Accessibility links

Атырауда шетелдіктерге қатысы бар кәсіпорындар тексеріледі

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Атырау облысында шетел инвесторларының қатысуымен жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардағы еңбек заңдылығының орындалуын тексеру шаралары басталды.

Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Әліпқали Дәулетяров дүйсенбі күні облыс әкімдігінде шетел компанияларының бөлімдері және шетел капиталының үлесі бар қазақстандық компаниялар қатысуымен өткен мәжілісте Қазақстанның еңбек заңдарын сақтау туралы келісімге қол қойылғанын және заңдылықтардың сақталуына тексеру жүргізу жұмысының басталғанын мәлім етті.

- Жылой ауданындағы Теңіз кенішінде 10 мыңға жуық қосалқы мердігер кәсіпорындары жұмыс істеп жатыр. Департамент жанынан жедел түрде екі топ құрылды. Бір айдың төңірегінде солардың барлығында еңбек заңының сақталуы, қолайлы жұмыс жағдайы бойынша қайтадан тексеру жүргізу жөнінде тапсырма алдық, - деді Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Әліпқали Дәулетяров.

Қазақстан Республикасының бас еңбек инспекторы Серік Бисақаев Атырау облысы әкімдігінде өткен мәжілістің болып жатқан жағдайларға байланысты ұйымдастырылғанын айтады.

Атырау облысы өңірінде жұмыс істеп жатқан «Сенімді құрылыс» қазақ-түрік кәсіпорыны жұмысшылары арасында көкектің 15-інде жанжал шыққан еді. Осы кәсіпорынның Қазақстан бойынша өкілі Михмет Геозеуре бұл жанжалдың екі түрік пен бір қазақ жұмысшысы арасында болғанын және осы оқиғадан соң оған қатысқан түріктерді Отанына қайтарғандарын, өйткені, олардың кінәлары болғанын айтады.

Осы оқиғадан соң Михмет Геозеуре өз мердігерлерінің көптеген істерінің Қазақстан заңдарына сай еместігін көрдік дейді. Геозеуре мырзаның айтуынша, «Сенімді құрылыс» кәсіпорны – облыс бойынша ең үлкен фирмалардың бірі. Онда 8 мыңға жуық жұмысшы істейді.

- Біз осы уақытқа дейін 100 пайыз Қазақстан заңдары бойынша жұмыс істедік деп шештік, енді біз әкімдікке біздің барлық қосалқы мердігерлерді Қазақстан заңдары бойынша өзіміз бақылаймыз деп уәде бердік. Бізде істейтін әрбір қосалқы мердігерге Қазақстан заңдары бойынша жұмыс істеуі керектігі туралы хат жаздық. Заңды орындамағандар бізбен жұмыс істемейді, - дейді Михмет Геозеуре.

Оның айтуынша 80-ге жуық түрік жұмысшысы елдеріне қайтарылған. Ал, Қазақстан жұмысшыларының қандай көлемде еңбекақы алып келгендерін және қайта қаралған жағдайда қанша болатыны жайлы «Азаттық» радиосы қойған сұраққа жауабында Геозеуре мырза оның бір аптадан соң белгілі болатынын айтты.

«Сенімді құрылыс» кәсіпорынында болған жанжалға байланысты Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Әліпқали Дәулетяров оқиға орнында болғанын, онда орта буын маманы екі түрік азаматының қазақ жұмысшыларымен дұрыс сөйлеспейтіні және оларды босату туралы жұмысшылардың талабы болғанын және оны жұмыс беруші орындағанын айтады.

Дәулетяров мырза жұмысшылар тарапынан жалақыны уақытында төлемеу, жұмыс жағдайының қолайсыздығы немесе жалақы көлемінің аздығы наразылықтар туғызуы мүмкін дейді. Ал, Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары Ризахмет Молдажанов кәсіпорындарда кәсіподақтар болса шиеленісті жағдайлар туындамас еді дейді.
XS
SM
MD
LG