Accessibility links

Астанада қазақша күрестен студенттер жарысы басталды


Сәуірдің 21-і Астанада Қазақстан жоғары оқу орындары студенттерінің үшінші жазғы универсиадасы аясында қазақша күрестен республикалық жарыс басталды.

Агро-техникалық университетте екі күні бойы өтетін балуандар жарысына республиканың оқу орындарынан 26 команда қатысып отыр. Сайысқа түскен 160 балуанның 9-ы студенттер арасынан шыққан спорт шеберлері екенін айтты Азаттық радиосына агро-техникалық университеттің спорт клубының төрағасы Дәулет Хамзин.

Ал, сайысқа қатысушы студент-балуандар қазақша күреспен айналысып, келешекте ел даңқын шығарғысы келетіндерін, бірақ спорттың бұл түріне әлі де қолдау жасау қажеттілігін айтады.

Қостанай мемлекеттік университеті атынан қазақша күрес сайысына күш сынауға келген Нұржан Азбектің спорттың бұл түрімен айналысқанына жеті жыл болыпты. Қазақша күрес - ұлттық спорттың бір түрі болған соң өзіне ұнайтынын, оны дамытқысы келетінін айтқан Нұржанның пікірінше, республикада дамып келе жатқан спорттың бұл саласына қолдау жасау да қажет.

Сайысқа қатысушы Қазақ халықаралық сауда және экономика университетінің студенті Мақсат Күнгейовтің қазақша күреспен айналысқанына бір жылдан енді асыпты.

- Спортпен айналсудың пайдасы көп, - дейді Мақсат.

Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің студенті Роллан Шакиев ұлттық күрестен Қазақстанның спорт шебері. Ролланның қазақша күреспен айналысқанына 10 жыл болыпты. Ол қазірде жастар арасында спорттың бұл түріне деген қызығушылықтың жоғары екенін айтады.

Осы сайысқа жанкүйер болып отырған Дулат Жұманбаев қазақша күреспен айналысып, ел атағын шығарсам деген өз арманымен бөлісті. Ал, Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3-ші курс студенті Ербол қазақша күресті дамытып, жастарды спортпен айналысуға тарту қажет деп есептейді.

Қазақ көлік коммуникациялар академиясының аға оқытушысы, жаттықтырушы Торғын Абылқайырова студенттер арасында спорт сайыстарын мейлінше көп ұйымдастыру қажет деп санайды. Агро-техникалық университеттің спорт клубының төрағасы Дәулет Хамзин сутденттер қазақша күреске көп ықылас танытады деп отыр.
XS
SM
MD
LG