Accessibility links

Атасу-Алашанькоу құбыр құрылысының жұмысшылары наразылық білдірді

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Атасу-Алашанькоу бағытындағы мұнай құбырын төсеп жатқан 150-ге тарта жұмысшы сәуірдің 19-ы күні, жұмысқа шығудан бас тартқан. Құбырларды дәнекерлеуші Ғинаят Құлиевтің Азаттық радиосына айтуынша, оған құрылыстың бас мердігері «Қазстройсервис» кәсіпорының жұмысшыларды қарыз етіп қойғаны себеп болған.

- Кеше айлық есебі шыққан екен, жұмысшылардың барлығы дерлік мекемеге қарыз болып қалыпты. Айлап жүріп еңбек еткенімізде, қалай қарыз болып қалғанымызды түсінбедік. Соны бізге түсіндірмейінше біз жұмысқа шықпаймыз деп шештік, - деді Ғинаят Құлиев.

Жұмысшы Петр Байпеков «Қазстройсервис» кәсіпорыны басшылары өздерін жұмысқа аларда көп жалақы төлейміз деп уәде бергенін айтады:

- Бұл кәсіпорын жұмысын істетіп алып, артынша ақыңды бермей алдайды. Бұлар жұмысқа аларда жақсы ақша төлейміз деген болатын, ал қазір көптеген жұмысшылар не жалақы ала алмай, әрі аяқ астынан қарыз болып отыр.

Осы мәселеге байланысты Азаттық радиосының сұрағына берген жауабында Атасу-Алашанькоу бағытындағы мұнай құбырының Ақадырдағы бөлігінің директоры Анатолий Царенко жұмысшылардың ереуіліне негіз болған жайт есепшілердің қателігінен болуы мүмкін дегенді айтты:

- Әрине, еңбекақыға байланысты кейбір шешілмеген мәселелер бар, бұл кәсіпорын бухгалтериясының қателігінен кеткен болуы керек. Дегенмен, жұмысқа шықпай ереуілдеген жұмысшылардың жалақыға қарыз болып қалғандарын қайдан естігендерін білмеймін, білетінім - кезектерін ауыстырып Ақтауға барған кейбір жұмысшылардың мекеме алдында қарыз болып қалғаны, бұлар соны естіп алып, біз де қарызбыз деп ойлаған болуы керек. Тағы бір қосатыным - жұмысшылардың талаптарымен танысу үшін көкектің 20-сы күні Ақадырға Ақтау қаласынан “Қазстройсервис” акционерлік қоғамның директоры Аманқос Өтешұлы мен осы кәсіпорынның бас бухгалтері келмекші.

Сейсенбі күні түс қайта Азаттық радиосының тілшісі қайтадан хабарласқанда, наразылық білдірген жұмысшылардың бірі Ғинаят Құлиев, мұнай желісінің Ақадыр аумағындағы директоры Анатолий Царенко жұмысшылар ереуілдеген соң ғана оларға келіп жолығып, “барлық мәселені шешеміз, тек жұмысқа шығыңдар” деп өтінгенін айтты:

- Мінеки, бізге оқып берді - жұмысшылар кәсіпорынға ең азы 11 мың, ал кейбірі 20 мың теңге қарыз. 3 айдан бері еңбек еткен адамдардың алғандары 3-5 мың теңге ғана. Енді келіп бізден кешірім сұрап отыр, жұмысқа шығыңдар, бізден бір қателік өтті дейді.

Жұмысшы Ғинаят Құлиевтің айтуынша, жұмысшылардың мекеме алдындағы түсініксіз қарызы олардың қойып отырған бір ғана талабы емес: олар сонымен қатар, тағы бірнеше талап қойып отыр екен.

- Айлығымызды көтерсін, магистральдің біздің аумақтағы бастығын орнынан алып, біздің еңбекақы қайта қарасын. Біздің талаптарымыз осы, - дейді дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін Ғинаят Құлиев.

Осы даулы мәселеге қатысты түсініктеме беруін сұрап, Қарағанды облыстық халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау департаменті бастығының орынбасары Нұрбек Дайырбекұлына хабарласқан Азаттық радиосына ол кісі мынадай жауап берді:

- Заң бойынша, жұмыс беруші қандай жағдайда да жұмысшыға оның еңбек ақысын төлеуге міндетті. Әзірге бұл мәселеге қатысты ешкім арыз айтып келмегендіктен, бізде ешқандай нақты мәлімет жоқ. Жақын арада мәселені анықтау үшін, ол жаққа арнайы инспектор жібереміз, егер жұмыс берушінің тарапынан заң бұзушылық фактілері анықталса, оларды әкімшілік жауапқа тартамыз.

Жобаға сәйкес, келешекте Атасу-Алашанькоу мұнай магистралі арқылы жылына 10 миллион тонна мұнай тасымалдауға болады, ал оның жалпы құны 3 млрд-қа жуық АҚШ долларына бағаланған. Жоспар бойынша, мұнай құбырының жұмыстарын 2005 жылы аяқтау көзделген. Қазақстан үкіметінің басшылары Қазақстан мен Қытайдың бірлескен мұнай құбыры Қазақстан үшін аса маңызды деп бірнеше мәрте мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG