Accessibility links

Қазақстанның оппозициялық газетінің редакторын Ресейде ұстап, кейіннен босатты

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстандық оппозициялық басылым “Республика. Деловое обозрение” газетінің бас редакторы Ирина Петрушова Ресейде ұсталып, кейіннен бостандыққа жіберілді.

Ресейдің Волоколамск қаласында, Қазақстанда шығатын “Республика. Деловое обозрение” апталық газетінің бас редакторы Ирина Петрушованың ұсталғандығына байланысты, сәуірдің 25-і күні түстен кейін Алматы қаласындағы Ресей консулдығының алдына қазақстандық саясаткерлер, халықаралық және қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиналып, өз наразылықтарын білдірген мәлімдемені Ресей консулына табыс етті.

Алматыдағы Ресей консулдығының алдына келгендердің бірі, Қазақстан парламенті мәжілісінің экс-депутаты Төлен Тоқтасынов бұқаралық ақпарат құралдарына, өткен аптаның соңында Ресей жерінде қазақстандық “Республика. Деловое обозрение” басылымынның бас редакторы Ирина Петрушованы сол елдің милициясы ұстауының астарында саяси мақсат бар деп санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ирина Петрушованы ұстаудағы мақсат - “Республика. Деловое обозрение” газетінің жұмысын уақытша болса да тоқтатуды көздейді.

Ал, қазақстандық тағы бір оппозициялық басылым - “Апта kz” газетінің бас редакторы Жасарал Қуанышәлин журналист Ирина Петрушованың ұсталуын Қазақстандағы келесі президент сайлауымен тікелей байланысы бар деп есептейді. Оқиғаның мән-жайымен таныстырған “Республика. Деловое обозрение” газеті бас редакторының орынбасары Галина Дырдинаның айтуынша, Ирина Петрушова паспорттық ережеге байланысты Волоколамск аудандық милиция бөліміне барған кезде ұсталған.

- Ирина Петрушова өткен жылы қазақстандық заң орындарының салық заңын бұзды деген айыптауына қатысты жасаған сұрауы бойынша ұсталып отырған сыңайлы. Біздің ойымызша, Қазақстан билігі президент сайлауының алдында “Республика. Деловое обозрение” газетінің бас редакторы Ирина Петрушованы тұтқындау арқылы аталмыш басылымды жабуды мақсат тұтып отыр, - деді “Республика. Деловое обозрение” газеті бас редакторының орынбасары Галина Дырдина.

Осы мәселеге қатысты түсініктеме беруін өтініп Азаттық радиосы Қазақстан Республикасы экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттікке хабарласқан еді. Алайда, агенттіктің баспасөз хатшысы Александра Власова бұл туралы ешқандай да мағұлыматты білмейтіндігін айтып жауап берді.

Бұған дейін Қазақстан сотының шешімімен жабылып қалған “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” өкілі Владимир Козлов Азаттық радиосына, өзінің сәуірдің 25-і күні түстен кейін Волоколамск қалалық прокурорымен хабарласқанын, Ирина Петрушова ұсталған аудан прокурорының оны босатуға ешқандай да негіздің жоқ екендігін мәлімдегендігінен хабардар етті.

- Олардың Ирина Петрушованы ұстауға негізі бар. Өйткені, бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы тарапынан салынған сұрау бар көрінеді. Сол себептен де олар әлгі сұрау бойынша жұмыс істейді, - деді Владимир Козлов.

Бірақ, дүйсенбі күні Азаттық радиосының сұрағына берген жауабында, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының баспасөз бөлімінің қызметкері Әлім Хайдаров Бас Прокуратура тарапынан “Республика. Деловое обозрение” газетінің бас редакторы Ирина Петрушованы ұстауға байланысты ешқандай да сұраудың салынбағандығын айтты.

Сондай-ақ, осы күні Азаттық радиосы қойған сауалға телефонмен жауап берген Ресей астанасы Мәскеу түбіндегі Волоколамск қаласы прокурорының орынбасары Виктор Тюленев, Ирина Петрушованың расында да Қазақстан заң орындарының сұрауы бойынша ұсталғанын хабарлады.

- Қазіргі уақытта Ирина Петрушова есімді адам Волоколамск қаласы, Волоколамск аудандық ішкі істер басқармасында ұсталып отыр, - деді қала прокурорының орынбасары Виктор Тюленев.

Ал, дүйсенбі күні кешке Ирина Петрушованың бостандыққа жіберілгендігі туралы хабар келіп жетті. Азаттық радиосына бұл туралы биылғы жыл басында сот шешімімен жабылған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының өкілі Владимир Козлов хабарлады. Өз айтуынша, Козлов бұл ақпаратты Ирина Петрушованың адвокатынан естіген екен.

Сонымен, бұл журналист Ирина Петрушованың Ресей жерінде осымен екінші мәрте ұсталуы болды. Алғаш рет ресейлік заң орындары қазақстандық журналисті былтырғы жылы наурыз айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ұстап, кейіннен босатып қоя берген болатын.
XS
SM
MD
LG