Accessibility links

Қазақстандық жастар омбудсмен туралы көп білмейді

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі мен адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық туралы елдегі жастар онша көп білмейді.

Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкіліне осы жылдың бірінші тоқсанында түскен арыз-шағымдардың 50 пайыздан астамы әлеуметтік және экономикалық, ал 30 пайыздан астамы азаматтық құқықтарға байланысты болған. Бұл туралы көкектің 25-і күні адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов мәлім етті.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың мәліметінше, шағымданатындар көбінесе қарт адамдар, ал жастар тарапынан бұл орталыққа арыз-шағым кемде-кем екен. Бұның себебін білмек болып, Азаттық радиосы микрофон ұсынған жастардың басым көпшілігі елде мұндай орталықтың барынан бейхабар болып шықты. Білген күнде де орталыққа шағымдануды қажет деп есептемейді.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Болат Байқадамовтың айтуынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа 2494 азамат шағымданған. Өткен жылмен салыстырғанда азаматтардан арыз-шағымдар көбейіпті. Шағымдардың көбі Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарынан және Алматы, Астана қалаларынан түсіпті.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың азаматтар шағымдары жөніндегі бас сарапшысы Талғат Берекетовтың айтуынша, арыз-шағым жазатындардың көбі қарт адамдар екен, ал жастар тарапынан ондай шағымдар кемде-кем дейді маман. Т.Берекетов мырза жастардың шағымданып ізденбеуінің себебін аталған кеңсенің жұмысынан хабардар болмауынан немесе көп жерлерге шағымданып, одан нәтиже болмағандықтан, сондай-ақ, құқық жағынан білімдері таяз болуы мүмкін деген мәселелерден іздейді.

Ал, бұның себебін білмек болып, Азаттық радиосы микрофон ұсынған жастардың басым көпшілігі елде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмыс істейтінінен бейхабар екендерін, естімегендерін, тіпті оның жұмысы өздерін қызықтырмайтынын айтты.

- Қазіргі жастар өз құқықтары бұзылып жатқан күнде де, оған мән бере бермейді, - дейді Ардақ есімді студент. Оның пікірінше, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысынан көпшілік мейлінше хабардар болуы керек.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың азаматтар шағымдары жөніндегі бас сарапшысы Талғат Берекетовтың айтуына қарағанда, орталықтың аймақтарда өкілдіктері жоқ.

- Ондай мүмкіншілікке орталық қазіргі уақытта ие болмай отыр. Бұл көпшілік жағдайда адамдарға қиындық тудырмақ. Алыс жерлерде тұратын азаматтар орталыққа келіп, тікелей өз жағдайларын айту мүмкіндігіне ие болмай отыр. Осы мәселе жөнінде үкіметке өз ұсынысымызбен шықтық, - дейді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бас маманы Т.Берекетов мырза.

Жамбыл облысынан Астанаға келіп, осында құрылысшы болып жұмыс істеп жүрген 21 жастағы Медет өз басында қандай мәселе болған күнде де өзінің ешқайда шағымданғысы келмейтінін айтады. Ал, атын айтудан тартынған бір азамат Қазақстанда адам құқықтарының қорғалуы тек қағаз жүзінде деген пікірде. Астанадағы мектептердің біріндегі 9-шы сынып оқушысы Фарида болса заңды білуді мектеп қабырғасынан оқып-тоқып жатырмыз деп отыр.
XS
SM
MD
LG