Accessibility links

Қазақстанда тағы бір оппозициялық саяси партия құрылмақ


Сәуірдің 20-сы күні Қазақстанда «Нағыз «Ақ жол» деген атаумен жаңа саяси партия құрылатыны туралы жарияланды. «Ақ жол» партиясының бұрынғы тең төрағалары Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Алтынбек Сәрсенбайұлы ұйымдастырғалы отырған жаңа партияның бағдары мен мақсаты «Ақ жол» партиясыныкіне ұқсас.

«Нағыз «Ақ жол» партиясы ұйымдастыру комитетінің мүшелері Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Алтынбек Сәрсенбайұлы жаңа партияның құрылтайын өткізіп, оның мүшелерінің санын 50 мыңға жеткізуге сенімді екендерін айтады. Алтынбек Сәрсенбайұлы жаңа партияның атауына байланысты былай дейді:

- «Ақ жол» партиясында пайда болған даулы жағдайдан кейін, біз республиканың түпкір-түпкірінде көптеген кездесулер өткіздік, соларда халық «Нағыз «Ақ жол» - сендерсіңдер!» дегенді жиі айтып жүрді. Сол себептен біз партияның аты мен затын өзгертіп жатпай, «нағыз» деген сөзді халықтың өз аузынан алып, партияның атауы ретінде қостық. Әрине, жаңа партия болғандықтан белгілі бір өзгерістер де болады. Бірақ, «Ақ жол» партиясының бағдарламасы, «Ақ жол» партиясының сайлау алдындағы платформасы, «Ақ жол» партиясының халқымыздың алдына ұсынған құндылығы - біздің жұмысымыздың негізі болады.

Ораз Жандосовтың айтуынша, бұл азаматтардың «Нағыз «Ақ жол» партиясын құруға Қазақстанның әділет министрлігінің бұлардың жолдаған сауалына берген жауабы себеп болыпты. Ол жауапта Қазақстанның әділет министрлігі «Ақ жол» партиясының Әлихан Бәйменов бастаған бөлігінің наруздың 13-күні Астанада өткізген партия құрылтайында қабылданған шешімді заңды деген баға берілген.

«Ақ жол» партиясының Астанада өткен ол құрылтайында партия жетекшісі болып Әлихан Бәйменов бір өзі ғана сайланған болатын. Ал ол шешімді мойындамаған Ораз Жандосов, Болат Әбілов және Алтынбек Сәрсенбайұлы бастаған топ, жаңадан саяси партия құру керек деп шешкен екен. Бұл жаңа партияның «Ақ жол» партиясынан ерекшелігі қандай болады деген Азаттық радиосының сұрағына Алтынбек Сәрсенбайұлы былай деп жауап берді:

- Біздің ерекшелігіміз - іс-қимылымызда болады. Себебі, бағдарламаны жазу немесе сол бағдарламаны насихаттау бір бөлек, ал бұл бағдарламаны жүзеге асыратын сәт туған кезде, іс-қимыл жасау - ол бөлек нәрсе. Біз нақты іс-қимылдармен сол бағдарламаны жүзеге асыратын нағыз «Ақ жол» боламыз.

Үш бірдей бұрынғы тең төрағаның жаңадан саяси партия құру жайлы ниетіне Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин қолдау айтады. Тек, партияның атын өзгерту керек еді дейді коммунистер жетекшісі:

- Жалпы, «Ақ жол» партиясының екіге бөлінуіне биліктің араласқаны белгілі. Ал, қайтадан партия құрамыз деген азаматтар нағыз елдің қамын ойлап отырған тұлғалар, сол себептен мен оларды қолдаймын.

«Нағыз «Ақ жол» партиясына бір ғана тұлға жетекшілік етпей, осының алдындағыдай бірнеше тең төраға болады. Ондай қадамға өздері саналы түрде барып отырғандықтан, болашақта бұл мәселе төңірегінде ешқанлдай дау туындамайтынына жаңа партия жетекшілері сенімді екендерін айтады. Ал Қазақстан президентінің саясатын қолдайтын «Азаматтық» партияның жетекшісі Азат Перуашев жаңа партия құрушылардың ісіне сын айтады.

- Олар «Ақ жол» партиясының атын өздеріне алғысы келіп отыр. Бұл, менің пікірімше, ресми «Ақ жол» париясына өз зиянын тигізеді.

Алайда, жаңа партияны құрушылар «Ақ жол» партиясын президент сайлауы алдында әдейі екіге бөліп, іштей ірітуді жүргізген билік, бұл арнайы ойластырылып жасалған деп санайды.

Сонымен, биылғы жыл басынан бері Қазақстанда осымен екінші рет билікке оппозициялық бағыттағы жаңа саяси партия құрылатыны жарияланып отыр. Бұған дейін, наурыз айының 29-ында, тағы бір топ азамат «Алға, ҚДТ» деген саяси партия құрмақ боп жатқандарын паш еткен еді.

Олар қаңтардың 6-сы күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен қызметі тоқтатылған, ресми билікке оппозициядағы «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» халықтық партиясының ісін жалғастыратыны жайлы айтқан-тұғын.
XS
SM
MD
LG