Accessibility links

Германия сыртқы істер министрі "виза дауына" қалды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Германия сыртқы істер министрі Йошка Фишер иммигранттарға виза беру ісін әлсіретіп жіберді деген айыптауға байланысты дүйсенбі күні парламенттің арнайы комиссиясы алдында жауап берді.

Визаны толық тексерместен берулері кесірінен, мысалы, бірнеше мың украиндықтар Германияға еніп кеткен. Соның әсерінен елде заңсыз жұмысшы күші мен қылмыс деңгейі көтеріліп кеткен, дейді оппозиция өкілдері. Осылайша Фишер мырзаның саяси беделі қыл үстінде қалып отыр.

Фишер жауап берген парламенттің арнайы комитетіне оппозиция өкілі басшылық жасайды. Киевтегі Германия елшілігі қызметкерлері визаға байланысты түсіп жатқан арыздарды сұрыптаудан өткізу үшін қажетті мүмкіндікке ие бола алмады, деп Фишер мырза мойындады. “Мен бұл жөнінде тиісті адамдарды ертерек хабардар етіп, ертерек шара қолдануым керек еді” деді Фишер мырза.

“Сол Киевтегі елшілікті виза сұраған арыздар басып қалғаны және оларды арнайы сұрыптаудан өткізерліктей елшіханада қажетті жұмысшы күшінің жоқ екендігі жөніндегі хабарларға мән бермеді”, деп оппозициядағы Християн-демократиялық партия өкілдері Фишер мырзаны айыптауда. Соның кесірінен мыңдаған адамға, тиісті тексерулерсіз-ақ Германияға ену

визасы беріле салған. Оппозиция өкілдері пікірі бойынша, Германияға осындай жолдармен келіп қалғандар көлеңкелі экономика саласынан жұмыс тауып немесе орыс мафиясына қосылған. Ал, Йошка Фишер болса, иммигранттар санына байланысты елдегі қылмыс деңгейі көтеріліп кетті деуге дәлел жоқ, деп отыр.

Бұл жолы дау туғызып отырған виза проблемасы Германия өкіметінің 2000-шы жылы қабылданған шешіміне орай пайда болған екен. Фишер мырзаның айтуынша, виза алуға кедергілерді оңайлату жөніндегі шешім бұрынғы канцлер Гелмут Көлдің кезіндегі өкімет тарапынан қабылданған боп шықты. “Менің анық есімде, мына мәселе айқын және маңызды еді: визаға байланысты жаңа шешімдер заңсыз иммигранттарды көбейтуге әкелмеуі керек болатын”, деді Фишер мырза.

Мәліметтерге қарағанда, Киевтегі Германия елшілігі 1999-шы жылы 150 мың адамға виза берсе, ал екі жылдан кейін бұл көрсеткіш 300 мыңға жеткен екен. Киевтегі виза бөлімінде проблемалар бар екендігі жөніндегі ескертуді 2000-шы жылы алғандығын министр мойындады. Ол кезде аталған мәселеге жете қарамағандығын да айтты.

“Арзан жұмысшы күші мен қылмыстың көбеюіне, сол арқылы қарапайым германиялықтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге дейін алып келген саясаты үшін Фишер мырза қызметінен кетуі тиіс”, дейді оппозиция өкілдері. Сыртқы істер министрінің қызметтен кетуі қазіргі өкімет үшін соққы болары анық.

Бұған дейін Йошка Фишер мырза Германиядағы ең ықпалды саясаткерлердің бірі еді. Оның Жасылдар партиясы Социал-демократтармен бірлікте өкіметтік коалиция түзді. Соңғы 2002-ші жылғы сайлауларда канцлер Герхард Шрөдердің жеңіске жетуіне мүмкіндік туғызған да осы Жасылдар партиясы еді.
XS
SM
MD
LG