Accessibility links

Сот Заманбек Нұрқаділовты қамауға алуға қаулы етті

  • Досан БАЙМОЛДА

Бейсенбі күні Алматының Медеу аудандық соты сәуірдің 26-сынан басталған сот жұмысына қатысудан бас тартқаны үшін саясаткер Заманбек Нұрқаділовке іздеу жариялап, оны қамауға алу туралы сот қаулысын шығарды.

Бұндай ұсынысты бейсенбі күнгі сот мәжілісінде мемлекеттік айыптаушы болып қатысқан Медеу ауданының прокуроры Ержан Қожабеков жасаған. Бұл сот ісінде азамат Заманбек Нұрқаділовке Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-ұжданына кір келтірерлік ғайбат сөздер айтып, тіл тигізген деген айып тағылып отыр.

Алайда, бейсенбі күні Азаттық радиосына берген сұқбатында Заманбек Нұрқәділов өзінің жазықсыз екендігін, соттың бұл қаулысымен келіспейтіндігін айтты. Бұл іс бойынша сот мәжілісі басталардан бұрын Заманбек Нұрқаділов "айтпаған сөзі үшін өзіне негізсіз айып тағылып отырғанын", сондықтан бұл сотқа өзінің қатыспайтындығын айтып сот төрешісіне ашық хат жолдаған болатын.

Нұрқаділовтың сотқа тартылуына қазірде жабылып қалған «Қазақстан» газетінде жарық көрген мақала себеп болды. Әлгі мақалада былтыр жазда Алматыда жұмбақ жағдайда қаза болған қазақстандық журналист Асхат Шәріпжановтың өліміне Заманбек Нұрқаділов президент Нұрсұлтан Назарбаевты кінәлады деп жазылған еді. Ал Нұрқаділов болса "президент Назарбаевтың атына ондай сөз айтпадым" деп, әлгі мақаладағыны жоққа шығарып отыр.

Заманбек Нұрқаділовтың адвокаты Мұстақым Төлеевтің айтуынша, сот басталған сәуірдің 26-сынан бастап үш күн бойы Нұрқаділовты сот мәжілісіне қатыстыру мақсатында істі қарап отырған сот төрешісі Тотыбайтегі Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасы мен Медеу аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлеріне айыпкерді сотқа мәжбүрлеп әкелуді тапсырса да олар Нұрқаділовты іздеп таба алмаған. Ал бейсенбі күнгі сот мәжілісінде прокурордың ұсынысы бойынша судья Тотыбайтегі азамат Заманбек Нұрқаділовке іздеу жариялап, оны қамауға алу жөнінде қаулы шығарған.

- Бұл қаулы мамырдың 9-ына дейін өз күшіне ене алмайтындығын ескеріп, бір-екі күн ішінде осы сот қаулысын өзгерту мақсатында Алматы қалалық сотына шағымданғалы отырмыз, - деді Нұрқаділовтың қорғаушысы Мұстахим Төлеев сәуірдің 28-күні Азаттық радиосына.

Бірақ, адвокат қалалық сот әлгі қаулыны өзгертеді дегенге үміт аз дейді.

- Егер жоғары тұрған сот оны өзгертпесе, онда мамырдың 10-ынан бастап сот қаулысы күшіне енеді, яғни полиция қызметкерлері З.Нұрқәділовты ұстап, қамауға алады, бұл, әрине, қиын жағдай, - дейді М.Төлеев.

Осы іске байланысты Азаттық радиосының сауалдарына сот пен прокуратура орындары процесс аяқталғанша жауап бере алмайтындарын айтты.

Ұзақ жылдар бойы президент Назарбаевтың жақын серігі болған Заманбек Нұрқаділов 2004 жылы наурыз айында Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын қатты сынап, мәлімдеме жасағаннан кейін көп ұзамай Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы қызметінен алынып, жұмыссыз қалды. Сол кезден бастап Заманбек Нұрқаділов Қазақстанның ресми билігіне қарсы бірнеше дүркін сындарлы мәлімдемелер жасап, коррупциямен күрес жөніндегі қоғамдық комитет құрды.

Ал осыдан бір ай бұрын, 2005 жылғы наурыз айында, Қазақстандағы оппозициялық күштер бірігіп, жаңадан құрған «Әділетті Қазақстан» қоғамдық қозғалысына Заманбек Нұрқаділов те мүше болып енді. Алматы қаласындағы Медеу аудандық сотының Нұрқаділовты қамауға алу туралы бейсенбі күнгі қаулысына байланысты «Әділетті Қазақстан» қозғалысының төралқа мүшесі, экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлы Азаттық радиосына былай деді:

- Егер де билік өзінің саяси оппоненттерінің бәрін де түрмеге жаба берсе, бұл елді егестіріп, биліктің тағының шайқалуына алып келуі әбден мүмкін. Екіншіден, бұндай жағдай Қазақстанның халқаралық деңгейдегі абырой-беделіне де жақсылық әкелмейді.

Сәуірдің 28-і күні «Әділетті Қазақстан» қоғамдық қозғалысы Заманбек Нұрқаділовке қатысты сот қаулысын биліктің саяси қарсыластарына қарсы жасап жатқан әрекет ретінде бағалап, өз алаңдаушылықтарын білдірген мәлімдеме таратты.
XS
SM
MD
LG