Accessibility links

Қазақстанда автокөлікті жалға беретін алғашқы бекет ашылды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстан астанасында жеңіл автокөліктерді азаматтарға жалға беретін алғашқы бекет ашылып, сәуірдің 27-сінен бастап қызмет көрсете бастады.

Бұл жаңалық, әсіресе, жастар тарапынан қызығушылық тудырып отырған көрінеді. Бірақ бір тәулікке жалға алу үшін ғана автокөліктің маркасына қарай 4-7 мың теңге ақша төлеу керек. Мамандардың бірі қазақстандық менталитет қызметтің бұл түрімен үйлеспейді десе, енді бірі Астанада апатты оқиғалардың жиі орын алатындығын айтады. Астанадағы әуежай маңынан орын тепкен автокөліктерді жалға беру бекетінің құрылтайшысының бірі - Алтай Жанғабылұлының айтуынша, қызмет көрсетудің бұл түрі жастар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Алайда, халықаралық талаптар бойынша 21-ге толғандарға ғана автокөліктер жалға беріледі. Және олардың жүргізушілік өтілі екі жылдан кем болмауға тиіс. Қала әкімдігінің бастамасышылығымен ашылып отырған қызмет түріне Көлік және коммуникациялар министрлігі автокөлік басқармасының бастығы Шихабердин Мақанов сенімсіздікпен қарайды. Ал, Астана қалалық автомобиль кәсіпорындары жұмысшылары кәсіподағының төрағасы Талас Сағымбаев:

- Астанада көше қозғалысы легіне тәулігіне 75 мыңға жуық автокөлік шығады. Көлік апаты, әсіресе жаз айларында жиілеп кетеді. Мұндай жағдайда автокөлікті жалға беру қызметінің пайдасынан зияны көп болады, - дейді.

Қалалық автокомбинаттың бас инженері Тұрсынбек Темірғалиұлы осы уақытқа дейін «Хюндай» автокөліктерін жастардың жеке тұлғалардан тәулігіне 8-10 мың теңге төлеп жалға алып келгендігін, ал жаңа қызмет орнын ашу арқылы жалға алу құны екі есеге арзандатылғанын айтты. Автокөліктерді жалға беру бекетінің құрылтайшысының бірі Алтай Жанғабылұлының айтуынша, әзірге автокөліктің екі түрі «Деу-Матиз» - 4 мың теңгеге, «Хюндай-Элентра» - 7 мың теңгеге уақытша жалға беріледі.

- Әртүрлі қиындықтардың алдын-алу үшін барлық автомобилдер қосарланған сақтандыруға ие, - дейді ол.

Жастар сарапшы мамандардың пікірлерімен өздерінің келіспейтіндіктерін айтады. Олардың апатты жағдай жасайды, ұрлық қылады дегені ұшқары пікір дейді. Автокөліктерді жалға беру бекетінің өкілдерінің айтуынша, фирма қызметін қатарынан үш рет тұтынған адамға 1 мың теңге көлемінде жеңілдік көрсетіледі.

Фирма алдағы уақытта тәжірибе өзін-өзі ақтаса, қызмет көлемі ауқымын кеңейтіп Астананың шағын автобустары паркін жаңартуды мақсат етіп отырған көрінеді.
XS
SM
MD
LG