Accessibility links

Қазақстан шенеуніктері журналисті сотқа беріп әдеттенген


Көкектің 29 күні Қазақстан парламентінің кейбір мүшелері республикада бар сөз бостандығын одан әрі дамыту үшін, мемлекет шенеуніктері мен республиканың лауазымды тұлғаларын төзімділікке шақырды. Сол кезде, сот алдында жауап беретін журналист саны, жабылатын газеттер қатары азаяды дейді депутаттар.

Көкектің 29 күні қазақстандық және ресейлік саясаткерлер, журналистер, заңгерлер бірігіп, «Қазақстандағы сөз бостандығы: заң және тәжірибе» тақырыбында сөз қозғады. “Әділ сөз” қорының өкілі Ғалия Әженованың айтуынша, заң жүзінде Қазақстанда сөз бостандығы бар, бірақ, тәжірибеге келгенде, бұл салада шешімін таппаған мәселе көп дейді маман.

- Біздің заңдарымызды дұрыстап орындаса, біздің заңдардан керемет тәжірибе жинауға болады. Өкінішке қарай, біздің тәжірибеміз жақсы емес, себебі, ар-намысты айтып, газеттерден миллиондаған ақша талап етудің өзі көп жайтты байқатады. Мұны көріп отырған халық не ойлайды? Олар қандай шараға барады? Бұл сұрақтарға жауап іздеудің қажеті жоқ.

Қазақстанның заң шығарушы органының өкілі, мәжіліс депутаты Зейнулла Алшымбаев республикадағы сөз бостандығы деңгейіне риза екенін білдіреді:

- Біздің қоғамымызда сөз бостандығы бар, жоқ деп айтуға болмайды.

Оппозициялық басылымдарда жұмыс істейтін қазақстандық журналистердің бірі Шәріп Құрақбаев өзі жұмыс істейтін салада кездесетін әділетсіздіктен шаршағанын айтады:

- Бізде тек билік үшін ғана сөз бостандығы бар, олар ойына келгенін айтады, ойына келгенін жазады. Ал басқа адамдар, әсіресе, оппозиция солардың қателерін, кемшіліктерін көрсетсе, бірден сотқа тартып, айппұл төлетеді, соңынан жауып тастайды. Сөз бостандығы барлығына бірдей болу керек.

Шәріп Құрақбаевтың айтуынша, ресми Астана өзіне ұнамаған басылымды жауып тастауға тырысады. Мысал ретінде Шаріп Құрақбаев оппозициялық басылымдардың сот арқылы жауапқа жиі тартылатынын айтады:

- Біз 5 миллионды екі ауыз сөз үшін төлеуге мәжбүр болдық, әділдік қайда? Сөз бостандығы бар дегендер осы жайтты неге ескермейді? “Республика”, “Ассанди-таймс” газеттеріне 50 миллион салды, қазір “Республика” басылымынан триллион ақша сұрап жатыр. Осы сөз бостандығына жата ма?

Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметкерлер газеттермен соттаспас үшін, белгілі бір басылымдар қысым көрмес үшін, жауапты қызметте жүрген немесе лауазымды тұлғалар айтылар сынға шыдамды болуы тиіс деген ойын білдіреді парламент мүшесі Зейнулла Алшынбаев:

- Республикадағы саясаткерлер түрлі сынға төзімді болу керек. Осы тұрғыдан алғанда біздің батыстан үйренер затымыз көп.

Ал республикалық «Жас Алаш» газетін сотқа беріп, басылымды сотта жеңіп шыққан лауазымды тұлғалардың бірі – парламент мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов өтірікке шыдауға болмайды деп санайды:

- Не себептен мен шыдауым керек? Ол басылым мен туралы түрлі материал жасады, мен жауап мақала жазайын десем, маған мүмкіндік бермейді. Олай болмайды ғой енді. Заңда мұның барлығы көрсетілген, заңды орындау керек емес пе?

Ал қызмет бабында талай сот ісін қараған маман, Қазақстанның жоғарғы сотының төрешісі Амангелді Сәрсенбаевтың пікірінше, республикада сөз бостандығы ақсамас үшін, журналистер де, мемлекет шенеуніктері де өз міндеттерін білуі керек, заңды орындауы тиіс.

Алайда Қазақстан парламентінің мүшесі, сенатор Зауреш Батталова бұл оймен келіспейді. Сенатордың ойынша, республикада сөз бостандығы болуы үшін - заңдарды өзгерту керек.

- Қазақстанның күллі заңдарын зерттеп, оларға өзгеріс енгізу керек. Қазақстан азаматтары өздеріне керек ақпарат ала алатындай, өздері не айтқысы келсе, соны айтатындай жағдай жасауымыз керек. Ал журналистер осы жағдайды жасайтындай мүмкіндік алуы тиіс, - дейді сенатор Зәуреш Батталова.
XS
SM
MD
LG