Accessibility links

Астана маңында 25 мың гектарға ағаш отырғызылды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Мамырдың 3-і күні Астананың жасыл белдеуін құру жобасының алғашқы кезеңі аяқталды. Бұл кезеңде елорданы айналдыра 25 мың гектар жерге жасыл желек отырғызылды. Жобаның басты маңызы - Астана маңын орманды алқапқа айналдыру.

1998 жылы Астана маңын жасыл желекке бөлеу жөнінде бастама көтерілген кезде, бірқатар ғалымдар мұнда көп ағаштарды өсіруге болмайды деген ой айтқан еді. Көкшетау орман шаруашылығы институты мамандарының зерттеуінше Астана маңындағы топырақ қабатының 30 пайызы ғана шұрайлы да, тағы 30 пайызы сортаңды болып келеді.

Орманшы Жақсылық Құрманғалиевтің айтуынша, алғашқы жылдары отырғызылған көшеттердің 25 пайызына жуығы бас алмаған. Оны жиі-жиі қайта отырғызуға тура келген көрінеді.

«Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бөлім бастығы Ғабит Оразбековтың айтуынша, осы кезеңде қала маңына 28 түрлі 25 мың дана тал-терек отырғызылыпты. Бұл ауқымды жұмыстарды атқаруға жазғы маусымда қала ішіндегі мекемелердің қызметкерлері де жұмылдырылып келген. Қала қонағы Бақтияр Сәрсенбаев осыдан жеті жыл бұрын Целиноград қаласында болғанында өзі көрген сол кездегі көріксіз көріністердің орнын жаңарған қала, жасарған жас талдар басты дейді.

Асылбек есімді қала мейманы да бұрынғы Целиноградта 1993 жылы болғанын, бірақ одан бері өзгерісті байқағанын айтып, қазіргі қаланың жасыл желекке бөленгеніне қызығушылық білдіреді. Орманды қорғау инженері Қыдырбай Бисеновтың айтуынша, Астананы қарлы боран мен қар көшкіндерінен қорғайтын орман алқабында өрт жиі кездеседі екен.

- Оған осы орманға барып, демалатын жастар қиянат келтіреді, - дейді орман қорғаушы маман.

Сондықтан, орманшы мамандар Астанаға жақын ауылдарға барып, түсінік жұмыстарын жүргізіп, орман алқаптарына өрт сөндіру қызметін жасақтады. «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорны баспасөз қызметінің хабарлауынша, мекеме алдағы уақытта «Қазақстан орманы» атты ауқымды бағдарламаны бастағалы отыр.

Ол бойынша Астанадан шығатын барлық автокөлік жолдары бойына қаз-қатар ағаш отырғызылып, республика аймақтарына Қазақстанға жерсіндірілген жас шыбықтарды өткізетін болады.
XS
SM
MD
LG