Accessibility links

Қазақстанда үкіметті сынайтын кейбір сайттар ашылмайды

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Қазақстандық интернет пайдаланушылар оппозициялық бағыттағы кейбір сайттарға жергілікті провайдер компаниялар тарапынан тосқауыл қойылатыны немесе олардың интернеттегі жұмысын баяулату секілді әрекеттер жасалатыны туралы айтады.

Қазақстандық “Навигатор” интернет басылымында ай сайын Интернеттегі тосқауыл-бөгеттерді анықтау мақсатында тұрақты түрде жүргізілетін бақылау тәжірибелердің нәтижесі жарияланып тұрады. Интернет-газеттің бас редакторы Юрий Мизинов өздері жүргізіп отырған бақылаулардың соңғы нәтижелеріне сәйкес, үкіметті сынайтын кейбір сайт беттеріне бөгет барын байқағандарын айтады.

- Интернетке “Қазақтелеком” арқылы қосылғанда, “Евразия” ақпаратты-талдамалық орталығының сайты ашылмайды, оны тек прокси-сервер арқылы ашуға болады, ал “Тәуелсіз Азия” деп аталатын тағы бір оппозициялық сайт “Қазақтелеком” каналында прокси-сервердің көмегімен де ашылмай тұр. Ара-тұра “КУБ” деп аталатын Қазақстандық оппозициялық сайт та “Қазақтелеком” арқылы құлыптанып тұрады.

“Интернеттің Қазақстандық Федерациясының” президенті Александр Колосов, интернеттегі сайттарды құлыптау, оның жұмысын баяулату секілді әрекеттердің техникалық жағынан қалай жүзеге асатындығы жөнінде былай дейді:

- Провайдер компания өзінің жабдықтарына “фильтр” деп аталатын құралды қояды. Бұл фильтрлер интернетті пайдаланушының сұраған сайттарының бәрін сүзгіден өткізіп отырады. Егер сұралған сайт оның “қара тізімінде” тұрса, онда әлгі пайдаланушының сұрауын автоматты түрде аталған сайтқа жібермей қояды, осылайша тұтынушы өзі сұрау салған сайттан жауап ала алмайды.

Бұдан бөлек, сайттың жұмысын немесе оның интернеттегі өту жылдамдығын баяулататын арнаулы бағдарламалар қойылады. Соның нәтижесінде, тұтынушының қалаған сайты өте баяу ашылады немесе толық жүктелмей, жарты жолда тұрып қалады.

Қазақстандағы телекоммуникациялық қызмет көрсету саласында монополияға ие “Қазақтелеком” мемлекеттік операторы кейбір интернет сайттарын құлыптау немесе оның жұмысын баяулату оқиғаларын толығымен жоққа шығарады. “Навигатор” интернет газетінің бас редакторы Юрий Мизинов қазақстандық интернетте орын алған осындай келеңсіздіктерге байланысты “Қазақтелекомға” бірнеше рет хат жазғанымен, одан ешқандай жауап болмағанын айтады.

- Кезінде біздің сайтты да құлыптағанда, біз “Қазақтелеком” басшылығына хат жазғанбыз, мен өзім бірнеше рет олардың бас кеңсесіне де бардым, бірақ, мені ешкім қабылдамады.

Осы айтылған жайттарды іс жүзінде байқамақ болып, Азаттық радиосының тілшісі Алматыдағы интернет-кафелердің бірінен әлгінде аталған “Евразия” ақпараттық-талдау орталығының сайтына кіруге талпынғанымен, ол сайт ашылмады. Интернет-кафе интернетке “Нұрсат” провайдер-компаниясы арқылы шығатындықтан, Азаттық тілшісі аталған компанияның техникалық қызмет бөліміне хабарласқан еді. Тілшінің қойған сауалына өз аты-жөнін айтпаған компания қызметкері келесідей түсініктеме берді:

- Бұл сайт “Қазақтелеком” тарапынан құлыптанған. Оны тек прокси-серверлер арқылы ашуға болады.

Интернеттегі сайттардың құлыптануына байланысты сұрақтармен “Қазақтелеком” компаниясына хабарласқанда мынадай жауап берілді:

- “Қазақтелекомның” ешқандай сайтты құлыптауына құқы жоқ. Ондай сөзді қайдан шығарып алғансыз?!

Интернетке “Қазақтелеком” арқылы қосылатын Алматыдағы интернет-кафелердің бірінде Азаттық тілшісі жолықтырған жас студенттер, оппозициялық бағыттағы кейбір қазақстандық интернет басылымдардың сайттары баяу істейтінін, ал кейде мүлдем жабық болатынын айтады.

- Сайттарды ашсаң, өте баяу істейді. Көп жағдайда осы мәселе қынжылыс тудырады. Тіпті, осыдан кейін көңіліміз де қалып қалады.

- Мұндағы кейбір компьютерлерде неге екені белгісіз, кейбір сайттар өте баяу ашылады.

Интернет саласының маманы Александр Колосов техникалық тұрғыдан алғанда, кез-келген провайдердің осындай заңсыз әрекеттерін дәлелдеуге болады дейді.

- Провайдердің сайттарды құлыптайтындығын дәлелдеу қиын емес. Бұл үшін арнайы комиссия құрып, соның көзінше “Ping” деп аталатын арнаулы бағдарламаны іске қосса жетіп жатыр. Алайда, айдан анық нәрсені де жоққа шығаруға болады емес пе, ол үшін сіздің қолыңызда заң мен билік күші болса жеткілікті. Сондықтан, “Қазақтелекомның” мұндай істерін дәлеледеу заң тұрғысынан алғанда қиынға түседі.

Қазақстандық “Навигатор” интернет басылымының бас редакторы Юрий Мизинов қазіргі кезде оппозициялық бағыттағы интернет беттері мен басылымдарын құлыптаудың тағы бір тәсілі қолданыла бастағанын айтады.

- Ірі компанияларда жергілікті жүйелер бар, сол арқылы олар компанияның өз ішінде интернет сайттарын құлыптай алады. Біз мұны еш дәлелдей алмаймыз. Өйткені, олар мұны қызметкерлерінің жұмыс уақытында интернетті өзге мақсатқа пайдаланудың алдын алу үшін жасадық деп ақталуы мүмкін.

Әзірге оппозициялық бағыттағы Қазақстандық “КУБ” сайты құлыптанбай жұмыс істеп тұр. “КУБ” сайтының мамандары мұны, өздерінің интернеттегі IP-адрестерін ауыстыру арқылы мүмкін болып тұрған уақытша шара екендігін айтады.
XS
SM
MD
LG