Accessibility links

Баспасөзге шолу. 30 сәуір 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Бүгінгі басылымдар Алматы қаласының Медеу аудандық соты саясаткер Заманбек Нұрқаділовты тұтқындау туралы шешім шығарғанын хабарлапты.

“Жас Алаш” басылымының сенбі күнгі санында жарық көрген Шадияр Естемірұлының мақаласында Алматы қаласының Медеу аудандық соты саясаткер Заманбек Нұрқаділовты тұтқындау туралы шешім шығарғаны хабарланыпты. Былтыр Қазақстандағы тәуелсіз басылымдардың бірінде журналист Асхат Шәріпжановтың өлімі үшін мемлекет басшысын айыптаған мақала шығып, 2004 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Заманбек Нұрқаділовтың үстінен сотқа шағым жасаған.

Газет тілшісінің хабарлауынша, Нұрқаділов Медеу аудандық сотының төрағасына өзіне қарсы жүріп жатқан сот ісіне қатыспайтынын айтып, өтініш берген екен. Осы оқиғадан кейін судья көкектің 20-күні азамат Заманбек Нұрқаділовты сотқа мәжбүрлеп әкелу туралы шешім шығарып, оны орындауды Алматы қалалық ішкі істер басқармасына жүктеген көрінеді.

Автор өз мақаласында З.Нұрқаділовтың баспасөз мәслихатында айтылған сөздер бойынша істі қайта қарастырып, сарапшыларды, тіл мамандарын шақырып, қайта зерттеуді талап еткендігін де атап өтіпті. Сотта сол баспасөз мәслихаты түсірілген бейнетаспа “31-арнадан” алынғаны айтылады. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, сот төрешісі жауапқа тартылған З.Нұрқаділовтың адвокатына Нұрқаділов сотқа келмеген жағдайда оны қамауға алу туралы бұйрық болуы мүмкін екендігін хабарлаған.

Мақала авторының айтуынша, З.Нұрқаділов өз басы заңды сыйлайтынын, бірақ бәрі алдын-ала анықталып қойған сотқа келуден бас тартатынын судьяға өз адвокаты арқылы жазбаша түрде жеткізіпті. Газет тілшісінің хабарлауынша, содан кейін сөт төрешісі бұл сотқа келмеген азамат Заманбек Нұрқаділовты уақытша тергеу абақтысына қамауға алу туралы қаулы шығарған. Мақалада, сондай-ақ, соттың бұл қаулысы 10 күннен кейін күшіне енуі тиіс екендігі де баяндалыпты.

“Апта kz” басылымында Заманбек Нұрқаділовке қатысты сот шешіміне орай “Әділетті Қазақстан” қозғалысының мәлімдемесі жарық көріпті. Аталмыш қозғалыс бұл оқиғаны Қазақстан соты тарихындағы тағы бір масқара парақ деп есептейтінін білдіріпті. Олардың айтуынша бұл істің қазіргі президент оппоненттерінің бірін айыптау мақсатында арнайы тапсырыспен жасалып отырғандығына еш күмән жоқ.

Мәлімдемеде, сондай-ақ, бұл оқиға кез-келген тәсілмен билікті сақтап қалуға жанталасқан қазіргі басқарушы жүйедегі репрессия шынжырының бір үзігі ретінде бағаланыпты. “Әділетті Қазақстан” қозғалысы барша халықты демократиялық оппозицияны қуғындауға жол бермеуге, барлық саяси сипаттағы сот шешімдерінің күшін жоюға, Заманбек Нұрқаділовті нахақ жазалауды тоқтатуға үндепті.

“Еуразия” газетіне берген сұхбатында жазушы Дулат Исабеков Алтынбек Сәрсенбайұлымен қызметтес болғанын және З.Нұрқаділовты етене білетінін айта келіп, қазіргі бұлардың алған бетінде ашу-ызаның көп екендігін тілге тиек етіпті.

“Республика. Деловое обозрение” апталығында жарық көрген Алексей Андреевтің мақаласында қазіргі уақытта биліктің Нұрқаділовты сөйлетпеу үшін қатқыл қадамдардың қандайына барудан да тартынбайтындығы туралы жорамал жасалыныпты. Автор өз мақаласында саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың ресми биліктің оған қарсы істі ойдан шығарды деген сыңайдағы дәйектерін де мысалға келтіріпті. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, таяу уақытта саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің қолына темір кісен салынып, басқаларға сабақ болуы үшін бұл оқиғаның барлық телеарналардан көрсетілуі де ықтимал.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында саясаткер Заманбек Нұрқаділов құрған Қазақстандағы коррупцияға қарсы күрес жөніндегі халықаралық комиссияның мүшесі Лира Байсеитованың, Қазақстанның жоғары билігіндегі коррупцияға қатысы болуы ықтимал шенеуніктерге байланысты құжаттардың табыла бастағаны туралы жазған мақаласы және аталмыш құжаттардың көшірмесі жарық көріпті.

Мақалада Заманбек Нұрқаділов құрған Қазақстандағы коррупцияға қарсы күрес жөніндегі халықаралық комиссияның түрлі ресми мекемелерге, халықаралық ұйымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына сұрау салғаны және соның нәтижесінде Қазақстан Президенті әкімшілігінің басшысы болған және Ангияда елші қызметін атқарып тұрған кезеңдерде Нұртай Әбіқаевтың лауазымы жоғары шенеуніктер үшін шет елден жылжымайтын мүлік сатып алу үшін Швейцариядағы Юнион банкісінің қызметкері Роджер Раббатпен хат арқылы келіссөз жүргізгендігі туралы құжаттың табылғандығы хабарланыпты.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, осы құжаттарды тексеру барысында Қазақстандағы лауазымы жоғары шенеуніктердің шет елдердегі есеп-шоттарына миллиондаған доллар аударылып тұрған. Мақала авторының айтуынша, Қазақстандағы ірі олигархтар - Александр Машкеевич, Алиджан Ибрагимов және Патох Шадиев арам ақшаны заңдастырды деген күдікпен бельгиялық құқық қорғау орындарының назарына ілігіп отыр екен.
XS
SM
MD
LG