Әншілердің байқауда орындаған әндерін өз елдеріне барған соң орындай ма, орындамай ма - біз оны ешқандай тексере алмаймыз. Астанада ол конкурс болған кезде өлең сөздерін де, әндерін де бұрмалайды. Бұл бізге онша ұнаған жоқ, көпшіліктің де пікірі сондай, - дейді А.Бөрібаев.

Оның айтуынша, Астанада қазақ әндерінің жастарға арналған фестивалін өткізу жоспары бар екен. Ал Мұрат Ерғалиев биылғы қаңтар айының басында байқаулар кестесі бекітілген жоспардың қаулысы болғанын алға тартады. Онда Астана халықаралық байқауының кестесі бекітілген.

- Біз барлық әртістермен жұмыс істей бастадық. Он екі елдің ең күшті әртістері дайындала бастады. Енді оны алып тастады. Ұятқа қалғандай болдық, - дейді Ерғалиев.

Аталған халықаралық байқаудың әділ қазылар алқасының мүшесі болған, ақын Шөмішбай Сариев мұндай конкурс өте қажет деп санайды. Ол аталған байқауды өткізу қазақ өнерін насихаттаудың бір жолы деп біледі.

Ал, 25 жыл сахнада өнер көрсетіп келе жатқан әнші Майра Нүркенова Астана халықаралық байқауы қажет деп есептемейді. Әншінің пікірінше, қазақ әншілерінің шетелдерде ән салып, ұлттық өнерді насихаттауына мүмкіндік беру керек.
XS
SM
MD
LG