Accessibility links

Студенттердің құрылыс отрядтары қайта жанданады


Қазақстанда «Жасыл ел» бағдарламасы аясында көгалдандыру және құрылыс жұмыстарына жоғары оқу орындарының 16 мыңнан астам студенті жұмылдырылатындығын хабарлайды елдің білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанның білім және ғылым министірлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекованың айтуынша, студенттердің құрылыс отрядтарының жұмысын ұйымдастыру үшін республикалық штаб жасақталған. Ал, мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарында студенттердің құрылыс отрядтары құрылуда және тілек білдірушілер де аз емес дейді Ж.Үсіпбекова.

- Құрылыс жұмыстарына жастарды тартуда денсаулық жағдайына айрықша назар аударылатыны аталып отыр. Студенттің медициналық тексеруден өткені туралы анықтама тапсыруы талап етіледі, - дейді министрліктің баспасөз хатшысы.

Ал, студенттердің республикалық құрылыс штабының төрағасы Нұрсұлтан Кәрібаевтің айтуынша, жергілікті мәслихаттар тендерде ұтқан компаниялардың студенттерді құрылыс жұмыстарын жүргізуге жұмысқа тартуы жөнінде шешім қабылдауда. Н.Кәрібаевтың айтуынша, республика бойынша студент құрылыс отрядтары игеретін жұмыс көлемі 208 млн. 780 мың теңге, ал қазіргі уақытқа дейін құрылыста жұмыс істеуге нақты тілек білдірген 5741 студент бар дейді. Дегенмен ол игерілетін қаржы көлемі және жұмысқа тілек білдірушілер санының ұлғаю мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Павлодар облыстық студенттік және жастардың еңбек отряды штабының төрағасы Мейрам Бегентаев 660 студенттің құрылыс жұмыстарына қатысуға дайындық шараларын жүргізуде екенін және олардың кейбірінің маусымның 15-інен және шілденің 1-інен жұмысты бастайтындарын айтады. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат департаментінің бөлім бастығы Бақыт Ақынбетовтың айтуынша, облыста 32 студент құрылыс отряды құрылған.

- Біз 50 адамды тартсақ жақсы болар еді. Мұндай құрылыс жұмысы студенттердің көбін қызықтырмауы мүмкін. Олар ірі бизнесмендердің, сондай-ақ депутаттардың балалары. Бірақ, ауыл-ауданның балалары бар. Оларды қызықтырады деп ойлаймын, - дейді Астанадағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің Студенттер одағының төрағасы, 4-ші курс студенті Қанат Баталбек.

Жазғы демалыста жұмыс істеуге ынталы студенттер болса құрылыс компаниялары еңбекақы төлесе, жұмыстан қашпаймыз деседі. Республикалық құрылыс штабының төрағасы Нұрсұлтан Кәрібаевтың айтуынша, жазбаша келісімсіз студентті жұмысқа тартпау шарасы қаралып жатыр екен.
XS
SM
MD
LG