Accessibility links

Астанада жас сәулетшілердің үздік жобаларының көрмесі ашылды

  • Айнагүл САҒДИ

Астанадағы Еуразия университетінде жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасына орай «Жас отбасының үйі» атты республикалық байқауға қатысушы жас сәулетшілердің үздік жобаларының көрмесі ашылды. Көрмеге жастарға арналған арзан бағалы әр түрлі тұрғын үйлердің жобасы қойылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жоба бойынша салынатын үйлерге жастар, әсіресе, жас отбасылар оңай қол жеткізе алады. Алайда, жастар жағы мұның өзіне материалдық жағдайдың сай келе бермейтіндігін алға тартуда. Олар мұны ауқаттылардың балалары үшін салынатын дүние деп есептейді.

«Жас отбасының үйі» атты республикалық байқау 2004 жылдың қазан айында басталған болатын. Байқау барысында сәулет-құрылыс саласы мамандарының сараптауынан өткен 56 жобаның 35-і үздік деп танылды. Байқау қорытындысы бойынша Гран-при иегері мен 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі диплом иегерлері ақшалай сыйлыққа ие болса, 5 талапкер сәулетші 2005 жылдың шілде айында Түркияның Стамбул қаласында өтетін 22-ші Халықаралық архитекторлар одағы конгрессіне жолдама алды.

Жолдамалардың біріне ие болған жас сәулетші Танаш Сейітов 2 тұрғын үйдің жобасын ұсынған екен. Ол өзі ұсынған жобаның көлемі шағын болғандықтан арзанға түсетіндігін айтады.

- Менің ұсынған үйлерімнің бағасы қазіргі жастардың алып жатқан жалақыларына сай. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі - Алматының сейсмикалық жағдайына қолайлы.

Қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетші Ақмырза Рүстембеков ұсынылған жобалардың жастар үшін тиімділігі зор дейді. Ол бұл жобаларды «Мемлекеттік тұрғын үй» бағдарламасына енгізу керек деген пікірде:

- Біздің ойымыз жеңімпаздардың идеясын сақтап қалып, соны іске асыру. Жай ғана конкурс үшін емес, студенттердің құрылыс отрядтары бар, сол арқылы және басқа да мүмкіндіктер арқылы жүзеге асырсақ. Ең бастысы, жобалар дайын. Соны «Мемлекеттік тұрғын үй» бағдарламасына енгізуіміз керек.

Алайда, жастардың дені бұл ойдың жүзеге асатындығына сенімсіздік танытып отыр. Өзін Жасұлан деп таныстырған Еуразия университетінің 3-ші курс студенті бұл байлардың балалар үшін салынатын дүние деген пікірде:

- Бұл 5 жылдан кейін бе, 10 жылдан кейін салына ма, мемлекет өзі біледі. Бірақ, бұл болмайтын секілді. Үйдің бағасы арзандауы мүмкін, бірақ, жас семьялар оған қол жеткізе алмайды. Оны билік басында отырғандардың туыстары мен балаларына бөліп қойған.

Ал 27 жастағы Айгүл Сманованың тұрмыс құрғанына үш жыл болыпты. Бүгінде Астана қаласында пәтер жалдап тұратын ол тұрғын үйді сатып алмақ түгілі ипотекалық несиеге алудың өзіне мүмкіншілік жоқ дегенді айтады.

- Пәтер жалдап тұрудың қиындығын басына түскен адам біледі. Өзіміз де жалдап тұрып жатырмыз. Ипотекалық несие алмақ болып едік, ешқай жер алмады, бізге еш көмек жоқ.

Астанадағы политехникалық коледждің студенті Руслан көрмеге қойылған жобалардың өзіне ұнайтындығын айтады. Ол мұндай үйлерге қол жеткізуге болады деп есептейді.

- Маған ұнады, осындай үйлерден алуға болады, - деді Руслан.

Жас архитекторлардың «Жас отбасының үйі» атты байқауы Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар байқауды бұдан былай жыл сайын өткізіп тұрмақ.
XS
SM
MD
LG