Accessibility links

Ауғанстанда парламент сайлауына кандидаттар тіркеліп жатыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Парламенттік сайлауларға үміткерлерді тіркеу сенбі күні Ауғанстанда басталып кетті. Бұл үдеріс мамырдың 19-ына дейін жалғасады. Қыркүйектің 18-іне белгіленген бұл сайлауға 5 мың мен 10 мың аралығында үміткерлер қатыспақшы.

Парламенттік сайлауларға үміткер ретінде қатысқысы келетін ерлер мен әйелдердің алдағы үш апта ішінде тіркеуден өтуін сайлау комиссиясы өкілдері сұрап отыр. Соңғы тізім нұсқасы 12-ші шілдеде жарияланбақшы.

Жасы 25-те немесе одан асқан және 300-ден аса жақтаушыларының қолын жинаған Ауған азаматы Парламенттің Төменгі шатыры, Волеси Жырғаға сайлауларға үміткер ретінде тіркеле алады. Ал, аймақтық кеңестер сайлауына қатысатындар 18 жасқа толған және 200-дей қолдаушыларының қолын жинаған болуы керек.

Үміткерлікке тіркелетіндер ешқандай қарулы топтар мен басқа да әскери ұйымдарға қатысы болмауы тиіс. Сондай-ақ қылмыстық іске қатысы бар деп, ресми түрде айыпталған азаматтар да мұндай мүмкіндікке жете алмайды. Біріккен сайлау басқармасы ұйымының баспасөзбен байланыс бойынша өкілі Бронуин Карран тіркелу барысы туралы былай деген болатын:

“Ауғанстанның 34 аймағына шашырай түскен кеңселерден келіп жатқан хабарларға қарағанда, жүздеген азаматтар үміткерлікке тіркелуге ұмтылуда. Үміткерлердің толтыруына арналған қағаздар топтамасын өздерімен алып кетіп толтырып, олар сайлау комиссияларына қайтып әкеліп тапсырып жатыр”.

Қазірдің өзінде Парламенттік сайлаулар үшін 65 адам, оның 15-і әйелдер, үміткер ретінде тіркелген екен. Волеси Жырғадағы 249 орынның 70-і әйел үміткерлерге бөлінбекші. БҰҰ және Ауғанстанның Әйелдер ісі бойынша министрлігі әйел үміткерлерге қолдау көрсету жөнінде саяси партияларға үндеу тастады.

Парламенттің төменгі палатасына сайлаулар елбасылық сайлаулармен қатар өткен болатын. Алайда, Парламенттік сайлаулар қауіпсіздік мәселелері және техникалық себептерге байланысты бірнеше рет кері шегерілген еді. Ауғанстандағы алғашқы елбасылық сайлаулар Талибан жасақтарының қоқан-лоққысына қарамастан, табысты түрде, былтырғы жылдың қазан айында өткен болатын.

Қабыл, Херат және солтүстік аудандарда 8 мыңнан аса НАТО-ның басқаруындағы күштер тұр. Қыркүйек сайлауларының қарсаңында НАТО өз жасақ санын одан әрі арттырмақшы. Сондай-ақ, сайлаушылардың сайлау науқаны жөніндегі біліктілігін арттыру мақсатындағы науқан Ауған өкіметі және өкіметтік емес ұйымдар тарапынан елдің әртүрлі аймақтарында басталып кетті. Сарапшылардың пікірінше Парламенттік сайлаулардың да, жергілікті кеңестер сайлауының да қауіпсіздігін қамтамасыз ету-аса қиынға түсетін түрі бар. Себебі, жергілікті жерлердегі қарулы топ басшылары халықтың өздерін қоштап дауыс берулеріне мәжбүрлейтін сияқты.

Ал, қазан айындағы елбасылық сайлаулар барысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету анағұрлым жеңіл болған еді, дейді сарапшылар. Жетпіске жуық саяси партиялар бұл науқанда үміткер ретінде тіркеліп отыр. Ол партиялардың кейбіріне бұрынғы Совет, Талибан күштеріне қарсы шайқасқан мұджахеттер басшылық жасауда. Біріккен сайлау басқармасы ұйымы алдағы сайлауларға қолдау көрсету мағынасында шетелдерден 148 миллион доллар шамасындағы көмек сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG