Accessibility links

Баспасөзге шолу. 20 сәуір 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбі күні басылымдарда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік қызметі экс-президент Асқар Ақаевтың күйеу баласы, Қазақстан азаматы Әділ Тойғанбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғағаны жайлы, ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның ұйымдастыруымен Алматыда Еуразиялық медиа-форум басталатыны хабарланыпты.

“Литер” басылымының сәрсенбі күнгі санында жарық көрген Екатерина Торопованың мақаласында Қырғызстан Ұлттық Қауіпсіздік Қызметі экс-президент Асқар Ақаевтың күйеу баласы, Қазақстан азаматы Әділ Тойғанбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғағаны хабарланыпты.

Мақала авторының айтуынша, қырғыз елінде билік басына жаңадан келгендер Әділ Тойғанбаевтың иелігіндегі бизнесті ғана емес, оның бақылауындағы фирмаларды да тексере бастаған. Автор өз мақаласында Қазақстан азаматы Әділ Тойғанбаевтың осы уақытқа дейін Ер Манастың жеріндегі ең ірі бай адамдардың бірі болғанын айта келіп, Бішкекте орын алып отырған кейбір оқиғаларға да тоқталыпты.

Газет тілшісінің хабарлауынша, Бішкек қаласы мен оған қарайтын аймақтың тұрғындары Қырғызстан парламентінен жер беруге мораторий енгізуді талап етіп отыр. Сондай-ақ, мақалада екі апта бойы Қырғызстанда шерулер өтіп, оңтүстік аймақ тұрғындарының қалалық жерлерді басып алып жатқаны туралы дерек келтіріліпті.

“Литер” басылымының хабарлауынша, бүгінгі уақытта Жогорку Кенеш ғимаратының алдында шерушілердің үш тобы жиналған. Бірінші топ парламент спикері Өмірбек Текебаевқа қарсы шығып, оны экс-президент Асқар Ақаевтың отбасына көмек көрсетті деп айыптаса, екінші топ Бермет Ақаеваның парламентке келгеніне наразылық білдіруде, ал үшінші топ астана мен оған жақын орналасқан жерлердің берілуін талап етуде.

“Айқын” басылымы болса Қырғызстандағы оппозициялық бұқаралық ақпарат құралдарының экс-президент Асқар Ақаевтың күйеу баласы Әділ Тойғанбаевтың медиа-бизнесті, алкоголь өндірісін, коалициялық күштердің “Манас” әуежайындағы әскери авиабазасына жанар-жағармай жеткізуді өз бақылауында ұстап келгенін хабарлап жатқаны туралы мәлімет келтіріпті.

Мақалада, сондай-ақ, Қырғызстан Республикасы президентінің міндетін атқарушы Құрманбек Бакиевтің президент отбасы жекешелендірілген меншіктер мен мүлкіне байланысты даулы мәселенің тек сот арқылы ғана шешімін табатындығы туралы мәлімдегендігі де хабарланыпты.

“Экспресс К” басылымының сәрсенбі күнгі санында саясаттанушы Касым Көпжасардың Қырғызстанда орын алып отырған соңғы оқиғаларға байланысты талдау мақаласы жарық көріпті. Автордың сараптамасына сүйенсек, Қырғызстан мемлекетінде билік ауысқаннан кейін, парламенттік дағдарысты қалпына келтіру қиынға соғып отыр.

Мақала авторының айтуынша, бұрынғы билікке бүйрегі бұрып тұратын депутаттардың өз арасында көп мәселеге қатысты келісімге келуі қиындық туғызуда. Саясаттанушы Қасым Көпжасардың мақаласында келтірілген кейбір деректерге сүйенсек, Қырғызстанның оңтүстік аймағындағы нақты билік губернаторлардың емес, есіркті бизнесімен айналысатын қылмыстық топтардың ықпалында кетіп қалған.

Сондай-ақ мақалада Қырғызстанның оңтүстігінде этникалық өзбектер мен қырғыздардың арасындағы теке-тірестің күшейіп келе жатқаны да айтылыпты.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның ұйымдастырумен бейсенбі күні Алматыда өткелі отырған Еуразиялық медиа-форум да сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдардың назарынан тыс қалмапты.

“Егемен Қазақстан” басылымының сәрсенбі күнгі санында осы оқиғаға орай Еуразиялық медиа форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаевамен жүргізілген сұхбат жарияланыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Дариға Назарбаева Еуразиялық медиа-форумның бүкіләлемдік қауымдастықты толғандыратын мәселелер бойынша Еуропа және Азия журналистерінің еркін пікір алмасуына мүмкіндік беретін маңызды жиын екендігін атап өтіпті.

Дариға Назарбаеваның айтуынша бұл медиа-форум жұмысына әлемнің алпыстан астам елінен медиалық, саяси және сараптама ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысады.

“Жас Алаш” газетінің соңғы санында жарық көрген Руслан Ерболұлының мақаласында төрт жыл қатарынан Алматының қақ төрінде өткізіліп келе жатқан медиа-форумның жұмысы сынға алыныпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, әлемнің әр түкпірінен келген журналистер мен саясаткерлер түрлі саладағы пікірлерін айтып Алматыда бас қосқанымен, жер жаһандағы саясатты, ақпарат ахуалын түзетерлік, өзгертерлік нақтылы шешім қабылдамайды.

Мақала авторының айтуынша ресми билік осы форумды өткізу арқылы Қазақстанды сырт көзге жарнамалағысы ғана келеді. Сондай-ақ, Руслан Ерболұлы өз мақаласында Қазақстан тәуелсіздік алғанына талай жыл өтсе де кез-келген еркін пікірге жол берілген қоғамдық телеарнаның жоқтығына да тоқталып, осыған қатысты сауал Дариға Назарбаеваға қойылған кезде, оның барлық мәселені қаржыға әкеліп тіреп қойғанын да мысалға келтіріпті.

Алайда, мақала авторы барлық мәселенің тек қаржыға тіреліп тұрғандығына күмән келтіріп, осы “Медиа-форум” өткізу үшін қыруар қаражаттың шашылатындығын атап өтіпті.
XS
SM
MD
LG