Accessibility links

Арал тағдырын баяндайтын фильм халықаралық байқауда

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Чехия астанасы Прагада сәуірдің 27-сі мен мамырдың 5-і аралығында адам құқықтарына арналған "Біртұтас әлем" деген халықаралық кинофестивалі өтеді. Осымен 7-ші рет өткелі отырған кинофестиваліне ұсынылған фильмдер арасында Аралдың аянышты тағдыры туралы шығарма да бар.

Қазіргі қолда бар мәліметтерге қарағанда, биылғы жылғы фестивальға келетін деректі фильмдерге Ауғанстан, Беларусь, Босния, Ирақ, Қырғызстан, Румыния, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстандағы адам құқықтары және өзге тақырыптар арқау болған. Өзбек киношылары «Арал» деректі фильмін әкеліп отыр.

Бұл фильмде мыңдаған жылдар бойы көл-көсір мол суымен шалқып жатқан әлемдегі ең үлкен айдынның бірі – Арал теңізінің қазіргі аса аянышты ахуалы суреттеледі. Екі өзбек балықшысы Аралдың жағасындағы Мойнақ ауылы маңайында қатқан мұзды жаруда. Ол суда енді балық та жоқ. Жан-жануар түгелдей жойылған. Суы кеуіп, кері шегініп жатқан Аралмен бірге олардың жастық шағы, тіршілік-өмірлері де артқа шегіне бастағандай.

Екеудің жүзіндегі қайғы-мұң соны байқатқандай. Бұл фильмде көрсетілгеніндей, сонау советтік замандағы, тек қана орталықтан басқарып, билеп-төстеп, ал төмендегілер солардың берген бұйрықтарын ғана орындаған кездегі сорақы саясат ақыр соңында қоршаған орта мен теңіз маңына қоныстанғандарға қасірет әкелгені, Арал апаты мен тұрғын халықтың бейнетті тағдыры суреттеледі.

Осыдан 40-45 жыл бұрын Мәскеуге Орта Азияның мақтасы, көкөнісі, еті, сүті қажет болды. Алдымен бұрынғы одақты Н.Хрущев, кейін Л.Брежнев басқарған кезде ол саясат одан әрі жалғасып, жүгеріге кең жол ашылды. Ал мұның бәріне су керек. Орта Азияның күре тамыры дерлік қос өзен - Сырдария мен Әмударияның сулары шөл, шөлейттерге бей-берекет бұрылды. Солайша қос өзеннің суы Аралға жетер-жетпей таусыла бастады, Арал біртіндеп суала берді. Кезінде өзі кіші арал болған Мойнақ қаласы енді суы кеткен, ақтұзды шөл далада қалды.

Арал суының үштен бірі қалды ма, жоқ па - оны зерттеуші мамандар айта жатар, бірақ, кезінде сол аймақта журналистік сапарда болғанда өз көзіммен көргенімдей, Аралдың суы бұрынғы жағалаудан 200 шақырымға дейін алыстап кеткен. Айдалада қаңсыған кемелер құмға сіңіп шөгіп жатыр. Жел соққанда құм көшіп ауылдарды, көне зираттарды басып қалып жатыр екен. Соған қарамастан біраз жұрт ежелгі атақонысынан тапжылмай отыр.

Арал суының құрамындағы тұз 50 пайызға жақындап, ол суда енді ешқандай жан-жануар өмір сүре алмайтын күйге жеткен. Ал ол жазда жел соққанда, әуеге көтерілген ақ тұзды шаң-тозанды көргенде бір топ әріптестермен бірге үрейге түскен болатынбыз.

Міне, мына «Көрінбейтін Аралдағы балық ауы» деген фильмде сол апатты ауданда өмір сүріп келе жатқан 3 ұрпақтың ауыр тіршілік өмірі суреттеліпті. Бұл фильм 2004 жылы Канаданың Торонтосындағы кинофестивальда деректі фильмдер арасында жеңімпаз атанған болатын. Ал биыл бұл фильм Прага фестивалінде өзге 120 фильм қатарында жұрт назарына ұсынылмақ.

Фильмнің продюсерлері – өзбекстандық Саодат Исмоилова мен 30 жастағы испан азаматы Карлос Касас. Испандық продюсер Карлос «Азаттық» радиосына былай деген болатын:

- Бұл Арал фильмі апат алдындағы теңіз проблемасына саяси көзқараспен емес, адамдық тұрғыдан қарауға көмектесер деген сенімдемін. Мен Аралдағы жағдайды, ол маңайдағы адамдардың, ар-намысы, қадыр-қасиеті арқылы көрсеткім келді.

Фестиваль директоры Игор Блазевичтің айтуынша, деректі фильмдер осы Арал фильмі сияқты өмірді қаз-қалпында көрсеткені абзал.

- Қатардағы қарапайым көрермен азамат өмірдегі қиындықты көріп, жай ғана жылап қоймайды. Мұндай фильмдер оларға шабыт, күш-қуат, жігер береді. Олар өз құқықтары, ар-намысы, азаттық, еркіндік үшін күресетін болады, - дейді Игор Блазевич.

Директорды пікірінше, «Біртұтас әлем» фестивалінің негізгі мақсаты да әлемдегі тіршілік-өмірді барынша жақыннан көрсету. Блазевичтің өзі осы фестивльге дайындық кезінде 400-дей фильмді көріп шыққан екен.

- 7 жыл бойы солай етемін. Бірақ, шаршамаймын, керісінше - қаншама нәрседен бейхабар екенімді түсінемін, - дейді фестиваль директоры И.Блазевич.
XS
SM
MD
LG