Accessibility links

Баспасөзге шолу. 21 сәуір 2005 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген оппозициялық басылымдарда Қазақстанда президент сайлауы жақындап қалғаны, биліктің оған астыртын түрде дайындалып жатқандығы айтылыпты. Кейбір тәуелсіз басылымдарда президент сайлауының алдында саясаткер Болат Әбіловтың тұтқындалуы мүмкін екендігі хабарланыпты.

“Сөз” газетінің бейсенбі күнгі санында жарық көрген мақаласында журналист Шәріп Құрақбаев билік президент сайлауы туралы ашық айтпаса да, тіпті оны 2006 жылдың желтоқсанында өтеді деп жоспарлап жүрсе де, оған өздері ашық та астыртын дайындалып жатыр деген байлам жасапты.

Мақала авторының айтуынша, Зағипа Бәлиеваның Орталық Сайлау Комиссиясы төрайымы қызметінен босатылып, оның орнына Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтың келуі – сол дайындықтың шарықтау шегіне жеткендігін білдіреді. Автор өз мақаласында заң бойынша төрайыммен бірге бүкіл Орталық Сайлау Комиссия мүшелері де қызметтерінен кетуі керек екендігіне тоқтала келіп, олардың өз орындарында қалғандығына орай, алдағы президент сайлауы ескі сценаримен өтетінін білдіреді деген қорытынды жасапты.

Журналист Шәріп Құрақбаевтың пікірінше, биліктің сайлау өтетін уақытпен елді әдейі шатастырып, екіншіден Орталық Сайлау Комиссиясының төрағалығына сайлаудың әділетсіз өтуіне жол ашып беретін заң жобаларын дайындаған адамды әкеп отырғызуы - биліктің алдағы сайлауға қызу дайындалып жатқандығын аңғартады.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген журналист Сергей Дувановтың мақаласында президент сайлауының алдында билік ақпараттық алаңды тазартып жатыр деген қорытынды жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстанда тәуелсіз басылымдарды сот арқылы жапқызу дәстүрге айналып барады.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, тәуелсіз басылымдарды жабу ісіне ең алдымен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті жұмылдырылады. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы аталмыш комитеттің бастамасымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-ожданына кір келтіргені үшін «Дат” және “Вести Павлодара” басылымдарының үстінен қылымыстық іс қозғалғандығын, “Сөз” газетінің қызметі тоқтатылғандығын мысалға келтіріпті.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы өтетін президент сайлауында жеңіске жететіндігіне сенімді емес. Журналист Сергей Дувановтың пікірінше, егер де президент халықтың өзін қолдайтындығына сенімді болса, оппозициялық партиялар мен тәуелсіз басылымдарды жапқызатын қадамдарға бармас еді.

Автор өз мақаласында егер де Қазақстанда билік ауысса Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қарамағындағылар барлық байлығынан айырылып қалады деген қорытынды жасап, президенттің еш уақытта да өз еркімен биліктен кетпейтіндігі туралы тұжырымға келіпті.

“Азат” газеті арқылы Мемлекет басшысына ашық хат жолдаған Жамбыл облысының тұрғыны Мақан Уақтегі көршілес Қырғыз Республикасындағы төңкерістен ұлағатты сабақ алу керектігін айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтан алдағы өтетін президент сайлауына үміткерліктен бас тартуын сұрапты.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген Ербол Құрманбаевтың мақаласында “Қазақгейт” оқиғасы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең үлкен қайғысына айналып отырғаны айтылыпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қиын өмірін өзі қалыптастырды.

Мақала авторының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев өзі құрған коррупциялық жүйенің тұтқынына айналып отыр. Сондай-ақ, “Свобода слова” басылымында жарық көрген журналист Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында Президент сайлауының алдында саясаткер Болат Әбіловтың тұтқындалуы мүмкін екендігі хабарланыпты.

Дегенмен автор бұл мақалада Болат Әбілов саясаткер ретінде танылып, оппозицияның көшбасшысына айналғаннан кейін, биліктің оны түрмеге жапқызуының қиынға соғатындығын да тілге тиек етіпті. Журналист Гүлжан Ерғалиева билік кәсіпкер Болат Әбіловті түрмеге жапқызса, бұл ахуал елдің үлкен наразылығын туғызады және халықаралық қауымдастық тарапынан мемлекетке деген сенімсіздікті онан сайын ұлғайта түседі деген тұжырым жасапты. Мақала авторының айтуынша, кәсіпкер Болат Әбілов биліктің жоғарғы эшалонындағы коррупциялық былықтың бәрін жақсы білетіндіктен, оның көзін құртудың амалы қарастырылып жатыр.

“Время” газетінде жарық көрген Виктор Верктің мақаласында кезінде Болат Әбіловпен бизнес саласында жұмыс істеген кәсіпкерлердің құқық қорғау орындары тарапынан қысымға ұшырап жатқандығын баяндаған хат редакцияға келіп түскендігі хабарланыпты.

“Время” газетіне хат жолдаған кәсіпкер соңғы айларда Болат Әбіловпен бірге жұмыс істеген азаматтарды оның айналысқан бизнесінің заңсыз болғандығы туралы құжатқа қол қоюды мәжбүрлеп жатқандығын тілге тиек етіпті. Осыған орай мақала авторы билікке бүйрегі бұратын басылымдардың Болат Әбіловтен жау бейнесін сомдап жатқандығы кездейсоқтық емес деп есептейді.
XS
SM
MD
LG