Accessibility links

Ауғанстандық есірткі бароны ұсталды


АҚШ қауіпсіздік органдары осы аптада ауғанстандық белгілі бір есірткі саудагері қолға түскенін хабарлады. Оның есімі - Башар Норзай қажы. Бұл шара халықаралық есірткі саудасына қарсы күресте қол жеткен алғашқы игі қадамдардың бірі делінеді.

Өткен жылғы маусымда АҚШ президенті Джордж Буш осы Норзайды шетелдік есірткімен күрес акті тізіміндегі әлемдегі ең әйгілі есірткі барондарының бірі деп сипаттаған болатын.

Нью-Йорктегі федералдық сот үйінде дүйсенбі күні сөйлегенде, АҚШ прокуроры Келли, Норзай ауған героинын шығарып, оны шетке сату арқылы тіршілік жасап келеді деген болатын.

- Біз енді Ауғанстандық есірткі алпауыты, атышулы Норзайды ұстадық десек болады. Норзай соңғы 15 жылда Мохаммад Омар молламен және тәліптермен млн-даған сомаға есірткі бизнесін жасаған адам, - деді Дейвид Келли.

Норзайға 1990 жылдан бері халықаралық есірткі саудасы ұйымын басқарып келген, героин шығару үшін Ауғанстан мен Пәкістан зертханаларын пайдаланған деген айып тағылған. Прокурор Келлидің айтуынша, Норзай АҚШ-қа кемінде жарты тоннадай героин кіргізіп, таратқан. Ол есірткінің құны 50 млн долларға бағаланады.

- Егер тәліптер мен ауғанстандық есірткі барондарының арасындағы байланыс жөнінде бірер күмән туса, онда Норзай мен тәліптер арасындағы байланыс туралы да соны айтуға болар еді. Бірақ, ондай байланыс барлығы деректермен дәлелденіп отыр. 1990, 2004 жылдарда Норзай және оның ұйымы тәліптерді жарылғыш заттармен, қару-жарақпен қамтамасыз еткені белгілі. Оның есесіне тәліптер Норзайға, көкнәр егіп, героин зертханаларын ашуда, есірткі өнімін шетелдерге сатуға шығаруда қорған бола білді, - дейді Д.Келли.

Бірақ, тәліптердің өкілі Абдул Мотман Ауған Ислам пресс агенттігіне, Норзай тәліптер режиміне ешқандай жәрдем бермеген деді. Оның айтуынша, тәліптер де кезінде есірткіге қарсы күрескен көрінеді.

Ал БҰҰ-дағы Есірткіге бақылау кеңсесінің Ауғанстандағы бөлімі директорының орынбасары Шмидт болса Абдул Мотманның әлгі айтқанымен келіспейді.

- Тәліптер билік құрған кезінде көкнәр егуге түгелдей тиым салғаны шындық. Бірақ, бұл арада көкнәрға деген талап күшейіп, оның базардағы бағасы барынша аса түсті. Ол кезде тәліптерде көкнәрдің мол қоры бар болатын. Сондықтан олар осыны дер кезінде пайдаланып қалды. Олай болса, тәліптер көкнәрға тиым салды деп қалай айтасың, - дейді Шмидт.

Дегенмен, Қабұлдық ресмилердің айтуынша, Норзайдың тұтқындалуы, Ауғанстандық жоғарғы әкімшіліктің ауған жеріндегі негізгі есірткі барондарына қарсы жасаған тікелей шабуылы деуге келе қоймас. Ауғанстан есірткі саудасына қарсы күрес министрінің орынбасары Йассинидің «Азаттық» радиосына айтуынша, оның офицерлері Норзайды ұстауға қатыспаған.

- Норзайға тағылған айыптар Ауғанстаннан емес, АҚШ-тан шығып отыр, - дейді Йассини.

Әйткенмен де Ауғанстан елбасы Хамид Қарзайдың Қабұлдағы тілшілерге сейсенбі күні айтуынша, президенттің Ауған жеріндегі көкнәр өніміне қарсы соңғы кезде жүргізіліп жатқан науқанға көңілі толатындай.

- Бұл мәселеде біздің биылғы жылғы табысымыз жаман емес. Біз кәкнәр егістігінің аймағын жойдық. Халық, енді өздері-ақ, ол егіннен бас тартып, әдеттегі ауыл диқаншылығына қайта орала бастады. Сондықтан, БҰҰ мен Британиялық мамандардың есебі бойынша, көкнәр өндірісі биыл 30 пайызға дейін төмендемек. Бірақ, оның дәл қаншаға дейін кемитіндігін білу үшін уақыт қажет, - деді Ауғанстан президенті Хамид Қарзай.

БҰҰ Есірткіге бақылау кеңсесінің Ауғанстандағы өкілі Шмидтің айтуынша, биылғы көкнәр өнімінің көлемін тек қана алдағы жаздың аяқ кезінде білуге болады. Ал егер Норзай айыпты деп табылса, ол кемінде 10 жылға, тіпті өмірінің соңына дейін абақтыға жабылуы ықтимал. Оның үстіне, АҚШ-тың заң орындары оның кемінде 50 млн доллар болатын табысын да тәркілеуі мүмкін екен.
XS
SM
MD
LG