Accessibility links

Баспасөзге шолу. 28 сәууір 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Бейсенбілік басылымдар өткен аптаның аяғында Қазақстан заң орындарының сұрауы бойынша Ресейде ұсталған “Республика. Деловое обозрение” газетінің бас редакторы Ирина Петрушованың бостандыққа жіберілгендігіне баса назар аударыпты.

“Время” газетінде жарық көрген ақпараттар ағымында өткен аптаның аяғында Қазақстан заң орындарының сұрауы бойынша ұсталған “Республика. Деловое обозрение” газетінің бас редакторы Ирина Петрушованың бостандыққа жіберілгендігі хабарланыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, Ресейдің құқық қорғау орындары Ресей азаматы болып табылатын “Республика. Деловое обозрение” газетінің бас редакторы Ирина Петрушованы Қазақстанның заң орындарына беруге негіз жоқ деп тапқан.

Мақала авторының айтуынша, “Республика. Деловое обозрение” апталығының бас редакторы Ирина Петрушованы ұстауға 2002 жылы оған салық төлемеді деген айып тағылып, қазақстандық заң орындарының халықаралық іздеу салуы себеп болған. Ресей ақпарат көздері таратқан мәліметтерге сүйенсек, Ирина Петрушоваға тағылған айыптаулардың мерзімі ескіріп кеткендігіне байланысты Ресейдің заң орындары оны Қазақстанға беруден бас тартып, бостандыққа жіберген.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығына берген сұхбатында экс-депутат Төлен Тоқтасынов “Республика. Деловое обозрение” апталығының бас редакторы Ирина Петрушованың өзі тұратын аудандық ішкі істер бөлімшесіне Ресей азаматының халықаралық паспортын алуға барған кезде ұсталғанын баяндапты.

Экс-депутат Төлен Тоқтасыновтың айтуынша “Республика. Деловое обозрение” апталығының бас редакторы Ирина Петрушова ұсталғанымен, кейіннен бостандыққа жіберілуінің түрлі себебі бар. Оның себебін экс-депутат Төлен Тоқтасынов Ирина Петрушованың ешқандай да қылмыcының жоқ екендігімен және Ресейге де демократиялық реңктің керегімен түсіндіріпті.

Экс-депутат Төлен Тоқтасыновтың пікірінше, Ирина Петрушова Қазақстанның тергеу орындарына берілген жағдайда, бұл оқиғаның соңы саяси дау-жанжалға ұласып кетуі мүмкін еді. Сондай-ақ, экс-депутат Төлен Тоқтасынов Ғалымжан Жақияновтың дауынан қалай құтыларын білмей отырған ресми билікке, Ирина Петрушованың проблемасының қажеті жоқтығын да тілге тиек етіпті.

Ал, “Свобода слова” басылымында алдағы өтетін сайлауға оппозициядан бірегей кандидат ретінде таңдау жасалған Жармахан Тұяқбайдың “Республика. Деловое обозрение” апталығының бас редакторы Ирина Петрушованың ұсталғандығына байланысты, Ресей президенті Владимир Путиннің атына жолдаған мәлімдемесі жарық көріпті.

Өз мәлімдемесінде Жармахан Тұяқбай “Республика. Деловое обозрение” апталығының Қазақстандағы ең беделді тәуелсіз басылым болып табылатындығын, оның бетінде лауазымы жоғары шенеуніктердің коррупциялық істерін әшкерелейтін көптеген материалдардың жарық көргендігін атап өтіпті. Жармахан Тұяқбайдың айтуынша “Республика. Деловое обозрение” апталығында Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беруде ондаған миллион доллар бюджет қаржысының заңсыз жұмсалғандығы туралы материалдар басылған.

“Азат” газетінде жарық көрген мақалада “Республика. Деловое обозрение” апталығының көптен бері Қазақстан билігіне жақпай келе жатқан басылым екендігі аталып өтіліпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Республика. Деловое обозрение” газетінің кеңсесін біресе өртеп, біресе оның терезесінің алдына өлген иттің бассыз денесін іліп кетіп әурелеп жүргендер де бар.

Газет тілшісінің хабарлауынша, Ақпарат министрлігі мен прокуратура мекемелері оны бірнеше рет сотқа беріп, жаптыртып та тастаған, айыппұл да салған. Сондай-ақ, мақалада көкектің 25 күні Алматының бір топ қалам қайраткерлерінің бас қосып, Ресей Федерациясы консулдығының алдына барып, Петрушованы тез арада босату талап етілген хатты тапсырғандығының да мән-жайы баяндалыпты. Мақала авторы, сондай-ақ, осы оқиғалардан кейін арада екі сағат өткенде Ресей құқық қорғау қызметкерлерінің “Республика. Деловое обозрение” апталығының бас редакторы Ирина Петрушованы босатып, оның өзінің тікелей ісіне кіріскендігі туралы хабардың келіп жеткендігіне де тоқталыпты.

“Сөз” газетінде “Республика. Деловое обозрение” апталығының бас редакторы Ирина Петрушованың Ресей жерінде ұсталып, кейіннен бостандыққа жіберілгендігіне байланысты, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен өнер адамдарының пікірі беріліпті. Режиссер Болат Атабаевтың айтуынша, Ирина Петрушованың ұсталуы ресми биліктің әлсіздігін байқатып отыр.

Ал, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, билік президент сайлауы алдында ақпараттық және саяси алаңды тазартып жатыр. Саясаттанушы Нұрболат Масановтың пікірінше, Ирина Петрушованың Ресейде ұсталуы Ресей және Қазақстан мемлекетінің басшылары Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың, сондай-ақ аталған екі мемлекеттің арнайы қызметінің арасында авторитарлық режимді қолдауға байланысты өзара келісімнің бар екендігін аңғартады. Сондай-ақ, “Сөз” газетінде жарық көрген Сергей Керннің мақаласында Ирина Петрушованы ұстауға төрт милиционердің қатысқандығы, олардың екеуінің автоматпен қаруланғаны да хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG