Accessibility links

Қазақстанда еңбек мигранттарының құқығы заң жүзінде бекітілмеген


Халықаралық көші-қон ұйымы Қазақстанда еңбек миграциясы мәселесі әлі дұрыс жолға қойылмаған деген қорытынды жасады.

Соңғы жылдары Қазақстан экономикасындағы өзгерістер халықтың тұрмыс-тіршілігіне әсер ете бастағаны, онымен көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан секілді елдерден заңсыз мигранттардың ағылуына себеп болды.

Бұрынғы совет одағы ыдырағаннан кейін пайда болған әрбір мемлекет өз бетінше тірішілік етіп жатқан осы кезеңде экономикасы әлсіз елдерден Қазақстанға қарай еңбек миграциясының ағылуын мамандар қалыпты жағдай деп көреді. Алайда, Халықаралық көші-қон ұйымы болса, Қазақстанда еңбек мигранттарын қабылдап алуға дайын заң жоқ болуы себепті жыл сайын Қазақстанға заңды түрде, яғни рұхсат бойынша шетелдерден келетін 10 мыңнан астам мамандардан тыс одан ондаған есе артық заңсыз мигранттардың келетіндігін де айтып отыр.

Бірақ, сол мигранттардың құқықтары көп жағдайда шектеліп, кейде келеңсіз жағдайларға тап болып жатады дейді Халқаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Майкл Чанц. Оның айтуынша, Қазақстан үкіметі соңғы жылдары көршілес Қырғызстан,Өзбекстан және Тәжікстаннан ағылып келіп жатқан еңбек мигранттарына қарсы қысымды азайтып, сәл жеңілдікпен қараған саясат жүрзе бастаған.

Алайда, еңбек миграциясы мәселесі Қазақстанда әлі күнге дейін дұрыс шешімін таба алмай отыр дейді осы мәселемен шұлданып жүрген халықаралық ұйым өкілі. ТМД елдеріндегі еңбек миграциясы мәселесін зерттеп жүрген сарапшы маман Елена Садовскаяның айтуынша, Ресей мен Қазақстан секілді экономикасы көршілерінен жоғарырақ елдерге ТМД-ның басқа елдерінен жылына 300-500 мың аралығында еңбек мигранттары келетін көірінеді.

Бұрынғы совет одағы елдері арасындағы шекараның ашық болуы, адамдардың бір-бірімен тамыр-таныстығы және тілдік проблеманың жоқтығы олардың осы елдерге ағылуына оң ықпал етіп отыр. Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің еңбек миграциясы бөлімінің бастығы Сымбат Нұрсейітованың айтуынша, жыл сайын Қазақстан түрлі өндіріс, өнеркәсіп, фирмалардың тапсырыстары бойынша қазіргі таңда Қазақстанда сирек кездесетін мамандық иелерін шетелден шақыруға рұхсат береді.

Бұндай рұқсатпен Қазақстанға келетін адам саны жылына шамамен10 – 10,5 мың аралығында. Олар көбінесе Британия, Түркия, Қытай, Қырғызстан секілді елдерден шақырылады екен.

Ал, бұдан тыс Қазақстанда өз беттерімен рұхсатсыз жұмыс істеп жүрген шетелдіктер болса заңсыз мигранттар есебінде өз елдеріне қайтуға мәжбүр болмақ. Жалпы, дәл бүгінгі күні Қазақстанда қанша заңсыз мигрант жүргенін ешкім де білмейді, ондай статистика көші-қон комитетінің қолында да, көші-қон полициясында да жоқ.

Алайда, Қазақстанға немесе осы ел арқылы екінші бір мемлекетке заңсыз жолмен өтпек болғандар заң орындарының назарына үнемі ілігіп жатады. Мысалы, көкектің 26-сы күні Халықаралық көші-қон ұйымы көмегімен Қазақстанға заңсыз кіріп келген Бангладеш елінің 7 азаматы өз еліне қайтарылған. Ал қалған 19 азамат Қазақстан және Қырғызстан жерінде іздестіріліп жатыр.
XS
SM
MD
LG