Accessibility links

Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанына 10 жыл толды


1995 жылы сәуірдің 25-і күні Семей полигонынан Ресейге барлық стратегиялық және тактикалық ядролық қару шығарылған болатын. Ол қару АҚШ-қа беріліп, көзі жойылды деп хабарланды. Ал бүгінде кейбір саясаттанушылар бұл сол кездегі дұрыс қадам десе, келесілері бұл пікірмен келіспей отыр.

Совет одағы ыдыраған соң Ресей, Украина, Белоруссия және Қазақстан ядролық мемлекет атанды. Бірақ, кейіннен бұл тізімнен Қазақстан президенті шығамын деген шешім шығарды. 1993 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің ішінде бірінші болып, ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылып, ядролық елдерден қауіпсіздік кепілдігін алды. Көп ұзамай Қазақстаннан барлық ядролық қару шығарылды.

Қазақстанның кезінде ядролық қарудан бас тартуы әлі күнге дейін қоғамдық пікірге өзек болып келеді. Бұл қадамды құптамайтын пікірлер де естіліп қалады. Астанадағы экономикалық колледж студенті Ертай Закариянов Қазақстан 10 жыл бұрын қателік істеген деп санайды:

- Мына жақта Ресей, мына жақта Қытай бар - Қазақстанда өз ядролық қаруы болуы керек еді, сонда сыйлайды. Ана Ирақты, Ауғаныстанды басып алды ғой, сол сияқты басып алмайды.

Совет одағы ыдыраған соң, Қазақстанның 10 ядролық әскери жарылғышы бар 104 зымыраны және 240 ядролық жарылғышы бар 40 ұшағы болған. Қазақстан ол кезде әлемдегі ядролық қару әлеуеті жағынан төртінші орында тұрған екен. Астанадағы Еуразиялық университет студенті Ербол Айдосовтың айтуынша, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы орынды:

- 10 жыл бұрын қазіргідей лаңкесшілік деген болған жоқ. Екіншіден, ядролық қарудың табиғатқа да зияны көп, мысалы, Семей өңіріне аса үлкен зардап келді ғой.

Ал, саясаттанушы Сейфолла Сапанов, ол кезде Қазақстан ядролық қарудан бас тартпаса, шет елдерден инвестиция тарта алмас еді деген пікір айтады:

- Біз ол кезде ядролық қаруы бар, бірақ экономикасы күйреген ел болдық. Сол кезде біз ядролық қаруды сақтап қалсақ, бізге экономиканы көтеретін инвестиция келмес еді.

10 жыл бұрын, бұқаралық ақпарат құралдарында Ислам мемлекеттері Қазақстанды ядролық қарудан бас тартпауға шақырғандығы жазылған. Мұндай өтініштердің болғанын Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев та мойындайды. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің пікірінше, сол кезде Қазақстан ядролық қаруды сақтап қалған күннің өзінде, үміті бәрібір ақталмай қалар еді:

- Бүкіл әлемдегі мұсылман елдері арасындағы жалғыз ядролық ел деп мақтануға болады, барлық державалар арасында тең сөйлесуге болады деген үмітті ақтамайды.

Алайда, сонымен бірге, саясаттанушы Берік Әбдіғалиев ядролық қарудан бас тартқаны үшін халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға берген қауіпсіздік кепілі іс жүзінде жүзеге асырылатынына күмән келтіріп отыр:

- Ядролық қаруды бергені жалпы дұрыс, өйткені барлық елдер қауіпсіздік кепілдігін берді. Бірақ, ол кепілдік тек қағаз жүзінде қалып қалуы мүмкін.

Ал саясаттанушы Сейфолла Сапанов болса, Қазақстанға ядролық қаруды емес, уран шикізатын табуды дамытқан тиімді дегенді айтады:

- Біз ядролық қаруды емес, уранды, жалпы осы бағдарламаны дамытқанымыз жөн. Болашақта мұнай бітеді, ал ядролық физиканы дамытсақ, экономикамызды дамытудың жаңа көзі болады.

Қазір, Қазақстанның ядролық қару жасауға пайдаланылатын уран шығаруға мүмкіндігі жеткілікті дейді сарапшылар. Олар әлемдегі барлық уран қорының 25 пайызы Қазақстанға тиесілі дегенді айтады. Сонымен бірге, Қазақстан аумағында уран өңдейтін атом өндірісінің кәсіпорындары бар.
XS
SM
MD
LG