Accessibility links

Астанада жеңіс мерекесіне арналған көрме ашылды

  • Айнагүл САҒДИ

Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты ІІ дүниежүзілік соғыстағы совет әскері жеңісінің 60 жылдығына арнап «...бар ниетіміз сіздерге, майданға көмек үшін» атты көрме дайындады.

Көрмеге Ақмолада соғыс жылдарында жүргізілген әскери-даярлық және қорғаныс жұмыстары, ақмолалықтардың майданға қосқан көмегі жөнінде мұрағат құжаттары қойылған. Майданға аттанған 10 мыңға жуық ақмолалықтардың тек 2 мыңнан астамы ғана қайтып оралыпты. Сондай-ақ, майдан даласына аттанған азаматтардың отбасына көмек көрсету жөніндегі құжаттарының көшірмесі де сақталған.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан сыр шертетін көрмеге мемлекеттік мұрағат қоры құжаттарының түпнұсқалары мен көшірмелері қойылған. Ондағы мәліметтер соғыс жылдарында Ақмоланың экономикалық мүмкіндігінің өскендігін, өндірістік кәсіпорындар санының екі жарым есеге жоғарылағанын көрсетеді дейді жоғары санатты мұрағатшы Сұлушаш Сартайқызы.

- Деректерге сүйенсек, 1944 жылы өнеркәсіптердің саны 16-ға жеткен екен. Тарихтан белгілі - Ақмола облысы 1939 жылы құрылған. Сол кезде Ақмола облысының орталығында 6 кәсіпорын жұмыс істепті. Оның үшеуі республикалық деңгейдегі, үшеуі ұсақ кооперативтік өндірістік деңгейдегі кәсіпорын болған.

Соғыстың алғашқы жылында Ақмола облысына 30 мыңға жуық адам қоныс аударған. Халық санының өсуі әсіресе, медицина қызметінің жұмысына да өзгерістер әкелген. Көрмедегі мұрағат құжаттарына қарағанда, сол жылдары жаңадан емдеу мекемелері, екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектеріне арналған емхана және екі эвакуациялық госпиталь орналасқан. Мұрағат қызметкері Құралай Тұяққызының айтуынша, жер аударылғандарға көрсетілген көмек, оларға мал мен жәрдемақы беру жөніндегі тізім де табылып, көрмеге қойылған.

- Бізге шешен және иңғұштар, немістер жер аударылып келді. Жергілікті адамдар, өз жағдайларының нашарлығына қарамастан, оларды өз үйлеріне кіргізіп, бір бұрыш болса да тауып берген.

Сонымен қоса, мұрағат құжаттарының арасында майданға аттанған азаматтардың отбасыларын көмек көрсету жөніндегі құжаттар да сақталған дейді мұрағатшы Сұлушаш Сартайқызы:

- Құжаттарға сүйенсек, әскери қызметші Әбіловтың Ақмола қалалық комитетінің отбасына көмек көрсетуін өтінген хаты берілген. Бұл хат 1945 жылдың 14-ші қаңтарында жазылыпты. Және бұл кісінің хатына жауап берген орталық атқару комитетінің жауабы да бар.

Соғыс жылдарында қалада 310, 387, 29-атқыштар және 106-атты әскер дивизиялары жасақталған. Содан 9873 ақмолалық майданға аттанған екен. Бүгінде 81 жасқа келген соғыс ардагері Қамилаш Қабышұлы Ақмоланың педагогикалық училищесінен әскерге алынып, ұрысқа 1944 жылы араласыпты.

- Бір полктың батальонында біз соғысқа сержанттар дайындап тұрдық. Соған мені взвод командирінің көмекшісі етіп тағайындады.

Соғысқа аттанған 10 мыңға жуық ақмолалықтардың 7 мың 400-і майдан даласынан оралмаған. Көрмеге 1941-1945 жылдар аралығын қамтитын құнды деректер қойылған. Онда 1945 жылдың маусым айындағы газеттерде жарияланған герман қарулы күштерінің берілгендігі жөніндегі акт, ССРО Жоғары Кеңесінің «9 мамырды Жеңіс күні деп жариялау» туралы Қаулысы көрсетілген.
XS
SM
MD
LG