Accessibility links

Ирақта кепілдікке кісі алғандар Аустралияға талап қойып отыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ирақта аустралиялық бір адамды кепілдікте ұстап отырғандар Аустралия мен басқа да шетелдердің Ирақтан өз әскерлерін шығаруын талап етіп отыр. Аустралия үкіметі болса өз сыртқы саясатының қай бағытта дамуы керек екендігін "лаңкастердің шешуіне жол бермейтінін" мәлімдеді.

Аустралиялық тұтқын Дуглас Вуд бейнеленген таспаны араб тіліндегі сателиттік телеарна жексенбі күні көрсеткен болатын. Таспадағы өз сөзінде ол:

- Отбасы мүшелерім, достарым, өтінемін, Америка, Аустралия, Британия әскерлерінің бұл жерден шығарылып, Ирақтықтардың өз билігін өздеріне қалдыруға көмектесулеріңізді өтінемін. Ирақтықтар мықты. Олар өз көршілеріне қарсы тұрып, елін қорғай алады. Өтінемін, көмектесіңдер. Менің өлгім келмейді, - деді.

Екі минуттық бұл бейнетаспада Вуд мырза бетперде киген адамның кезенген мылтығының астында сөз сөйлеген. Ол Калифорнияның 63 жасар тұрғыны екен. Америкалыққа үйленген. Өткен жылы ол Ирақта келісім-шарт бойынша инженер ретінде жұмыс істеген екен.

Вуд мырзаны босату жолындағы келіссөздер үшін төтенше жасақ құратынын Аустралия өкіметі айтты. Вуд мырза аталған ел тарапынан кепілдікке алынған алғашқы тұтқын болып отыр. Дей тұрғанмен, Аустралия өкімет басшысы Жон Ховард Ирақтан әскерлерінің шығарылуы жөніндегі жоспардың жоқ екендігін айтты.

Елдің сыртқы саясатына байланысты мәселелерде лаңкестер бізге нұсқау бермесе керек деді ол. Вуд мырзаның қандай жағдайда тұтқынға түсіп қалғаны түсініксіз. Сондай-ақ, оны тұтқында ұстап отырғандардың әл-Қайда ұйымына қатысы бар, жоқтығы да белгісіз. Ирақтағы дипломаттар мен елді қайта құру ісіне көмектесіп жатқандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнда аустралиялық 880-дей сарбаз бұрыннан тұр.

Ирақтың оңтүстігінен Голландия күштері шығарылғаннан кейін мұндағы жапон инженерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сондай-ақ Ирақ әскерлерін жаттығудан өткізуге көмектесу үшін Аустралия елі қосымша 450-дей солдатын жіберетіндігі жөнінде ақпанның соңында айтқан болатын. Ресми Токио болса мұндай қадамды қызу қуаттаған еді. Осындай жағдайлардан кейін кепілдікке адам тұтқындаушылар Вуд мырзаның өміріне қатер төндіріп отыр.

Бір жыл ішінде Ирақта 200-дей шетелдік азамат кепілдікке алынған болатын. Олардың ішінде 30-ы өлтірілген еді. Өткен үш күн ішінде Ирақтағы көтерілісшілер шабуылы күшейе түскен тұста осы соңғы кепілдіктегі тұтқын тағдыры назарға ілікті. Осы үш күн ішінде Ирақта кем дегенде 110 адам қаза болған екен.
XS
SM
MD
LG