Accessibility links

9 жастағы қазақстандық скрипкашы Хорсфорт фестивалінде жүлде алды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Ұлыбританияның Лидс қаласында өткен Хорсфорт фестивалінен 9 жастағы қазақстандық скрипкашы Райымбек Аманбаев үш бірдей жүлдені иеленіп оралды.

Астанадағы ұлттық музыка академиясының 4-ші сыныбында оқитын Райымбек скрипканы 5 жасқа толмай жатып қолына алыпты. Бұл туралы скрипашы баланың әкесі Серік Нұрғожаев Азаттық радиосына берген сұхбатында айтып берді. Ал, Райымбек Хорсфорт фестивалі туралы хабарды Англияда тұратын туыс апайынан естіген екен.

Ұлттық музыкалық академиядағы ұстазы Дариға Жапарова шәкірті Райымбекті осы фестивалға дайындапты. Райымбек Аманбаев өзінің Хорсфорт фестиваліне Қазақстаннан қатысқан жалғыз скрипкашы болғанын айтады. Онымен бірге осы фестивальге ағылшындар, қытайлықтар, италияндықтар қатысыпты. Жанымда анам және туыс апайым болды дейді жас өнерпаз.

Райымбектің әкесі Серік Нұрғожаев ұлының аталған фестивалда үш санаттағы жас шамалары бойынша скрипкашылар сайысына қатысқанын, олардың біріншісі он жасқа дейінгілер арасындағы, екіншісі 12 жасқа дейінгі және үшіншісінде жасқа шектеу қойылмағанын олардың барлығында ұлының бағы жанғанын айтады.

Серік Нұрғожаевтің айтуынша, өз ұлы Райымбектің халықаралық фестивальге бұл бірінші рет қатысуы екен және онда үш шығарма орындаған. Райымбектің орындауындағы «Ахаубике» қазақ әні де оны жеңімпаз еткен шығарма болыпты. Ал, үшінші орындаған шығармасы Вивальда деп аталған.

Райымбек Аманбаевты аталған фестивальге анасы өзі жетекшілік ететін Орал қаласындағы Марат Бисенғалиев атындағы оркестер Ұлыбританияға гастрольдік сапарға жол шеккенде бірге ала кеткен. Райымбектің анасының іс-сапарда болуына байланысты жүздесу сәті болмады. Ал, 9 жастағы скрипкашы бала бір жылдан соң тағы бір конкурсқа қатысуым мүмкін деп жоспарлап отыр.

Жүлделі скрипкашы бала туралы шетелдің «Дэйли Экспресс» және басқа да газеттері 3000 миль қашықты жүріп өткен бала деген мақалалар жариялаған. Алайда, Райымбектің әкесі Серік Нұрғожаев баласы өткен жолдың 3000 мильден де көп, 8 мың шақырым екенін айтады.
XS
SM
MD
LG