Accessibility links

Баспасөзге шолу. 27 сәуір 2005 жыл


Сәрсенбі күнгі басылымдарда Алматы қаласында мемлекеттік ипотекалық тұрғын-үй құрылыс бағдарламасы бойынша пәтерге иеленген алғашқы тұрғындардың пайда болғандығы және Алматы мен Астана қалаларында келешекте үйсіз қалатындар санының көбеюі мүмкін екендігі туралы мақалалар жарық көріпті.

Сондай-ақ, мерзімді басылымдарда Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанының алпыс жылдығы қарсаңында осы тақырыпқа арналған мақалалар көбірек орын алыпты.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген Полина Чердакованың мақаласында Алматы қаласында мемлекеттік ипотекалық тұрғын-үй құрылыс бағдарламасы бойынша пәтерге ие болған алғашқы тұрғындардың пайда болғандығы хабарланыпты. Автор өз мақаласында “Мамыр” ықшамауданында жаңадан тұрғызылған тоғыз қабатты үйден пәтер алған тұрғындарға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолымен сатып-алу келісім шартын табыс еткендігіне тоқталыпты.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес ипотекалық тұрғын-үй бағдарламасы бойынша ең алдымен балалары бар жас отбасылар мен бюджеттік және әлеуметтік саланың қызметкерлері алуы тиіс. Мақала авторының айтуынша, “Мамыр” ықшамауданында үш бөлмелі пәтерге ие болған Сергей Ненашевтың отбасы ай сайын 240 доллар көлемінде жиырма жыл бойы банктен алған несие-қарызды төлеп тұрады.

Ал, “Экспресс К” басылымында келешекте Астана мен Алматы қаласында үйсіз-күйсіз жандардың көбеюі мүмкін екендігі туралы мақала жарық көріпті. Оның себебін мақала авторы соңғы кездері Алматы және Астана қаласында ескі үйлердің бұзылып жатқандығымен байланыстырыпты. Автор өз мақаласында Астана және Алматы қаласында жаппай басталған құрылыстың салдарынан, тұрып жатқан мекен-жайынан айырылып қалған үш адамның тағдырын мысалға келтіріпті.

Сондай адамдардың бірі зейнеткер Вячеслав Лысенко осыдан үш жыл бұрын Алматының жанынан сегіз сотық жері бар үй сатып алып, кейіннен тұрғын үй департаменті үйді бұзып, оның құнын 600 мың теңгеге бағалайды. Вячеслав Лысенконың айтуынша сот сарапшылары шын мәнісінде жерді қоспағандағы тек үйдің құрылысының өзін ғана 3 миллион теңгеге бағалапты. Мақала авторының айтуынша, соған қарамастан қалалық сот тұрғын үй құрылыс департаментінің пайдасына шешім шығарған.

Сондай-ақ, Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғандығының алпыс жылдығы қарсаңында, осы тақырыпқа арналған мақалалар мерзімді басылымдарда көбірек орын алыпты. “Айқын” және “Литер” басылымдары мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шу стансасында Жеңістің 60 жылдығына орай “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы ұйымдастырған “Жеңіс” поезын шығарып салу рәсіміне қатысқандығын хабарлапты.

“Айқын” басылымының хабарлауынша “Жеңіс” поезы өз сапары барысында республиканың көптеген елді-мекендеріне соғыс ардагерлерін қолдау және зейнеткерлер мен жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсету шараларын ұйымдастырады. Мақалада, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысқандарға республикалық бюджеттен 30 мың теңге бөлінсе, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы тарапынан майдангер жауынгерлер мен мүгедектерге қосымша 30 мың теңге, сондай-ақ, соғыс жылдары тылда жанқиярлық еңбек үлгісін көрсеткен ардагерлерге 10 мың теңгеден қаржы бөлінетіндігі де айтылыпты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Литер” басылымы болса “Жеңіс” арнайы поезының үш айдың ішінде барлық аймақтарға баратындығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, әрбір тоқтаған станцияда Қазақстан эстрадасының әртістері өз өнерлерін көрсетеді.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасында өз еркімен соғысқа аттанған Мұқаш Омаровтың тағдыры туралы баяндалыпты. Мақалада Мұқаш Омаровты алғашқы кезде әскери комиссариаттың соғысқа алғысы келмегендігі, бірақ соған қарамастан қайта-қайта сұрана бергеннен кейін ғана оның майданға алғандығы туралы айтылыпты. Автор өз мақаласында Мұқаш Омаровтың бірінші рет контузия алғаннан кейін, әскери дәрігерге бармағандығын да атап өтіпті. Мақала авторының айтуынша, Мұқаш Омаров Австрияда болған шайқаста ауыр жарақат алғаннан кейін ғана еліне қайтып оралады.

“Город” басылымында жарық көрген Любовь Шашкованың мақаласында Мәскеудің түбінде ерлік көрсеткен генерал Панфилов пен панфиловшылардың ерлігі туралы айтылыпты. Автор өз мақаласында генарал Панфиловтың қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келгендігін атап өтіпті.

Мақалада сондай-ақ генерал Панфиловтың өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік тілдерін білгендігі туралы да дерек мысалға келтіріліпті. Газет тілшісінің хабарлауынша 1941 жылы 28 панфиловшылар Дубосеково ауданында неміс-фашист басқыншыларының шабуылын тоқтатып, ерлік көрсетеді. Сондай-ақ, автор өз мақаласында қарашаның 18-күні Гусеново деревнясының түбінде генерал Панфиловтың ерлікпен қалай қаза тапқанына да тоқталыпты.
XS
SM
MD
LG