Accessibility links

Қазақстанда 1,17 миллион адам жүрек-қан айналымы дертіне шалдыққан

  • Ескендір ЕРТАЙ

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан - Еуропа Одағы, Орталық және Шығыс Еуропа, Орталық Азия елдері арасында жүрек-қан айналымы ауруларынан болатын өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр.

Бұл туралы Ұлттық ғылыми медициналық орталығы кардиолог дәрігерлердің қатысуымен Астанада өтіп жатқан екі күндік ғылыми конференцияда айтылды. Ұлттық медициналық орталықтың басшысы Абай Бәйкенжиннің айтуынша, 2003 жылы Қазақстанда жүрек-қан тамырларымен сырқаттанушылар қатары 1 миллион 170 мың 920 адамға жеткен. Бұл Қазақстан тұрғындарының 8 пайызын құрайды.

- Қазақстанда жылына елу мыңға жуық адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болады, - деді Алматыдағы Сызғанов атындағы ғылыми орталықтың бас ғылыми қызметкері Қуат Абзалиев.

Астанадағы Ұлттық медициналық орталықтың кардиологы Оразбек Сахов жүрек-қан тамырлары ауруларының дүние жүзінде асқынып кеткендігін айтады. Қазақстанда көбінесе тұрғындар осы аурудың тым асқынып кеткен кезінде ғана дәрігерге қаралуға келеді екен.

- Олардың көбі қант диабетін асқындырып алудың салдарынан жүрек-қан тамыры ауруына шалдыққандар, - дейді дәрігер-маман.

Мәскеудегі аурудың алдын алу жөніндегі ғылыми медициналық орталықтың профессоры Александр Мазаевтың айтуынша, Ресей мен Қазақстандағы жағдай ұқсас. Мысалы, қан айналымы жүйесі ауруларынан болған өлім-жітімнің стандартталған коэффициенті 100 мың халыққа шаққанда Қазақстанда қаза болғандар - 809 адамға, Ресейде - 807 адамға жеткен. Сондай-ақ, екі елде де соңғы кездері жас әйелдердің арасында жүрек-қан тамырлары аурулары көбейіп бара жатқан көрінеді.

Астанадағы Ұлттық кардиологиялық орталықтың дәрігері Оразбек Саховтың айтуынша, көптеген ауруханаларда бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне арнайы квота енгізілген.

- Онда квота алған жандарға жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы медициналық қызмет тегін көрсетіледі, - дейді дәрігер О.Сахов.

Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Шахановтың көмекшісі Серік Ерғали болса, квотаға тек лауазым иелері енетіндігін, жақында белгілі ақын Мұхтар Шахановтың жүрегіне операцияны Түркияда жасатқанын, оған бюджеттен ешқандай қаржы жұмсалмағанын айтып отыр. Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың мәліметіне қарағанда, Қазақстан бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын тікелей және жанама мемлекеттік залалдың жалпы көлемі жылына орта есеппен 88,7 миллиард теңгені құрайды екен.
XS
SM
MD
LG