Accessibility links

Қазақстанда «Нағыз Ақ Жол» партиясы құрылды

  • Досан БАЙМОЛДА

Көкектің 29-ы күні Алматыда бұрынғы «Ақ Жол» демократиялық партиясынан бөлінген «Нағыз Ақ Жол» демократиялық партиясының құрылтай жиыны өтті.

Жұма күні түстен кейін Алматыдағы «Искра» кинотеатрында өткен Қазақстанның «Нағыз Ақ Жол» демократиялық партиясының құрылтай сьезіне Қазақстанның барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан келген 156 делегат қатысты. Жиын басында құрылтай жұмысын басқаруды Алтынбек Сәрсенбайұлы, Ораз Жандосов, Болат Әбілов, Төлеген Жүкеев бастаған 7 адамға тапсыру туралы ұсыныс жасалды.

Құрылтайды ашып сөз сөйлеген «Ақ Жол» демократиялық партиясының бұрынғы тең төрағасы, жаңа партияны құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшесі А.Сәрсенбайұлы Қазақстан үшін аса жауапты кезеңде бастамашы топ осындай жаңа партия құру ұсынысымен шыққандығын, ал Қазақстанның барлық облыс, қаларында жаңа партияны қолдаушы, жанашырлар тарапынан үлкен қолдауға ие болғандығын жеткізді.

Құрылтайда Қазақстанның «Нағыз Ақ Жол» демократиялық партиясын құру жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің баяндамасын Төлеген Жүкеев жасады. Баяндамада, бүгінгі күні Қазақстанды билеп отырған режим тек жоғары лауазымды шенеуніктердің аз ғана тобы мен соларға жақын бизнес топтардың мүддесін көздейтін саясат жүрзіп отырғандығын атай келе, 2004 жылы билік Қазақстан тарихында бұрын соңды болмаған аса лас, әділетсіз парламент сайлауын өткізгенін айтты. Баяндамада, сондай-ақ, жаңа саяси партияның Қазақстанның демократиялық күштерімен бірлесіп жұмыс істейтіндігі айтылды.

Құрылтай жұмысына қатысқан Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы төрағасы, «Әділетті Қазақстан» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Жармақан Тұяқбай жаңа саяси партияның елде демократияның түбегейлі орнауына күш салып, әділетті қоғам үшін күреседі деген сенімін білдірді.

Құрылтай делегаттары «Нағыз Ақ жол» партиясының орталық кеңесінің құрамына 52 адамды, ал партияны басқаратын тең төрағалары қызметіне Алтынбек Сәрсенбайұлы, Ораз Жандосов, Болат Әбілов және Төлеген Жүкеевті сайлады.
XS
SM
MD
LG